Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жентті қалай әзірлеуге болады

Опубликовано:

Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ортақшыл ауылының тұрғыны Қалима Жұматайдың есімі елге етене таныс. Ол дәмі тіл үйірер тағамдарды әзірлеп, ұлттық құндылықтарымыздың қайта жаңғыруына сүбелі үлесін қосып келеді деп жазады STAN.KZ.

Әсіресе, қазақтың байырдан келе жатқан жент, сөк, талқан сияқты тәттілерін әзірлейді. Қалима апаның өнімдеріне сұраныс көп. Әсіресе, үйіне қонақ шақырғандар жент жасауға тапсырыс береді екен. Ал тәттінің бұл түрін дайындауға аспаздың бір күндік уақыты кетті. Алдағы уақытта дүкен сөрелерінде сатылғалы жатқан женттің қалай дайындалатынын STAN.KZ сайтының өңірдегі тілшісі көріп, дәмін татып қайтқан еді.

«Былай қарағанда, жентті дайындау аса қиын емес сияқты. Алайда, оны әзірлеу үлкен еңбекті қажет етеді. Келінім екеуміз бір күн бойы тер төгеміз. Бастысы тапсырыс берушінің көңілінен шығу», – дейді аспаз.

Жентті әзірлеу үшін Қалима апа алдымен ошағына от жағып, үлкен қазанға құйылған суды қайнатады. Кейін қажетінше тарыны салып, 45 минут бойы бұқтырып пісіреді. Қайнату барысында тарының арасындағы бостарын бөлек алып тастайды. Дәннің қабықтарын мал азығына қосып беруге болады екен.

«Женттің дәмді болуы ең бірінші кезекте тарының сапасына тікелей байланысты. Егер дән қолмен орылған болса, одан тәтті өнім шығады. Оны қайнатқан кезде де қатты мұқият болу керек. Егер тым көп қайнап кетсе, тары қатып қалуы мүмкін», – дейді аспаз.

Мұнан соң Қалима апай, қайнаған тарыны күн шуағына жайып, кептіреді. Кептірілген дақыл қайтадан ыстық қазанға салынып, біршама уақыт қуырылады. Бұл кезде оны ұдайы араластырып отыру керек. Мұның барлығы дәннің пісуі үшін жасалынады.

Мұнан соң, тары түйіліп, диірменге салынады. Бұл үшін Қалима апа ауылынан 50 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына баруға мәжбүр. Диірменнен өткен тарыдан талқан шығады. Қалима апаның жент дайындауының өз құпиялары бар. Аспаз тәттіге майдалап туралған мейіз бен өрік салады. Сонан кейін барып, сары майға араластарып, қажет пішін береді.

Қалима апаның ұлттық тәттілерді дайындауға қажет құралдарының жоқтығы кері әсерін тигізіп келген болатын. Тарыны қапқа салып, ауданға қатынайтын кісі енді әбігерге түспейтін болады. Жуырда жобасын қорғап шыққан кәсіпкер «Даму» грантын жеңіп алды.

«Жақын күндері ақшамызды береді. Қаржы түскен бойда Алматыға барып, керек жабдықтарымды аламын. Тарыны түйетін келі мен диірмен сатып аламын», – дейді Қалима апа.

Тиісті жабдықтарын алған соң, Қалима апа «Сыр дәні» деп аталатын жентті қызылордалықтарға ұсынатын болады. Бұл атаумен тек жент емес талқан, сөк сынды ұлттық тағамдардың бірнеше түрі саудаланатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1111612-zhentti-qalay-azirleuge-bolady/

pixel