Үйлену тойына арналған ең әдемі тілектер
Опубликовано:

Үйлену тойы - кез келген қыз-жігіт асыға күтетін, адам өміріндегі ең қуанышты жайт. Ата-ана той-думанның барынша жақсы өтуіне тер төксе, келген меймандар өзінің ізгі ниетті тілегін білдіруге асығады. Десе де аузына сөз түспей, сөз сөйлеуден қашқақтайтын да жоқ емес. Ойда жоқта асабаның микрофон ұсынуы ыңғайсыз жағдайға қалдырмас үшін KAZ.NUR.KZ жас жұбайларға арналған ең әсерлі тілектер топтамасын ұсынады.
- Құрметті отау иелері, сендерді бүгінгі шаңырақ көтеріп отырған атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Осы ауылдың беделді, сыйлы, үлгілі отбасы болуларыңды шын жүректен тілеймін! Махаббаттарың баянды, өмірлерің бақытқа толы болсын!
- Бақыт адамның басына бірден қонбайды. Бақыт ең бірінші адамның аяғына қонады. Оны көтере алған адам көтереді. Көтере алмаған адам талтаңдап жүре алмай қалады. Одан кейінгі бақыт адамның аузына қонады. Оны көтерген адам көтере алады. Ал көтере алмайтын адамның аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады дейді. Одан кейін бақыт адамның көз жанарына қонады дейді. Оны көтермеген адамның көзін шел басып, қасындағы жақындарын көрмей қалады дейді. Ал одан кейінгі бақыт адамның басына қонады дейді. Бұдан менің айтқым келіп тұрғаны – бастарыңа да тек бақ қонсын!
Екі бұлақ бір арнаға тоғысты.
Екі жүрек ұғынысты, табысты.
Тілейікші аппақ арман-ағысты.
Тұлпарға тән озып шығар шабысты.
Жаңа отаудың шаңырағын көтеріп.
Кел, достарым, жақсы тілек етелік!
Үйленгендер – алтын сарай салғандар.
Балалығы естелікке қалғандар!
Қалады енді балалық шақ ертек боп.
Кел, достарым, шаттық тойға ортақ боп!
Екі жұбай – қатар тұрған періште.
Бірге ұшсын бақ-болашақ – өрісте!
- Армысың, айналайын, күйеу бала. Қызымызға ертеңгі сүйеу, жарыңның жұлдызы бол құндызы бол. Біз үшін осындай дос біреу ғана. Қолыңа қондырған ақ құсың құтты болсын. Біздің құрбымызды ешқашан ренжітпей, аялап өтеді деп сенемін. Құрып жатқан шаңырақтарыңыз ешқашан шайқалмай, іші сәбидің былдыры мен ойыншықтың сылдырына толы болғай. Тек қана Аллахтың ажарында, бақыттың базарында болыңыздар
- Құрметті жас-жұбайлар, сіздерді заңды некелеріңізбен шын жүреқтен құттықтаймыз. Жаңа өмірге аяқ бастыңыздар, басқан қадамдарыңызға гүл бітсің. Көтерген шаңырақтарыңыз биік, керегелері кең болсын. Іші толы сәбидің үні болсын деп тілей отырып махаббаттарың мәнді де сәнді болсын дегім келеді. Көлде жүзген қос аққудай махаббаттарың берік болсын… Аспанда қанша жұлдыз болса, сонша бақыт тілеймін!
- Ұлы сезім екі жасты ептеді, жалындаған екеуіне беттеді! Ырыс-дәулет үйлерінен кетпесін, ашу-дұшпан қанша қуса жетпесін! Ата-ана көздің жасын сықпасын, келін шырақ тапқан тиынын тықпасын! Үзілмесін бұл үйдегі тойларың, егіз тапсын қорадағы қойларың! Бала берсін етегіне жастардың, көзі шықсын көре алмаған қастардың! Тастай батып, судай сіңсін бұл келін, тапқын бес қыз, алты-жеті ұл, келін!
- Қос аққудай қос ғашыққа төрдегі - бар бақытты мен тілеймін жердегі! Жалын атып жүректері сөнбесін, Ібілістің арбауына көнбесін! Бір-біріне серік болсын жалғанда, тау шыңындай биік болсын талғам да! Сүйіп өтсін бірін-бірі мәңгілік, ғұмыр кешсін өмірлерін ән қылып. Алтыннан ардақты, күмістен салмақты құдалар! Төрге шығыңыз, сырласып жанымыз қосылсын! Досымыз қуанып, дұшпанымыз тосылсын! Төреленіп төрге шыққандарыңыз құтты бола берсін! Әрдайым денсаулығыңыз мықты болсын!
- Кеш жарық, тойға жиналған қауым! Құрметті құда-құдағилар, құда болып төрге шыққандарыңыз құтты болсын! Құдаларыңыз мыңжылдық болсын! Құдалықтарыңыз мыңжылдық болсын. Ал жас жұбайлар, құрған шаңырағыңның босағасы берік болсын! Қазақта жақсы сөз бар: «Тату үйге тақсырет жоламас», - деген. Тату-тәтті, бақытты өмір сүріңдер! Абыройдан ақ отау тігуге талпыныңдар! Өмір сүрудің екі негізі бар екен: Біріншісі – үйретуден аянба, екіншісі – үйренуден жалықпау. Міне, осы қағиданы басшылыққа алыңыздар.
- Аяқ екеу, қол да екеу, Көз дегенің – ол да екеу. Екеу және құлақ та, Жүрек жалғыз бірақ та. Сондықтан да сол жүрек күйіп, жанып, өртеніп, естісін деп лебізін іздейді екен серігін - дегендей қос жүрек өмірлік серіктерін тапқан екен. Құрған шаңырақтарың биік, босағаларың берік, керегелерің кең болсын!
Cонымен бірге назарларыңызға massaget.kz ұсынған тілектерді назарларыңызға ұсынамыз:
- Құрметті жас жұбайлар, бүгін біз сендердің өзара махаббатыңның ұлы жеңісіне куә болып отырмыз. Сендерді табыстырған сол тәтті сезім бүгін жарастырып отыр. Ендеше, махаббаттың жеңісі құтты болсын!
- Аса құрметті тойға жиналған қауым, бүгін біз түтіні енді түтеніп келе жатқан жаңа ошақтың жанғанына куә болғалы жиналдық. Біз бүгін екі жастың көтерген шаңырағының астында отырып, олардың табалдырықтан аттаған қадамдарының оң болуын тілеп жиылдық. Көптің тілегі қабыл болып, ортадағы екі жастың бақыты баянды болғанын мың рет тіледім.
- Айналайын, алтындарым, көзіңнен нұр, жүзіңнен жылылық көріп тұрмын. Сендердің дәл бүгін бақыттың шыңында тұрғаныңды сезіп, толқып та тұрмын. Бүгін менің аузым емес, жүрегім сөйлесін. Ал жүрегім шын ниетімен сендерге сарқылмас бақыт тілейді. Сендер бақытқа әбден лайықсыңдар.
- Сендер Қозы мен Баян да емессіңдер, Төлеген мен Жібек те емессіңдер! Сендер де бір аңыздың кейіпкерісің. Бірақ сендердің аңыздарың өзгеден ерекше болуға тиіс. Біз сендердің аңыздарыңнан артық көз жас пен жаманшылық атаулыны байқамауымыз керек. Нағыз махаббат аңызын жасайтындарыңа кәміл сенемін.
- Ардақты ерлі-зайыптылар, мен шын жүрегіммен сендердің әлі он тойды атап өткеніңді қалар едім: қағаз той – бір жылдан соң, шыны той – екі жылдан соң, берік той – үш жылдан соң, шыт той – бес жылдан соң, қола той – он жылдан соң, фарфор той – он бес жылдан соң, хрусталь той – жиырма жылдан соң, күміс той – жиырма бес жылдан соң, алтын той – елу жылдан соң, бриллиант той – жетпіс жылдан соң. Сонымен қатар, сендердің алғашқы тойларыңа жиналып отырған барша қауымның да осы тойлардың бәрінің қадірлі қонағы болғанын тіледім.
- Француз жазушысы Андре Терье айтады: "Бақытты өмір болмайды, тек бақытты күндер ғана болады" деп. Мен сендерге толық бақытты ғұмырға жетерліктей сондай бақытты күндеріңнің көп-көп болғанын тілеймін.
- Мен бұрындары адамның нағыз періштемен кезеккенін көрген емеспін. Біреу "көрдім" десе, сенбес те едім. Бірақ менің досым қазір жанына жайғасқан мына аруды ертіп әкелгенде өзіме-өзім қарсы шықтым. Жерде де періштелер бар екен. Олардың бірі – менің досымның жары. Айналайын, досым, періште қонған алқаныңнан ешқашан да жылылық кетпесін. Сендердің аңызға бергісіз мына махаббаттарың біздей бойдақтарға жұғысты болсын!
- Екі жасты өз ұясына қондырып, алақан жайып, ақ бата беретін ата-аналар, құрметті құда мен құдағи! Бүгін сіздердің де үлкен қуаныштарыңыз өтіп жатыр. Біріңіз қайын ата, ал енді біріңіз қайын ене атанып жатсыздар. Сіздердің енді бір емес, екі балаңыз бар. Түні бойы көз ілмей бесігін тербеткен балдарыңыз енді сіздерді алқанындарында тербетсін. Құлап қалмасын, жылап қалмасын деп артынан аңдыған балаңыз енді өміріңізді жұмақ етсін. Екеуінен тараған бала-шаға "аталап-әжелеп" әулеттеріңіздің даңқын шығара берсін! Ата-ене болғаныңыз құтты болсын!
- Құрметті екі жас, сендер "Махаббат жоқ" немесе "Үйленгенде махаббат өшіп, сыйластық қана қалады" дегенге өзін сендіргісі келетіндерге қатты қателесетінін дәлелдеңдерші.
- Сендер құрған шаңырақтың берік болғанын қаладым. Оны өткір өсек те, қатты қайғы да, ауыр азап та бүлдірмесе екен деп тіледім.
- Айналайын қарағым, қабырғалы болғаның құтты болсын. Ақ орамалды аруыңның адал жары, шулаған балаларыңның салмақты әкесі, шұбырған немере-шөберелеріңнің ардақты атасы болып көпке үлгі бола бер.
- Бір-біріңнің айнаң, тірегің, жүрегің болыңдар, шырағың болыңдар, жебеушің болыңдар... Өйткені енді сендердің жарты жүрегің бірігіп, бірге соға бастады. Енді сендер бір адамсың! Ажырамаңдар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1722177-jlenu-tojyna-arnalgan-e-demi-tilekter/