70 күн реанимацияда жатқан: мамандар салмағы 679 грамм болып туған сәбиді аман алып қалды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы қаласындағы №2 қалалық перинаталдық орталықтың мамандары салмағы небәрі 679 грамм болып туған нәрестені аман алып қалды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның Telegram-дағы арнасында хабарланғандай, нәрестенің анасы жүктіліктің 26 аптасы мен 6 күнінде шұғыл перинаталдық орталыққа жеткізілген. Оған жүктілік кезіндегі асқынуларға байланысты медициналық көрсетілімдер бойынша кесар тілігі жасалған.
Осылайша, 8 тамызда ұл бала дүниеге келген, шала туған сәбидің салмағы небәрі 679 грамм болған.
Осыдан кейін нәресте жансақтау бөлімінде 70 күн, өкпені жасанды желдету аппаратында 43 күн, СИПАП әдісімен тыныс алуды қолдау кезінде тағы 25 күн өткізген.
"Өмірінің алғашқы минуттарынан бастап нәрестеге қарқынды медициналық көмек қажет болды. Осы уақыт бойы медицина мамандары оның жағдайын тәулік бойы бақылап, қажетті ем-дом жүргізді", - делінген хабарламада.
Өмірі үшін ұзаққа созылған күрестен кейін сәби жансақтау бөлімінен шығып, анасының қасына жатқызылған.
Қазір нәрестенің салмағы 1 800 грамға жеткен. Үшінші күн қатарынан анасымен бірге палатада жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/motherhood/2446671-70-kun-reanimatsiiada-zhatqan-darigerler-salmagy-679-gramm-bolyp-tugan-naresteni-aman-alyp-qaldy/