Ғалымдар фейхоаның қан қысымына қалай әсер ететінін анықтады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Жаңазеландиялық ғалымдар фейхоа ұнтағын диабеталды жағдайы бар адамдарда сынап көріп, систолалық қан қысымының жақсарғанын байқады, деп жазды SciTechDaily-ге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Окленд университетінің ғалымдары қанында қант деңгейі жоғары 97 адам қатыстырылған алты айлық зерттеу жүргізді. Қатысушылар күн сайын суға немесе таңғы асқа шамамен бір грамм тұтас фейхоа жемісінен жасалған ұнтақты қосып отырды. Зерттеушілер экзотикалық жеміс 2-типті диабеттің даму қаупін азайтып, салмақ тастауға көмектеседі деп күткен еді, алайда бұл үміт ақталмады.
Оның орнына мамандар систолалық қан қысымы көрсеткіштерінің жақсарғанын тіркеді – бұл тонометрдегі жоғарғы сан, ол жүрек жиырылған сәтте қанның артерия қабырғаларына түсіретін қысым күшін көрсетеді. Фейхоа ұнтағын қабылдаған адамдарда бұл көрсеткіш плацебо тобындағы қатысушыларға қарағанда көбірек төмендеген.
Зерттеу авторлары алынған нәтижелер әзірге алдын ала сипатта екенін және барлық талдауда бірдей көрініс таппағанын атап өтті. Фейхоаның жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсерін растау үшін ғалымдарға ауқымды клиникалық сынақтар жүргізу қажет болады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2441603-galymdar-feihoanyng-qan-qysymyna-qalai-aser-etetinin-anyqtady/