Шымкентте 40-қа жуық адамды сарышаян шаққан
Жарияланған күні:
Читать на русском
Шымкентте 37 тұрғынды сарышаян шаққан. Олардың барлығы дер кезінде ем қабылдап үйіне шығарылған. Мамандар сарышаян шаққан жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспай, дереу дәрігерге қаралуға кеңес береді, деп хабарлайды Otyrar.kz арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Телеарнаның мәліметінше, сарышаян шаққан тұрғындардың бірі – 14 жастағы жасөспірім. Аяқ-қолы ұйып, тыныс алуы қиындаған баласын ата-анасы уақыт жоғалтпай өздері жақын маңдағы ауруханаға жеткізбек болған. Сол мезетте полиция қызметкерлері көмекке келіп, жеткіншекті тез арада ауруханаға жеткізуге қол ұшын созған.
Қазіргі таңда жасөспірімнің жағдайы жақсы.
"Ауруханаға 28 мамыр күні келіп түсті. Жағдайы орташа дәрежеде болды. Токсикология бөліміне жатқызылып, жағдайы жақсарған соң 30 мамыр күні үйіне шығарылды. Осы уақытқа дейін сарышаян шаққан 37 пациент стационарлық ем қабылдады. 102 науқас амбулаториялық емге жүгінді", - дейді Шымкент қалалық Т.Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.
Дәрігерлердің айтуынша, сарышаян шаққан кезде адам қатты ауырсынуды сезінеді.
Мұндай жағдайда ең алдымен адамды қауіпсіз жерге шығарып, тыныштандыру қажет. Шаққан жерді таза сумен жуып, салқын компресс басқан жөн. Ал удың ағзаға таралуын бәсеңдету үшін зақымданған қол немесе аяқты қозғалтпау ұсынылады. Сонымен қатар міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет. Әсіресе балалар, егде жастағы адамдар және созылмалы ауруы бар азаматтар үшін удың әсері ауыр болуы мүмкін.
"Сарышаян шаққан кезде адамда өте қатты ауырсыну белгілері пайда болады: бүкіл денесінің құрысуы, бас айналу, құсу, бас ауыруы. Үй жағдайында алғашқы көмек көрсеткенде ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектер қабылдаса болады", - дейді Мадина Ермаханбетова.
Мамандар сарышаяннан сақтану үшін тұрғындарға шөп-қамысы қалың жерлерде абай болуға, жабық аяқ киім киюге және далада қалған киім-кешек пен аяқ киімді кимес бұрын мұқият тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ үй маңын қоқыстан тазартып, жарықшақтар мен саңылауларды бітеп отыру да қауіптің алдын алуға көмектеседі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2383250-shymkentte-40-qa-zhuyq-adamdy-saryshaian-shaqqan/