Қазақстанда 40 жастан асқан әйелдердің бала туу көрсеткіші артты
Жарияланған күні:

Қазақстанда қырық жастан асқаннан кейін бесік тербететін аналар көбейді, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Былтыр 40 жастағы келіншектер 16 мыңнан астам сәбиді дүниеге әкеліпті. Яғни бүгінде ана болу жасы үлкейіп барады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі әйелдердің орташа босану жасы 30 жасқа жуықтаған. Қалаларда бұл көрсеткіш бірнеше жылдан бері одан жоғары.
40 жастан асқан аналардан туған балалардың барлық нәресте арасындағы үлесі де артқан. Ал 50 жастан асқан әйелдер 148 сәби дүниеге әкелген.
"40 жастан кейін қант диабеті ауруларына қауіп болады. Преэклампсияға қауіп болады, қан қысымының көтерілуі болады. Хромосомалық ауытқулар 40 жастан кейін 20-30 жастағыларға қарағанда көбірек байқалады. Бұл енді қауіп белгілеріне жатады ғой. Жағымды жақтарына келсек: әйел адамдардың психологиялық толысқанын айтсақ болады, қаржылық тұрақтанғанын айтсақ болады", - дейді дәрігер-терапевт Меруерт Сәрсембекова.
Мамандар бұл өзгеріске урбанизация себеп дейді.
"Қалаға келіп қоныстанған кісілер өзінің әлеуметтік тұрмыстық жағдайларын үй-жәй жағдайларының барлығын жақсартқанша белгілі бір уақыт өтеді. Осыған байланысты өздері үйленген жағдайдың өзінде алғашқы баланың тууын біраз кешеуілдетеді. Ата-аналар балаларына сапалы білім бергісі келеді. Олардың болашағын сапалы түрде қалыптастырғысы келеді. Балаға жұмсалынатын шығынның бар екенін түсінеді олар", - дейді ҚҚДИ отбасылық саясат бөлімінің бас сарапшысы Руслан Ибраев.
40 жастан асқан әйелдер арасындағы туу көрсеткіші ең жоғары өңір — Қызылорда облысында тіркелген. Ал ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында байқалды. Дәрігерлер 40 жастан соң бала көтерудің тәуекелі жоғары екенін, десе де жақсы күтім мен тұрақты тексеріс дені сау баланың дүниеге келуіне септік боларын атап өтті.
Автор: Айгерім Есенкелді
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/motherhood/2429958-qazaqstanda-40-zhastan-asqan-aielderding-bala-tuu-korsetkishi-artty/
