Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кіші жүздің құрамына кіретін рулар туралы не білеміз

Опубликовано:

Қазақ
Көрнекі сурет: Claire Thomas / Twitter / @sctphotographer

Кіші жүз – Қазақстанның Батыс аймағын мекендеген рулар мен тайпалар одағы. Қазақ халқының этникалық құрамына енеді. Ноғай Ордасынан бөлініп шыққан алшын одағының негізінде құрылғандықтан, ел арасында “Кіші жүз – алшын” атанып кеткен, деп хабарлайды tumalas.kz-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Кіші жүз құрамына енген тайпалар мен рулар 15-ғасырдың екінші жартысы мен 20-ғасырдың басында, негізінен, Қазақстанның батыс өңірін мекендеп, қазақ халқының этногенезіне ұйытқы болды. Әр кезеңдегі дүрбелең оқиғалар, қоғамдық сілкіністер салдарынан жекелеген рулар мен аталар Орта жүз бен Ұлы жүздің тарихи аймақтарына, яғни Қазақстанның түкпір-түкпіріне, сондай-ақ Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей және алыс шет елге (Иран, Ауғанстан, т.б.) көшіп барып қоныстанды.

Кіші жүз жайлы Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігі мынадай деректерді келтіреді:

Кіші жүз – Қазақстанның батыс аймағын мекендеген рулар мен тайпалар одағы. Шежіре бойынша Кіші жүздің рулық бірлестіктері Әлімұлы, Байұлы, Жетіру тайпаларынан тарайды. Мақсұт Дәуітбаев жинақтаған "Қазақ шежіресі" еңбегінде Ноғай ордасынан бөлінген қазақ тайпаларының, яғни Алшын одағының негізінде Кіші жүз бірлестігі қалыптасқаны айтылады. Соған байланысты Кіші жүз қазақтары ел арасында "Кіші жүз – Алшын" атанған.

Оның құрамына:

  • 12 ата Байұлы – адай, алшын, жаппас, алаша, байбақты, беріш, масқар, таз, есентемір, ысық, қызылқұрт, шеркеш;
  • Жетіру – тама, табын, телеу, жағалбайлы, рамадан, кердері;
  • 6 ата Әлімұлына – шекті, қаракесек, қарасақал, төртқара, кете, шөмекей кіреді.

Әлімұлы – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүздің құрамына енеді. Қаракесек деп те алады. Әлімұлының алты тармағы болғанына қарай ел ішінде "Алты әлім" деп те атайды.

Ақын Ерімбет Көлдейбекұлы шежіресінде Әлімұлына Жаманақ (шекті), Қарамашақ (төртқара), Айнық (қарасақал), Ұланақ (қаракесек), Тегінболат (қарасақал), Тойқожаны (ақ кете) жатқызады. Әлімұлының тармағы алтау болғанымен, енші алып, ұранға шыққаны – төртеу. Олар: Жаманақ, Ұланақ, Қарамашақ, Айнақ.

Әлімұлы тайпасынан Жалаңтөс баһадүр мен Әйтеке биден бастап қалың қазаққа белгілі Есет, Көтібар, Құлбарақ, Жанғожа, Ақтан, Алтай, Арал би-батырлар шыққан.

Сонымен қатар басылым ұсынған деректерге сәйкес, кіші жүз руларының өз таңбасы болған. Ол таңба сол рудың малын бірден тануға мүмкіндік берген. "Бабалар сөзінің" 83-томында Әлім ата балаларының ру таңбасын алуы туралы деректер келтірілген:

"Әңгіме-хикаят бойынша Әлім балаларының алдына аттарды әкеліп: "Ал өз таңбаларыңды басыңдар!" дейді. Сонда үлкен баласы Жаманақ аттың сауырына айқасқан қос шек (Х) салыпты. Содан "шекті" атаныпты дейді. Бұл таңбаны баласының аттың сауырына салғанын көріп, Әлім ақсақал: "Балам, сауырлы ел боларсың" деген.

Кезек Ұланақ – Сасықбайға келеді. Ұланақ бір шетін жамбасқа, төменгі жағын шідерлікке келтіріп шақпақ таңба салады. Сонда Әлім ақсақал: "Балам, сен де жамбастан қалмайтын болдың ғой!" депті.

Кезек Қарамашаққа келеді. Қарамашақ келеді де, таңбасын сызық етіп аттың қабырғасынан сүбесіне (көсеу таңба) дейін тартып жібереді. Сонда Әлім ақсақал: "Балам, қабырғалы ел болатын болдың" депті.

Айнықтың таңбасы жоқ, ол ерте өмірден өтеді. Ал Тегінболат – Қарасақалдың, Тойқожаның таңбалары кездеспеді, деп жазылған.

Байұлы – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Байұлы этнонимі Түркі қағанының кезінен бергі жазба деректерде жиі кездеседі. Байұлы туралы деректер 18 ғасырдың бірінші жартысынан бастап орыс әкімшілігінің құжаттарынада жиі ұшырасқан.

Клара Сәрсенованың "Байұлы бірлестігінің этностық тарихы" еңбегінде "бай" сөзі арқылы жасалған этноним, топоним және антропонимдер қатары қазақ, өзбек, қырғыз, башқұрт, якут, ұйғыр, т.б. түркі халықтарында кездесетіні айтылған.

Байұлы терминінің шығу тарихына қатысты башқұрт халқы құрамындағы Баюлы (байлар) руының шығу тегіне қатысты қазақ зерттеушісі Серікбол Қондыбай келтіретін аңызда былай делінген: Күшлек деген жігіт өзінің сұңқарын бір үйір су жылқысына айырбастайды, сөйтіп су астынан бір үйір жылқы шығады, оларды "Қаражорға" деген тұлпар бастап шығады. Осы тұлпар иесіне қыз әкеліп береді, ол қыздан туған жігіттің балалары "байұл" руы деген атпен тарапты.

Қазақтың байұлы руына қатысты мұндай аңыз жоқ. Бірақ суын айғырлар туралы аңыздардың бүгінгі қазақ ішінде ең алдымен осы Байұлы қазақтары арасында таралуына, сақталуына қарай осындай сипаттағы шежірелік аңыздар қазақтың Байұылысына да қатысты болуы мүмкін.

Жетіру – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Тарихшылардың жетірудың арғы тегін ежелгі түркі тайпалары бірлестігімен байланыстырады.

Жетіру бірлестігінің шығу және қалыптасу тарихын Кузеев былай баяндайды: Жетіру тарихи және этникалық тұрғыдан Дешті Қыпшақ тайпаларымен тығыз байланысты. Қыпшақтардың өзі бұл топты ұзақ уақыт бойы башқұрттарға емес, қазақарға жатқызады... Оңтүстік Башкирияда ноғай билігі дәуірінде немесе одан да ертеректе жеті башқұрт тайпасының одағы ете-ырыу болғаны туралы аңыз кеңінен тараған. Әртүрлі мәлімет берушілер Жетіру бірлестігіне әртүрлі тайпаларды қосады.

Тарихи фольклордың мәліметіне қарағанда бәрінен бұрын бурзян, усерган, тамьян және тангаур тайпаларын біріктірген тайпалық одақ оңтүстік шығыс және оңтүстік Башкирияда 14-15 ғасырларда болған, алайда Жетіру деген атты ол кейін ғана алған. (...) Башқұрттардың жетіру руы этникалық тұрғыдан Кіші жүздегі қазақ руы жетіруға барып жалғасады, делінген "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында жарық көрген "Қазақстан тарихының" 11-томында.

"Бабалар сөзінің" 83-томында Жетіру туралы мынадай дерек келтірілген: "Жанарыстан бір ұл туыпты Майқы би деген. Сол Майқыдан үш бала туыпты: Садырқожа, Надырқожа, Қыдырқожа. Надырқожа әйел алған бойда көп кешікпей өліп, бала қалмай, әйелі жас қалады. Әйелі тентек болған соң ешкім алмай, қайын ағасы Садырқожа да, қайнысы Қыдырқожа да жоламайды. Күндердің бір күнінде әйел буаз болып, бір ер бала туады. "Некесіз тудың" деп жиіркеніп, бір адам қасына жақындамаған. Сонда әйел ерегісіп, "осы шырағым бойға бітерде жеті еркектің етегі тиіп еді, мұның атын "Жетіру" қоямын деген екен".

Төменде кіші жүздегі белгілі руларға қатысты қысқаша деректерді назарға ұсынамыз:

Адай

Қазақтың ең рі руларының бірі. Патша үкіметінің, кейін Кеңес үкіметінің "Жаппай адайлықтарды жою" саясатынан адайлар күрт азайды. Адайлардың орыс үкіметін мойындамауы: адайларды мыңдаған орыс-казак әскерлерімен соғысуға алып келді. Адайлар ежелден Каспий теңізінің шығысынан, Арал теңізінің батыс, оңтүстігін, Мұғалжар, солтүстік Балқанға дейін, Ойыл өзені мен Мойнақ шөлі жерлерінде өмір сүрген. М.Тынышбаевтың 1925 жылғы еңбектерінде Адайлардың саны 80-90 мың деп көрсетілген.

Алаша

Көне рулардың бірі. Ұраны- Байбарақ. Таңбасы- айбалта. Алашаның бір тобы Жайықтың орта шені мен Тұздыкөл, Қоскөл, Итмұрын көлдерінің төңірегін мекендейді. Енді бір тобы Жайықтың оң жағын ала, Қамыссамар көлінің төңірегін, Кіші өзеннің бас жағынан Нарын құмға дейін қоныстайды. М. Тынышбаевтың деректерінде шамамен 45 мың жан деп көрсетілген.

Байбақты

Шежіре бойынша Байұлынан таратылады. 1801-ші жылы құрылған Бөкей Ордасына (барлығы 16025 жан) көшіп келген. Ертеде Еділ мен Жайық өзендері аралығын қоныстанған. Сондай-ақ Ресейдің кейбір облыстарында да ұшырасады. ХХ ғасыр басында Байбақтылардың саны 40 мың болған.

Беріш

Тарихи деректер бойынша 10 — 11 ғасырлар аралығында Беріштер Батыс тарапқа үнемі жылжи отырып, Днепр аумағына барғаны аңғарылады. Днепрдегі Беріш ордасы 1245 — 1300 ж. Алтын Орданың Ноғай ұлысы құрамында болды. 1300 ж. Ноғай өлгеннен кейін Алтын Орда шеттей бастаған оның жұрты ханның жарлығымен Еділ-Жайық арасына көшірілді

Жаппас

Кіші жүздегі ірі рулардың бірі. Бірақ бұл ру туралы ерте кездегі деректер жоқтың қасы. М.Тынышбаевтың қазақ халқының тарихына қатысты еңбегінде жаппас рунының саны 50 мың дер көрсетілген. Жаппас руы әр аймаққа бытырай қоныстанған. Ертеректе олар Торғай облысының әр түрлі уездерінде, Бөкей ордасының, Сырдария және Орал облыстарының аумағында мекендеді.

Шекті

Кіші жүздің Әлімұлы бірлестігіне кіреді. Шектінің өзі беске бөлінеді. 20 ғасырдың басында Шектіге кіретін құрамдас рулар Орал, Торғай, Сырдария облысының Қазалы уездерін, Хиуа хандығына дейінгі аралықта мекендеді. 1971 жылға дейін шектілердің саны 60-80 мың болды.

Шөмекей

20 ғасырдың басында Шөмекейлер Қазалы уезі, Сырдың төменгі сағасын, Перовск уезінің солтүстік-шығыс жағын, Ырғыз және Ақтөбе уездерінің шығысын мекендеген. Көне деректер бойынша VIII ға­сырда (742-744 ж.ж.) ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен әскерінен жеңілген шөмекейлер батысқа жылжыған. 1917 жылға дейінгі саны шамамен 100 мыңнан асқан.

Төртқара

Төртқаралар негізінен еліміздің Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Қарақалпақстанда тұрады. Қазан төңкерісіне дейінгі саны 50-60 мөлшерінде болған.

Жағалбайлы

Аталған ел , "Қыз Жібек" эпосының бас кейіпкері Төлеген батырдың тарихы арқылы таныс. Дегенмен Жағалбайлының шыққан тегі жөнінде ғалымдар түрлі жорамалдар айтады. 1917 жылға дейін Жағалбайлының саны 70 мыңға жуықтаған.

Тама

Кіші жүздің бірлестігіне кіреді. Негізгі жері Ақтөбе, Орал облыстары, Ресейдің Орынбор облысы. Орыс деректерінде тама руы туралы алғаш рет 1748 және 1762 жылдары айтылады. Әбіш Кекілбаевтың зерттеуінше шығыстан келіп, Жетісуға қоныстанған Тама мен Табын Үйсіндердің құрамына еніп, Қарахан хандығын құруға атсалысқан. Қазан төңкерісіне дейін тамалардың саны 80 мыңнан асқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1731306-kisi-zzdi-kramyna-kiretin-rular-turaly-ne-bilemiz/