Денсаулық

Зектілері

Қостанайда 7 жасар қыздың өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды

Жарияланған күні:

7 жасар Раяна
7 жасар Раяна. Кадр: "Астана" арнасы

Қостанайдағы Қобжановтар отбасы ауыр қайғыға душар болып, қызынан айырылып қалды. Олар бұған дәрігерлердің салғырттығы себеп дейді әрі тиісті мекемелерге арыз жазған. Полиция сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

28 ақпанда 7 жасар Раяна жөтеле бастаған соң анасы дереу учаскелік дәрігерге апарып қаратқан. Қаладағы нөмірі үшінші емхана мамандары антибиотик жазып беріп, жазылып кетеді деп жібере салыпты. Бірақ бүлдіршіннің дерті өршіп, қызуы көпке дейін түспей қойған көрінеді. Тек наурыз айының ортасында облыстық балалар ауруханасына жатқызылады. Көп ұзамай екінші сынып оқушысы көз жұмған.

"Осы іспен тиісті мекемелер айналыссын, тиісті сараптамалар тағайындалсын. 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Ал жай ғана суық тиген баланы өлім аузынан құтқара алмау деген масқара ғой. Сондықтан жауаптылар жазасын алсын", - дейді Рүстем Қобжанов.

Емхана басшылығы ештеңе айтпайтындарын алға тартты. Учаскелік дәрігер орнында жоқ болып шықты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.

"Денсаулық сақтау басқармасы баланың қайтыс болуына байланысты тергеу жүргізу үшін жұмыс тобы құрылғанын хабарлайды. Тергеу шеңберінде мән-жайларға жан-жақты талдау жүргізілетін болады. Сондай-ақ баланың туыстары емдеу мәселелері бойынша денсаулық сақтау басқармасына жүгінбегенін атап өтеміз", - деді Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілдері.

Раянаның ата-анасы медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті мен полицияға арыз жазған. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Қазіргі уақытта тиісті сараптама тағайындалды. Сонымен қатар облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінде тексеру тағайындалады. Осы факті бойынша процестік шешім сараптама мен тексеру нәтижелері бойынша қабылданатын болады", - дейді облыстық ПД баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.

Айдың- күннің аманында баласынан айрылып, аңырап қалған ата-ана жауапсыз дәрігерлерді жауапқа тартқызбай қоймаймыз деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2233899-qostanaida-7-zhasar-qyzdyng-olimine-bailanysty-sotqa-deiingi-tergeu-bastaldy/