Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

NUR.KZ тынысы: Журналистеріміз мәртебелі марапатқа ие болды

Опубликовано:

журналист жұмысы
Журналист жұмысы. Көрнекі фото: pixabay.com

NUR.KZ журналистері соңғы кездері түрлі байқауларда марапатқа ие болуда. Олардың әрқайсысы басқа БАҚ өкілдері арасында өз номинациялары бойынша үздік атанды. Бірнеше қызметкеріміз Алғыс хатпен марапатталды.

Юлия Абрамова "Нысанаға дөп тиген" номинациясында жеңімпаз атанды

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі жыл сайын қала әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасымен бірге БАҚ өкілдері арасында байқау өткізеді. Биыл бірден 8 номинация жарияланып, 15 жеңімпаз анықталды.

NUR.KZ журналисі Юлия Абрамова "Нысанаға дөп тиген" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл номинацияға қаланың түйткілді мәселелері мен оларды шешу жолдары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жұмыстар ұсынылған. Бұл номинацияда Юлиямен қатар Orda.kz журналисі Жанар Құсанова және BaigeNews тілшісі Альберт Ахметов жеңімпаз атанды.

Қазылар алқасы мегаполистің дамуы тақырыбын қозғаған жұмыстарды бағалады. Байқауға барлығы 65 өтінім келіп түскен. Юлияның марапатқа ие болған мақаласында Алматыдағы жаңа теміржол вокзалы мен тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу тақырыбы қозғалған. Материалда қаланы дамыту жоспары мен оны жүзеге асыратын бағдарламалар туралы айтылады. Юлия бағалы сыйлықпен бірге "Нысанаға дөп тиген" аталымы бойынша сертификатпен марапатталды.

Марапаттау рәсімі республикалық "Достық" үйінде өтті. Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Есенбеков жиналған журналистер алдында құттықтау сөз сөйледі. Ол мегаполистің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалар туралы жазған баспасөздің қосқан үлесін атап өтті. Профессор, академик, Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев БАҚ өкілдерін құттықтап, белсенді болғаны, кәсіби шеберліктері үшін алғыс білдірді. Қозыбаев жеңімпаздарды анықтаған қазылар алқасының төрағасы болды. Ол өз сөзінде қазіргі журналистердің оқырмандар мен көрермендерге сан алуан тәуелсіз пікір ұсынып жүргенін атап өтті.

Екі журналист Алғыс хатпен марапатталды

Алғыс хат
Алғыс хат. Фото: KAZ.NUR.KZ

NUR.KZ-тің қос журналисі Айдана Мамаева және Эльмира Асқарқызы Алғыс хат алды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Эльмираға адал еңбегі үшін алғыс айтып, журналистті айтулы күнмен құттықтады.

Хатта:

"Сізді Бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Мемлекет ісінде ашықтық, жариялылық және халықтың сенімі қағидаттарын берік сақтауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі аса маңызды. Жаңалық тарату жылдамдығы артып келе жатқан қазіргі ақпарат айдынында қоғамның ақпаратқа деген сұранысын өтеп отырған баспасөз мамандары - қай кезде де халықтың көзі, құлағы, тілі бола бермек. Ел үшін атқарып жүрген адал еңбегіңізге шығармашылық табыстар тілеймін", - деп жазылған.

Қаржы бөлімінің редакторы Екатерина Петроченко екі мақаласы үшін марапатқа ие болды

Екатерина Петроченконың (Сохарева) зейнетақы аннуитеті және жинақтаушы сақтандыру туралы екі мақаласы Halyk Life компаниясының Қазақстандағы өмірді сақтандыру туралы үздік материалды анықтау үшін жариялаған республикалық байқауында "Интернет-ресурстардағы үздік жұмыс" номинациясында бірінші орынды жеңіп алды.

Диплом мен мүсінше
Марапат. Фото: NUR.KZ

Екі мақала да 2022 жылы жарияланған. Бірінші мақалада автор БЖЗҚ-ның төлемдері және олардың қалай есептелетіні, зейнетақы аннуитеті туралы егжей-тегжейлі айтып өткен. Мақалада зейнетақы төлемдерінің маңызды аспектілері - теңгемен қандай сома, ол қай жаста қажет, аннуитет қалай берілетіні туралы жазылған.

Екінші мақалада сақтандыру туралы маңызы алдыңғы материалдан кем түспейтін тақырыпты қозғайды. Материалда сақтандыру неден қорғайтыны, оны тіркеудің қандай шарттары бар, сақтандырудың көмегімен нені жинақтауға болатыны туралы ақпарат берілген.

Қос мақала да Halyk Life байқауында қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Екатерина диплом мен үздік жұмысы үшін мүсіншеге ие болды.

Юлия Абрамова, Айдана Мамаева, Эльмира Асқарқызы және Екатерина Петроченконы (Сохарева) марапаттарымен құттықтаймыз. Бұл - журналистер мен редакторлардың кәсіби шеберлігінің ғана емес, NUR.KZ ұжымының материал жасауға жауапкершілікпен қарайтынының дәлелі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kak-rabotaet-nur-kz-kaz/2028305-nurkz-tynysy-zurnalisterimiz-martebeli-marapatqa-ie-boldy/

pixel