Қазақстанда жүкті әйелдер МӘМС жарнасын төлемей-ақ тегін медициналық қызметті пайдалана ала ма
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстанда жұмыс істемейтін жүкті әйелдер есепке тұрса, МӘМС жүйесінде жеңілдік мәртебесіне ие болады. Медициналық қызметтерді қалай тегін алуға болатынын KAZ.NUR.KZ материалынан оқып-біліңіз.
Қазақстанда кейбір санатқа жататын адамдарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарнаны мемлекет төлейді. Олардың қатарында жұмыс істемейтін жүкті әйелдер де бар.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры еске салғандай, жүкті әйелдер есепке тұрса, МӘМС-те жеңілдік мәртебесін ала алады.
Жеңілдік мәртебесін қалай алуға болады
Ол үшін әйел тұрғылықты жері бойынша акушер-гинекологқа жүгініп, жүктілік бойынша есепке тұруға тиіс. Содан кейін ол туралы ақпарат цифрлық жүйелерге түсіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тексеріледі.
Мемлекеттік құрылымдар нені тексереді
Әйелге жеңілдік мәртебесі берілмес бұрын, ол кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтыны, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың түскен-түспегені тексеріледі.
Сондықтан "жұмыс істемейтін жүкті әйелдер" санатына тек мына шарттарға сәйкес келетін қазақстандықтар ғана кіреді:
- кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтындар;
- деректерді салыстырып тексеру алдындағы айға міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдары жоқ азаматтар.
Егер шарттар орындалса, әйел жеңілдік санатына енгізіледі. Содан кейін мәліметтер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына беріледі, ал МӘМС жүйесіндегі мәртебе автоматты түрде беріледі.
Осыдан кейін жұмыс істемейтін жүкті әйел міндетті медициналық сақтандыру аясында қолжетімді барлық қызметті ала алады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/motherhood/2448512-qazaqstanda-zhukti-aielder-mams-zharnasyn-tolemei-aq-tegin-meditsinalyq-qyzmetti-paidalana-ala-ma/