jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Енді жеті баланың анасы: Қазақстанда төртем дүниеге келді

    Төртемді перзентханадан шығару сәті
    Төртемді перзентханадан шығару сәті. Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

    Жетісу облысында төртем дүниеге келді. Бүгін бірден төрт ұлды өмірге әкелген ана перзентханадан салтанатты түрде шығарылды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Ведомствоның мәліметінше, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында қуанышты әрі сирек кездесетін оқиға болған.

    Орталықта Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны төртем босанған.

    Нәрестелер 24 қыркүйекте жүктіліктің 30 апта 6 күнінде кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Жақындары сәбилерге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деп ат қойған. Осылайша, отбасындағы бала саны жетіге жетіп отыр.

    Анасының айтуынша, төртем болатынын білгенде бойын сан түрлі сезім билеген.

    "Таңғалдым, қуандым, әрине, қобалжыдым. Алда оңай жол күтіп тұрмағанын түсіндім, бірақ бәрі жақсы болатынына сендім.

    Маған және сәбилеріме қамқорлық көрсетіп, қолдау білдірген дәрігерлер мен барлық медицина қызметкеріне шексіз алғыс айтамын!" - деді ол.

    Төртемді перзентханадан шығару сәті
    Төртемді перзентханадан шығару сәті. Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

    Министрліктің мәліметінше, төртемнің дүниеге келуі өте сирек кездесетін жағдай әрі дәрігерлер үшін үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін күрделі үдеріс.

    Мерзімінен бұрын босану қаупі жоғары болғандықтан, дәрігерлер жетісулық ана мен сәбилердің жағдайын тұрақты бақылап, ықтимал асқынулардың алдын алып, қажетті медициналық көмек көрсеткен. Ол жүктіліктің 23-аптасынан бастап орталық мамандарының бақылауында болған.

    "Мұндай жүктілік барысын қадағалау акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар мен неонатологтардың үйлесімді жұмысын талап етті. Әрбір осындай қуанышты оқиғаның артында медицина мамандарының орасан зор еңбегі, жауапкершілігі, кәсіби біліктілігі мен ең күрделі клиникалық жағдайларда әрекет етуге дайындығы тұр", - делінген хабарламада.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram