jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Қазақстан перзентханаларын жаппай тексеру: ДСМ заңбұзушылықтарға қатысты мәлімдеме жасады

    перзентхана
    Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

    Қазақстанда перзентханаларды жаппай тексеру аяқталды, олардың 29-ында дезинфекциялық-стерилизациялық режимнің бұзылғаны анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

    Денсаулық сақтау министрлігі босандыру ұйымдарының 84 нысанының 82-сінде тексеру жұмыстарын аяқтады. Олардың қатарында 35 перинаталдық орталық пен 47 босандыру бөлімі бар.

    Мамандар инфекциялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын, оның ішінде стерилизациялау және дезинфекциялау жұмыстарын, желдету және сумен жабдықтау жүйелерінің жай-күйін, инфекцияларды уақтылы анықтауды және инфекциялық бақылау қызметтерінің жұмысын бағалады. Сондай-ақ зертханалық зерттеулер жүргізілді.

    Тексеру қорытындысы бойынша 81 санитариялық нұсқама берілді. 29 медициналық ұйымда дезинфекциялық-стерилизациялық режимнің бұзылғаны анықталды. Қауіптерді шұғыл жоюды талап ететін фактілер бойынша нақты шаралар қабылданды.

    Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларына нұсқамалардың орындалуын ай сайын бақылауды қамтамасыз етуді және босандыру ұйымдарының санитариялық-техникалық жағдайын белгіленген талаптарға сәйкестендіруді тапсырды.

    Сонымен қатар инфекциялық бақылау қызметтерінің кадрлық қамтамасыз етілуін күшейту, инфекциялардың алдын алу бағдарламаларын өзектендіру және медициналық ұйымдар басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру тапсырылды.

    "Біздің міндетіміз – тек бұзушылықты тіркеп, нұсқама беру емес. Бір айдан кейін біз қайта келіп, нақты нәтижені көруіміз керек. Егер ескерту анықталса, ол жойылуға тиіс. Пациенттің қауіпсіздігі есептермен емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайларымен расталуы керек", – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

    Келесі кезеңде балалар ауруханаларында тексеру жүргізіледі. Одан кейін осындай жұмыс медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында да жүргізілетін болады.

    Қазақстан перзентханаларын жаппай тексеру: ДСМ заңбұзушылықтарға қатысты мәлімдеме жасады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram