Жұқпалы ауруларды заманауи диагностикалау және емдеу: неге вакцинация денсаулықты қорғаудың ең тиімді жолы болып қала береді
Жарияланған күні:

Жұқпалы аурулар адамзат тарихының барлық кезеңінде адамдардың денсаулығына елеулі қауіп төндіріп келеді. Заманауи медицинаның зор жетістіктеріне қарамастан, жыл сайын әлем бойынша миллиондаған адам вирустық, бактериялық, саңырауқұлақтық және паразиттік инфекцияларға шалдығады. Дегенмен, бүгін таңда, медицинада жұқпалы аурулардың басым бөлігін ерте диагностикалауға, тиімді емдеуге және ең бастысы – олардың алдын алуға мүмкіндік беретін заманауи әрі нәтижелі әдіс-тәсілдердің бар екенін Қарағанды медицина университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР ДСМ бас штаттан тыс инфекционист (ересек) Бақыт Нұрғалиқызы Көшерова атап өтті.
Қазақстан Республикасында адамның денсаулығы ең жоғары әлеуметтік құндылықтардың бірі ретінде танылады. Конституциялық реформадан кейін қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясында әрбір азаматтың денсаулығын сақтауға және заңмен кепілдік берілген медициналық көмек алуға құқығы бекітілген. Бұл қағидалар мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағыттылығын айқындап, халық денсаулығын сақтауға жағдай жасау, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, аурулардың алдын алу және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жөніндегі мемлекеттің жауапкершілігін көрсетеді.
Неліктен жұқпалы аурулар әлі де өзекті?
Қазіргі әлемде халықтың мобильділігі жоғары, халықаралық сапарлар жиілеп, мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстар нығайып келеді. Бұл жұқпалы аурулардың жылдам таралуына ықпал етеді. Сонымен қатар микроорганизмдер үнемі өзгеріске ұшырайды: жаңа вирустар пайда болады, ал кейбір бактериялар антибиотиктерге төзімділік қалыптастырады. Бұған COVID-19 пандемиясы айқын мысал болды. Ол жаңа инфекцияларды жедел анықтайтын, науқастарды тиімді емдейтін және профилактикалық шараларды ұйымдастыратын заманауи денсаулық сақтау жүйесінің маңыздылығын көрсетті.
Жұқпалы аурулар әсіресе балалар, қарт адамдар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар және иммунитеті төмен адамдар үшін аса қауіпті. Сондықтан медициналық көмекке дер кезінде жүгіну шешуші рөл атқарады.
Емдеудің заманауи мүмкіндіктері
Соңғы жылдары жұқпалы ауруларды емдеу мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді. Дәрігерлер қазіргі заманғы бактерияға қарсы, вирусқа қарсы, саңырауқұлаққа қарсы және паразитке қарсы препараттарды пайдаланып, көптеген инфекцияларды тиімді емдей алады. Сонымен қатар антибиотиктердің тек бактерияларға ғана әсер ететінін және вирустарға қарсы мүлдем тиімсіз екенін түсіну маңызды. Дәрігердің тағайындауынсыз антибиотиктерді өз бетінше қабылдау вирустық инфекция кезінде пайдасыз ғана емес, сонымен бірге денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті жаһандық мәселелердің бірі – антибиотиктерге төзімділіктің қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан жұқпалы ауруларды емдеу нақты диагноз қойылғаннан кейін тек медицина қызметкерінің бақылауымен жүргізілуі тиіс.
Аурудың алдын алу – емдеуден әлдеқайда тиімді
Ең заманауи дәрілік препараттардың өзі профилактиканы толық алмастыра алмайды. Аурудың алдын алған оны емдеуден әлдеқайда жеңіл.
Жұқпалы аурулардың негізгі алдын алу шаралары:
- жеке бас гигиенасын сақтау;
- қолды үнемі жуу;
- қауіпсіз ауыз суды және сапалы тағам өнімдерін пайдалану;
- санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау;
- аурудың алғашқы белгілері байқалғанда дәрігерге дер кезінде қаралу;
- медицина қызметкерлерінің ұсынымдарын орындау;
- вакцинация.
Вакцинация – денсаулықты қорғаудың сенімді жолы
Вакцинация Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі экономикалық тұрғыдан тиімді әдістерінің бірі ретінде танылған. Жаппай иммундаудың арқасында табиғи шешек толық жойылды, әлемнің көптеген елдерінде полиомиелит іс жүзінде жойылды, сондай-ақ дифтерия, көкжөтел, қызамық, сіреспе, В вирустық гепатиті және басқа да қауіпті инфекциялармен сырқаттанушылық айтарлықтай төмендеді.
Вакциналардың әсер ету қағидаты – аурудың өзін туындатпай-ақ иммунитет қалыптастыру. Вакцина енгізілгеннен кейін ағза қорғаныш антиденелері мен иммунологиялық жады жасушаларын түзеді. Кейін адам нақты қоздырғышпен кездескен кезде иммундық жүйе инфекцияны тез танып, ауыр аурудың дамуына жол бермейді немесе оның ағымын едәуір жеңілдетеді.
Қазақстандағы вакцинацияны мемлекеттік қолдау
Қазақстан Республикасында профилактикалық егулер Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Мемлекет халықты қатаң сапа бақылауынан өткен және халықаралық талаптарға сәйкес келетін қауіпсіз әрі тиімді вакциналармен қамтамасыз етеді.
Вакцинацияның қолжетімділігі – азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқығын іске асырудың маңызды тетіктерінің бірі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында профилактикалық егулер жыл сайын мыңдаған ауыр жұқпалы аурулар мен олардың асқынуларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Әр адамның жауапкершілігі – ел денсаулығының кепілі
Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір азаматтың денсаулығын сақтауға және медициналық көмек алуға құқығына кепілдік береді. Бұл құқықты толық жүзеге асыру қоғамның аурулардың алдын алуға белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Сондықтан вакцинация, салауатты өмір салты, медициналық сауаттылық және заманауи ғылым жетістіктеріне деген сенім – ұлт денсаулығын сақтаудың маңызды құрамдас бөліктері.
*Назар аударыңыз! Бұл материал тек ақпараттық сипатқа ие. Вакцинация алдында дәрігерден кеңес алу ұсынылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
