jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Қазақстанда коронавирустың белгілеріне ұқсас тұмау тарады: министрлік не дейді

    Бетперде таққан оқушы
    Бетперде таққан оқушы. Көрнекі сурет: NUR.KZ / Владимир Третьяков

    "COVID оралды, жаңа вирус тарауда". Әлеуметтік желілерде осындай жазба көбейді. Баланы да, ересекті де төсекке таңған белгісіз дерттен шошынған ата-аналар кеңес сұрап, дабыл қағуда. Бұған Денсаулық сақтау министрлігі не дейді? "Астана" арнасының тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

    "Баламның іші өтіп, құсты". Ыстығы 39-дан түспей қойды. Әлеуметтік желідегі жазбалардың сипаты осындай. Елордалық Гүлнұр Бақтыбайқызының үш баласы да ауырыпты. Жылдағы маусымдық дерт дегенімен, бұл жолғы жедел респираторлық вирустың бет алысы мүлдем бөлек дейді ол. Күйдіріп бара жатқан дене қызуы мен бастың мең-зең ауыруы дәрі-дәрмекке қояр емес. Алаңдаған ана амалсыз екі баласын жетектеп, дәрігерге жүгініпті.

    "Қазіргі уақытта ең қатты мазалап тұрғаны мұрны мен жөтелі. Үлкен ұл садикке барады. Сол жақтан жұқтырып келеді. Кішкентай қызға жұғады. Үйде үлкен қыз бар мектепке баратын. Ол да жұқтырып келеді. Кейде үшеуі бірден ауырып қалатын жайттар болады. Кейде үшеуін қатар емдеу қиынға соғады", - дейді қала тұрғыны Гүлнұр Бақтыбайқызы.

    Қазір елімізде ЖРВИ мен риновирус қана емес, ротавирус секілді ішек инфекциялары да қатар жүріп жатыр. Ал жұрттың өз бетінше пробиотик пен антибиотик ішкізіп, үйде емдеуге ұмтылуы бала өміріне тікелей қауіп төндіреді дейді дәрігерлер.

    "Температурасы 38-39-ға дейін жоғарылауы және де оның тұрақты түрде ыстық түсіретін дәрілермен түспеуі. Мысалы парацетамол, ибуфен болуы мүмкін. Және де балада құрысудың болуы. Баланың су іше алмай, жатып қалуы. Тамақ іше алмауы да қауіпті белгілердің қатарына жатады. Егер ата-анасы уақытылы дәрігерге жүгінбесе балаларда миы немесе пневмония сияқты аурулары асқынуы мүмкін екенін ата-аналар біліп отыруы керек", - дейді педиатр дәрігер Ботакөз Балтабаева.

    Денсаулық сақтау министрлігі халық арасында дүрбелең туғызған өсімнің жоқ екенін айтты. Мамандар бұл жағдайды күз қарсаңындағы әдеттегі маусымдық құбылыс дейді. Ал дәм мен иіс сезудің жоғалуы сияқты белгілерге қатысты ақ халаттылар нақты диагнозды тек тест нәтижесі шешетінін айтып отыр.

    "ЖРВИ мен COVID-19 — екеуі де вирустық инфекция. Сырттай қарағанда екі аурудың белгілері, яғни дене қызуының көтерілуі, жөтел мен әлсіздік бір-біріне өте ұқсас. Дегенмен олардың айырмашылығы салдарында. COVID-19 ағзаға, әсіресе өкпе мен қан тамырларына өте ауыр асқынулар әкелуі мүмкін. Оның үстіне бүгінде Қазақстанда коронавирустың таралуы бұқаралық сипатта емес, тек жекелеген жағдайлар ғана тіркелуде", - дейді емхананың бала және бала туу жөніндегі қызмет басшысы Динара Ерменова.

    15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы жаппай вакцинация науқаны басталады. Ал қазан айында емдеу мекемелерінде маска режимі күшейтіледі. Егер мектептерде ауру көрсеткіші 30 пайызға жетсе, сыныптар қашықтан оқытуға көшіріледі.

    Автор: Назерке Алтынбек

    Қазақстанда коронавирустың белгілеріне ұқсас тұмау тарады: министрлік не дейді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram