jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Көзінің түсін өзгертемін деп көру қабілетінен айырыла жаздаған әйелге алматылық дәрігер көмектесті

    көз
    Көз. Көрнекі фото: pixabay.com

    Қазақстандық әйел көзінің түсін өзгерту үшін шетелге барған. Алайда операциядан кейін глаукома мен мөлдір қабықтың бұлдырлануы сияқты ауыр асқынуларға тап болған. Оған дер кезінде алматылық дәрігер көмектесті, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Министрліктің мәліметінше, асқынулардың салдарынан әйелдің көру қабілеті күрт нашарлап, бір көзі мүлдем көрмей қалған, ал екінші көзімен тек жарықты ажырата алған. Салдарынан оған I топ мүгедектігі белгіленген.

    Көмек іздеген әйел Қазақстандағы және шетелдегі бірнеше клиникаға жүгінгенімен, ешбір маман оның көру қабілетін қалпына келтіруге тәуекел етпеген.

    Күрделі жағдайды Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмолог дәрігері Гүлзат Әбдірайымова өз мойнына алған.

    "Гүлзат Әбдірайымованың күрделі операцияларды жасайтынын естіген соң, дәл осы дәрігерге жүгінуді жөн көрдім. Маған қайтадан жарық дүниені көруге мүмкіндік берген кәсіби біліктілігі үшін дәрігерлерімізге зор алғысымды білдіремін", - деді пациент.

    Дәрігерлердің айтуынша, жағдайды көздің ішкі қысымның өте жоғары болуы қиындата түскен. Операция барысында экспульсивті қан кету қаупі жоғары болған, бұл көру қабілетінің толықтай жоғалуына әкелуі мүмкін еді.

    Соған қарамастан мамандар жарықты сезу қабілеті сақталған көзді аман алып қалуға шешім қабылдаған. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған күрделі аралас операция барысында көздің ішкі қысымын төмендетуге бағытталған антиглаукомалық операция және мөлдір қабықты трансплантаттау жүргізілген.

    "Дәрігерлердің жоғары кәсіби біліктілігінің арқасында көздің ішкі қысымы төмендетіліп, операцияға дейін тек жарықты ажыратқан көздің көру қызметі қалпына келтірілді. Хирургиялық емнен кейін пациент қайтадан көре бастады. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында, оңалту курсынан өтіп жатыр", - делінген хабарламада.

    Дәрігерлер мөлдір қабықты трансплантаттау офтальмологиядағы ең күрделі операциялардың бірі екенін айтады. Жыл басынан бері мамандар 12 мөлдір қабықты трансплантаттау жасап, көптеген пациентке көру қабілетін сақтап қалуға және қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берген.

    Көзінің түсін өзгертемін деп көру қабілетінен айырыла жаздаған әйелге алматылық дәрігер көмектесті

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.