Денсаулық

Зектілері

"10 химия алдық": өмірі үшін күресіп жатқан 3 жасар қызылордалық сәбиге шұғыл көмек керек

Жарияланған күні:

Сағи Бауыржанұлы анасымен бірге
Сағи Бауыржанұлы анасымен бірге. Фото: жеке мұрағат

3 жасар қызылордалық Сағи Бауыржанұлына мидың қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Ол осы уақытқа дейін 10 химия алып, бірнеше күрделі отаны басынан өткерген. Өмірге келгелі түрлі ауыр диагнозбен күресіп келе жатқан балақайдың анасы кенжесінің сауығып кеткенін көрсем деп армандайды. Көпбалалы ана бұл үшін қомақты қаражат керек екенін жеткізді.

Қызылорда облысы Шиелі ауданы Балаби ауылынының тұрғыны Жеткербаева Айжан - 4 баланың анасы. Тұңғышы - 9 жаста болса, ең кенжесі Сағи бірер айдан соң небәрі үшке толады. Редакциямызға хабарласып, көмек сұраған көпбалалы ана үш жыл кенже баласының өмірі үшін күресіп келе жатқанын жеткізді.

"4 баланың анасымын. Жұмыс істемеймін. Жолдасым темір жолда істейді. Сағиді 2022 жылы 4 сәуір күні өмірге әкелдім. Жүктіліктің 39 аптасында босандым. Жүктілік кезінде ешқандай ауырсыну, өзгеріс болмады. Бәрі қалыпты жағдайда өтті. Салмағы 4 кг болып дүниеге келді. Босанған соң Сағиға жүрек ақауы деген диагноз қойылды", - деп баяндайды Айжан.

Сағи мен анасының өмір үшін күресі де осы уақыттан басталған. Араға алты ай салып, Сағиға жоспарлы түрде Астана қаласында ота жасалып, жүрегіне ДМЖП арқылы окклюдер қойылған. Бірақ Сағидің жағдайы жақсара қойған жоқ. 2 айдан соң ана баланың қолындағы діріл басылмағанын байқаған. Невропатолог дәрігерге жүгініп, оның кеңесі бойынша КТГ аппаратына түсірген.

"Қорытындысы бойынша басында су мен ісік бар деді. Ары қарай МРТ апаратына түсірдік. Оның қорытындысы бойынша да су мен ісік бар. Жедел түрде басына операция жасалды. Қызылорда қаласында басына шунт қойылды. Былтыр, 19 қаңтарда жоспарлы түрде басындағы мидың қатерлі ісігіне операция жасалды", - дейді Айжан.

Сағи сол уақыттан бері 10 химия алған. Қазіргі таңда бүлдіршін 11-химияны алып жатыр. Оған қоса баланың басында гематома пайда болған. "Жығылғанға жұдырық" демекші, соңғы МРТ қорытындысы да дұрыс шықпаған, дейді ана.

"Алған еміміз көмектеспей жатыр. Сол себепті құжаттарымызды Түркияға, сондағы клиникалардың біріне жібердік. Олар көмектесеміз деп уәде беріп отыр. Бар арман - осы баламызды аяқтан тұрғызу. Туғалы қиындықтан көз ашпаған балапанымызға шұғыл көмек керек болып тұр. Қолымызда тек 6 миллион теңгеміз ғана бар. Тез арада тағы 32 миллион теңге қажет", - дейді Сағидың анасы.

Бар үмітіміз Түркиядағы мамандарда деген отбасы ет бауыры баласының өмірін сақтап қалу үшін халықтан көмек сұрайды.

Реквизиттері:

Kaspi

карта нөмірі – 4400430354632991

Есімі: AYZHAN ZHETKERBAYEVA

Kaspi Bank-ке тіркелген нөмірі:

+77054319580

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2218629-10-himiia-aldyq-omiri-ushin-kuresip-zhatqan-3-zhasar-qyzylordalyq-sabige-shugyl-komek-kerek/