Күніне төрт құтыға дейін ішкен: энергетикалық сусынға әуестенген алматылық ауруханаға түсті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматылық хирургтер асқазанның ойық жарасы тесілген жігітті аман алып қалды, деп хабарлайды мегаполистің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, пациент Орталық қалалық клиникалық ауруханаға іштің қатты ауырсынуымен түскен. Тексеру барысында дерттің перитонитке – құрсақ қуысының қауіпті қабынуына ұласқаны анықталған.
Хирургтерге ер адамға шұғыл ота жасауға тура келген. Олар асқазан қабырғасындағы тесікті тігіп, құрсақ қуысын тазалаған.
"Ойық жараның тесілуі – асқазан қабырғасында өтпелі саңылау түзілетін ауыр асқыну. Сол арқылы асқазандағы сұйықтық құрсақ қуысына құйылып, қабынуға әкеледі. Мұндай жағдайда шұғыл медициналық көмек қажет", - дейді ОҚКБ хирургі Ілияс Сағиев.
Ем-домнан кейін пациенттің жағдайы жақсарып, хирургтің бақылауымен үйіне жіберілген. Оның айтуынша, бірнеше ай бойы күн сайын 3-4 құты энергетикалық сусын ішкен.
Дәрігерлер энергетикалық сусындарды шектен тыс тұтыну асқазан-ішек жолдарының жұмысын бұзып, қыжыл мен жүрек айну сияқты белгілерді күшейтетінін ескертеді. Әсіресе асқазан дерті, соның ішінде ойық жарасы бар адамдар тамақтану тәртібіне аса мұқият болуы керек.
"Бұл пациентте ойық жараның тесілуіне энергетикалық сусындар себеп болды деп кесіп айтуға болмайды. Дегенмен оларды, әсіресе асқазан аурулары бар кезде, көп мөлшерде тұтынуға кеңес берілмейді", - деп түсіндірді ОҚКБ хирургі Ілияс Сағиев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2448096-kunine-tort-bankaga-deiin-ishken-energetikalyq-susynga-auestengen-almatylyq-auruhanaga-tusti/