Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу үшін не істеу керек: ДСМ кеңесі
Жарияланған күні:
Читать на русском
Денсаулық сақтау министрлігі тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу шаралары туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Күздің келуімен балалар мектеп пен балабақшаға оралса, ал ересектер жабық ғимараттар мен қоғамдық орындарда көбірек уақыт өткізе бастады.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі маусымдық респираторлық инфекцияларды жұқтыру және олардың таралу қаупін азайтуға көмектесетін қарапайым профилактикалық шараларды сақтаудың маңыздылығын еске салады.
"Тұмау профилактикасының негізгі шараларының бірі – вакцинациялау. Вакцинациялауды сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі басталғанға дейін алған жөн. Қыркүйек-қазан айлары оңтайлы кезең болып саналады, өйткені ағзаға иммундық жауап қалыптастыру үшін уақыт қажет.
ЖРВИ маусымында, әсіресе қоғамдық орындарға барғаннан кейін қолды жуу маңызды. Сондай-ақ үй-жайларды тұрақты түрде желдетіп, жиі қолданылатын беттер мен заттарды тазалап отыру қажет.
Ұйқы мен демалыс режимін сақтау да ұсынылады. Ересектерге тәулігіне 7-8 сағат ұйықтаған жөн. Қалыпты дене белсенділігін сақтау, күн сайын таза ауада шамамен 30 минут серуендеу пайдалы.
Тамақтану рационы әртүрлі болуы және оның құрамында көкөністер, жемістер, көкөніс шөптері, ет, балық, жұмыртқа және бұршақ тұқымдастар болуы тиіс. Қантты, майлы және қуырылған тағамдарды шамадан тыс тұтынуды шектеу ұсынылады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар министрлік азаматтардың тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу мақсатында дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) өз бетінше қабылдауға болмайтынына да назар аударады.
"ББҚ дәрілік заттарға жатпайды және вакцинациялауды, толыққанды тамақтануды немесе медициналық көмекті алмастырмайды. Кез келген дәрілік заттарды, дәрумендер мен басқа да қоспаларды қолданар алдында медицина маманымен кеңесу ұсынылады.
ЖРВИ белгілері пайда болған кезде мүмкіндігінше айналадағы адамдармен қарым-қатынасты шектеп, қол гигиенасын және респираторлық этикетті сақтау ұсынылады. Дене қызуы жоғарылаған, жағдайы нашарлаған немесе симптомдар айқын байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2438884-tumau-men-zhrvi-ding-aldyn-alu-ushin-ne-isteu-kerek-dsm-kengesi/