jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    18+
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Ысталған балықтан уланып, көз жұмған балаға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

    Дәрігер
    Дәрігер. Иллюстрациялық фото: pixabay.com

    Денсаулық сақтау министрлігі Ақтауда ысталған балық жеп уланған баланың қайтыс болуы және бірнеше адамның ауруханаға жатқызылуына қатысты жағдайды егжей-тегжей түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

    Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысында тамақтан улану белгілерімен ауруханаға түскен бір отбасының жағдайы медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында болғанын мәлім етті.

    Ауруханаға жатқызылған баланың жағдайы

    "2026 жылғы 19 қыркүйекте Мұнайлы орталық аудандық ауруханасына 2016 жылы туған бала жатқызылды. Аурудың алғашқы белгілері ысталған балық өнімін жегеннен кейін білініп, 3 тәуліктен соң медициналық көмекке жүгінген сәтте баланың жағдайы өте ауыр деп бағаланды", - деді министрліктегілер.

    Қосымша тексеруден кейін сол күні бала облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Жалпы жағдайының ауырлығына байланысты бала тікелей жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Клиникалық көріністі ескере отырып, тамақтан жұққан ботулизмге күдік туындады.

    Емдеу

    Балаға ботулизмге қарсы сарысу енгізіліп, өкпені жасанды желдету аппараты қосылғаны және қарқынды терапияның қажетті кешені жүргізілген.

    "Пациенттің жағдайы тасымалдауға келмейтінін ескере отырып, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, емдеу тактикасын анықтау үшін республикалық деңгейдегі мамандарды тартты және консультациялар ұйымдастырды", - деп мәлімдеді министрлік.

    Министрлік өкілдері өңірге келген бас инфекционист, профессор және анестезиолог-реаниматолог дәрігер баланың жағдайын жеке қарап, емдеу тактикасын түзеткенін түсіндірді. Кейіннен республикалық деңгейдегі бейінді мамандардың қатысуымен бірнеше рет консилиумдар мен телемедициналық консультациялар өткізілді.

    Сондай-ақ реанимациялық іс-шаралар мен қарқынды терапияның толық кешені жүргізілді.

    Баланың қайтыс болуы

    "Көрсетілген медициналық көмек пен жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, аурудың ауыр өтуі салдарынан балада ми ісінуі, полиоргандық жеткіліксіздік және III дәрежелі кома сияқты қайтымсыз өзгерістер байқалды. 2026 жылғы 6 қазанда баланың өлімі тіркелді", - деді министрлік өкілдері.

    Қалған үш пациентке қажетті медициналық көмек көрсетілуде, олар дәрігерлердің бақылауында. Жағдай денсаулық сақтау органдарының бақылауында қалып отыр.

    Ауру туралы не белгілі

    Дәрігерлердің айтуынша, ботулизм – ботулиникалық токсиннің әсерінен туындайтын, өмірге қауіп төндіретін ауру. Ол жүйке жүйесін зақымдайды және ауыр жағдайларда жұтыну мен тыныс алудың бұзылуына, сал ауруына және өкпені жасанды желдету қажеттілігіне әкелуі мүмкін.

    Токсин көзі дұрыс дайындалмаған немесе сақталмаған өнімдер, соның ішінде балық, ет өнімдері, үй жағдайындағы консервілер және технологиясы бұзылған басқа да тағамдар болуы мүмкін.

    "Денсаулық сақтау министрлігі бұзылу белгілері бар, қаптамасы бүлінген, иісі немесе сыртқы түрі өзгерген, сондай-ақ шығу тегі белгісіз немесе сақтау шарттары бұзылған өнімдерді тұтынбауға шақырады. Улану белгілері пайда болған жағдайда тез арада медициналық көмекке жүгіну қажет", - деп кеңес берді дәрігерлер.

    Ысталған балықтан уланып, көз жұмған балаға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram