Алматыда тауға серуенге шыққан қыз бала жансақтау бөліміне түсті: оны жылан шаққан болуы мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматыда 11 жастағы қыз тауға серуенге шығып, жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлердің айтуынша, баланы жылан шағып алған болуы мүмкін деген болжам бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының NUR.KZ тілшісіне берген мәліметінше, 19 қыркүйекте 11 жастағы қыз тауда серуендеп жүргенде оны бірдеңе шағып алған. Ол Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына түсті.
Ведомство мәліметінше, ата-анасы баланы нақты не шаққанын анықтай алмаған.
"Ауруханаға түскен кезде қыз баланың көз аймағының ісінуі, әлсіздік, ұйқышылдық, сондай-ақ сол аяқтағы шаққан жердегі ісінуі байқалды. Дәрігерлер қарағаннан кейін оны жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызу туралы шешім қабылданды.
Дәрігерлер баланы нақты сұр жылан шаққанын растамайды, алайда оны жоққа да шығармайды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, бұл Алматыда жылан шағу бойынша тіркелген алғашқы жағдай", - деп нақтылады басқарма өкілдері.
Клиникалық белгілер мен улы жылан шағу қаупін ескере отырып, балаға жыланға қарсы сарысудың бір дозасы енгізілгені атап өтілді.
"Бұл ретте мынаны баса айту маңызды: сарысу желіде айтылғандай Өзбекстаннан арнайы алдырылмаған. Қажетті препарат бала түскен кезде стационарда болған және қазіргі уақытта да бар.
Бірінші дозаны енгізгеннен кейін қыздың жағдайында оң динамика байқалады. Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты. Ол мамандардың бақылауында болып, қажетті ем алып жатыр", - деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар дәрігерлер сарысудың қосымша дозалары медициналық көрсеткіштерге, клиникалық белгілерге және пациенттің жағдайының динамикасына қарай енгізілетінін хабарлады. Жағдайы жақсарып, көрсеткіштер болмаса, қайта сарысу салынбайды.
"Жыланға қарсы қажетті сарысу қаланың медициналық ұйымдарында, оның ішінде травматологиялық пункттерде бар", - деп хабарлады қоғамдық денсаулық басқармасы өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2430550-almatyda-tauga-seruenge-shyqqan-qyz-bala-zhansaqtau-bolimine-tusti-ony-zhylan-shaqqan-boluy-mumkin/
