Буынға арналған танымал қоспа деменция мен Альцгеймер ауруын асқындыруы мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русском
Флорида университетінің ғалымдары глюкозамин қабылдау мен когнитивтік бұзылыстардың ауыр деменцияға ұласу қаупі арасында байланыс барын анықтады, деп жазды ScienceDaily-ге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Буын ауруларын емдеуге арналған танымал биологиялық белсенді қоспа – глюкозамин бастапқы когнитивтік бұзылыстары бар пациенттердің жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Рамон Сун, И Го және Цзян Бянь жетекшілік еткен Флорида университеті ғалымдарының тобы жүргізген зерттеу Nature Metabolism ғылыми журналында жарияланды.
2012-2024 жылдар аралығындағы электронды медициналық карталарды талдау нәтижесінде, когнитивті бұзылыстары (MCI) бар және глюкозамин қабылдаған пациенттерде аурудың ауыр деменцияға ұласу ықтималдығы қоспаны қолданбағандармен салыстырғанда 25%-ға жоғары екені анықталды. Деменция немесе Альцгеймер ауруы диагнозы қойылған адамдар арасында бұл затты қабылдау өлім қаупінің 25%-ға артуымен байланысты болды.
Тышқандар мен адамның ми тіндеріне жасалған зертханалық тәжірибелер биологиялық механизмнің бар екенін растады: глюкозамин гематоэнцефалдық бөгеттен оңай өтіп, қант құрылымдарының ақуыздарға қосылу процесін күшейтеді. Альцгеймер ауруына шалдыққан адамның миында бұл метаболикалық жол тым белсенді болып, жасушалардың жұмысын бұзады және есте сақтау қабілетін нашарлатады.
Зерттеудің тең авторы Мэтт Джентри нәтижелер әзірге тікелей себеп-салдарлық байланысты емес, тек корреляцияны ғана көрсететінін атап өтті. Түпкілікті қорытынды жасау үшін ғалымдарға бақыланатын клиникалық сынақтар қажет.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2436008-buynga-arnalgan-tanymal-qospa-dementsiia-men-altsgeimer-auruyn-asqyndyruy-mumkin/