Ғалымдар: Ультраөңделген тағамдарды көп тұтыну ауыр дерттерге шалдығу қаупін арттырады
Жарияланған күні:
Читать на русском
News Medical басылымының жазуынша, ғалымдар деректерді талдау нәтижесінде өнеркәсіптік жолмен өңделген тағамдарды көп тұтыну гипертония, диабет, қатерлі ісік және мезгілсіз өлім қаупін арттыратынын анықтады, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.
Ғалымдар ультраөңделген тағамдардың (UPF) адам денсаулығына әсеріне қатысты қолда бар ғылыми зерттеулерге жалпылама талдау жасады. Family Medicine and Community Health журналында жарияланған жұмыс нәтижелері мұндай тағамдарды көп тұтыну созылмалы аурулардың дамуы және кез келген себептен болатын мезгілсіз өлім қаупін тудыратынын көрсетті.
Ультраөңделген тағамдарға терең өнеркәсіптік өңдеуден өткен, тұтынуға немесе жылытуға дайын өнімдер жатады. Олардың құрамында әдетте тағамдық қоспалар көп, қант, тұз және майға бай, бірақ клетчатка, ақуыз және дәрумендер аз болады. Зерттеу барысында ғалымдар мұндай өнімдердің тәуліктік мөлшерін 50 грамдық порцияға ауыстырып, олардың ағзаға әсерін талдады.
Алынған деректерге сәйкес, ультраөңделген тағамдарды белсенді тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін 24%-ға, ас қорыту жүйесі ауруларын — 31%-ға, депрессия мен мазасыздықты — 27%-ға, диабет пен метаболикалық синдромды — 24%-ға, семіздікті — 23%-ға, онкологиялық ауруларды — 12%-ға, ал кез келген себептен болатын өлім қаупін 18%-ға арттырады. Зерттеушілер күнделікті тұтынылатын әрбір қосымша 100 грамм мұндай тағам денсаулыққа төнетін қауіпті біртіндеп арттыратынын атап өтті.
Авторлар жағымсыз әсердің себептері ретінде тағамдық қоспалардың "коктейль әсерін", ішек микробиомасының бұзылуын, қабыну процестерін, сондай-ақ термиялық өңдеу кезінде түзілетін акриламид сияқты улы қосылыстарды атады. Дәрігерлер созылмалы патологиялардың алдын алу үшін ультраөңделген өнімдерді барынша аз өңделген баламаларымен алмастыруға кеңес берді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2433030-galymdar-ultraongdelgen-tagamdardy-kop-tutynu-auyr-dertterge-shaldygu-qaupin-arttyrady/