jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Қарағандылық жас футболшылардың Өзбекстанда жаппай улану дерегі: тағы бір бала ауруханаға түсті

    Аурухана
    Аурухана. Иллюстрациялық фото: David Sacks/The Image Bank/Getty Images

    Ташкентте өткен футбол жарысынан кейін тағы бір баланың ауруханаға түскені белгілі болды. Мұны Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, 2 қарашада кешке сағат 17:00-де № 5 қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына тағы бір бала жатқызылды.

    Осылайша, жалпы Қазақстан Республикасының 18 азаматы ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 12 бала және 6 ересек адам бар.

    Елішілік мәләметінше, 3 қарашада қажетті емдеу курсынан өтіп, денсаулық жағдайларының жақсаруына байланысты 10 адам (6 бала және 4 ересек адам) ауруханадан шығарылды.

    Қалған 8 Қазақстан азаматы (6 бала және 2 ересек адам) Ташкент қаласының медициналық мекемелерінде ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың жағдайы тұрақты деп бағалануда. Барлық пациенттерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп, олар білікті мамандардың тұрақты бақылауында.

    "Өзбекстан тарабы жан-жақты қолдау көрсетуде. Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олим Омоновтың, Ташкент қаласы әкімінің орынбасары Дурдона Рахимованың және Ташкент қаласы Денсаулық сақтау бас басқармасының басшысы Ботир Исабековтың тікелей қатысуымен қазақстандық азаматтардың емделуіне қажетті жағдайлар жасалды.

    Жағдай Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшісі Ералы Тоғжановтың тұрақты бақылауында", - делінген хабарламада.

    Сондай-ақ елшінің қатысуымен дәрігерлер ауруханада қалған пациенттердің жағдайы бойынша консилиум өткізгені белгілі болды.

    Дәрігерлер жас футболшылардың денсаулық жағдайында оң динамика байқалып отырғанын атап өткен. Ішек инфекциясының қоздырғыштарын анықтау мақсатында жүргізілген ПТР әдісі бойынша зерттеулердің түпкілікті нәтижелері алдағы уақытта дайын болады.

    Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрліктері тұрақты байланыста болып, өзара консультациялар жүргізуде.

    Айта кетейік, елшілік қолдауымен Қазақстанның 13 азаматы отанына оралды. Осылайша спорттық жарыстарға қатысу үшін Ташкентке келген Қазақстан Республикасының 95 азаматының 12-сі Өзбекстан аумағында қалып отыр. Олардың 8-і, жоғарыда атап өтілгендей, ем қабылдауды жалғастыруда.

    Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев елге оралып жатқан Қазақстан азаматтарын күтіп алуды ұйымдастыруға, сондай-ақ олардың өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық тексеруден өтуін қамтамасыз етуге қажетті қолдау көрсетуде. Елшілік Қазақстан азаматтарының денсаулық жағдайын бақылауды жалғастырып, олардың әрі қарай емделуі және отанына оралуы мәселелері бойынша қажетті көмек көрсететініне сендірді.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram