Жамбыл облысында жас спортшылардың жаппай улануына не себеп болғаны айтылды
Жарияланған күні:
Санитариялық дәрігерлер Жамбыл облысында жас спортшылардың жаппай улануына не себеп болғанын анықтады. Оқиға биыл қаңтарда тіркелген еді, деп хабарлайды Kazinform агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Санитариялық дәрігерлер жүргізген эпидемиологиялық тексеру қорытындысына сәйкес, Қызылорда облысынан Меркі ауданына оқу-жаттығу жиынына келген жас балуандардың жаппай улануына үй жағдайында дайындалған сүт пен айран себеп болған.
Санитариялық-эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде зардап шеккендерге стафилококкты энтерит диагнозы қойылған.
"Тексеру барысында Staphylococcus aureus бактериясының көзі үй жағдайында дайындалған сүт пен айранды жеткізушіден анықталған. Жалпы вирустан 21 адам, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 13 бала зардап шеккен.
Нысанды жоспардан тыс тексеру кезінде көптеген санитариялық талаптың бұзылғаны белгілі болды. Атап айтқанда, нысанның санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болмаған. Сондай-ақ қызметкерлер міндетті медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өтпеген", - делінген хабарламда.
Сонымен қатар азық-түлікті дайындау мен сақтау талаптары да өрескел бұзылғаны анықталған. Тоңазытқышта шикі етпен бірге піскен жылқы еті мен қазы сақталған. Қоймада ұн, көкөніс және өзге де азық-түлік еденде тұрған. Температуралық және ылғалдылық режимі арнайы өлшеу құралдарының жоқтығынан бақыланбаған.
Бұршақ, жасымық, макарон, дәмдеуіштер, сары май, шай және нан өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар ұсынылмаған. Сондай-ақ сиыр еті, сазан және көксеркеге қатысты ветеринариялық-санитариялық сараптама қорытындылары болмаған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, тексеру нәтижесінде нысанның қызметіне тыйым салынып, 10 қызметкер жұмыстан шеттетілген. Алайда шектеудің нақты мерзімі мен қандай қызмет түрінің тоқтатылғаны нақтыланбаған.
Бұдан бөлек, жедел ден қою шараларын орындамағаны үшін жеке кәсіпкерге 302 750 теңге айыппұл салынған. Ал Меркі аудандық соты санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін қосымша 484 400 теңге айыппұл салған.
Осылайша, салынған айыппұлдың жалпы көлемі 787 150 теңге болған.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтарда Қызылорда облысынан Жамбыл облысына күрес түрінен оқу-жаттығу жиынына келген 22 баланың ауруханаға жеткізілгені белгілі болған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2400230-zhambyl-oblysynda-zhas-sportshylardyng-zhappai-ulanuyna-ne-sebep-bolgany-aityldy/