Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа жылды жұмыста қарсы алатын мамандық иелері кімдер?

Жарияланған күні:

Жаңа жылды үйде немесе қонақта емес, жұмыста қарсы алатын мамандық иелері бар. "Ақ Жайық" басылымы назарларыңызға солардың кейбіреуін ұсынады.

Коллаж: ғаламтордағы ашық дерекөздерден
Коллаж: ғаламтордағы ашық дерекөздерден: Facebook

Перзентхана қызметкерлері

Айгүл Шмалина 2016 жылдан бері облыстық перинаталды орталықта жұмыс істейді. Оның айтуынша, биыл оның кезекшілігі дәл Жаңа жылға түсіп тұр. Ол 31-ші желтоқсан күні таңғы 8.30-дан бірінші қаңтарының таңғы 8.30-на дейін жұмыс істейді екен.

azh.kz
Фото:azh.kz: Facebook
"Жаңа жылды жұмыста қарсы аламын. Мен жауапты дәрігер ретінде және менімен бірге екі жас дәрігер кезекшілікте болады. Тек босандыру залы үшін ғана емес, бүкіл орталық үшін жауаптымыз", - деді Айгүл Шмалина.

Дәрігердің айтуынша, кезекшілік кезінде олар өрт қауіпсіздігі, сумен қамту және электр жүйелері үшін жауап береді. Олардың көп уақыты босандыру залында өткенмен, патология және босанудан кейінгі бөлімдердегі әйелдерді де назардан тыс қалдырмайды. 

Айгүлдің айтуынша, күніне орташа алғанда 25 әйел босанады. Жаңа жыл түнін пациенттер мүмкіндігінше үйлерінде қарсы алуға тырысады. Түнгі сағат бірден кейін перзентханаға түсетіндер көбейеді. Біреуінің іші ауырса, бірінің жүрегі айниды: әрине, дастарқан үсті толып тұрады ғой.

"Өткен жылы 31 желтоқсанда түн ортасында бес әйел босанды, босанды да бір-бірін құттықтай бастады. Кейде, керісінше, Жаңа жыл түні тыныш өтеді. Әртүрлі", - деді Айгүл.

Жедел жәрдем қызметкерлері

azh.kz
Фото:azh.kz: Facebook

Жаңа жыл түнін жедел жәрдем қызметкерлері де қызу жұмыс үстінде өткізеді.

"Жаңа жылда кезекшілік ететініме жайбарақат қараймын, жұмысым осындай", - деді 32 жылдық өтілі бар Айгүл Ысқақова.

Жаңа жыл түнінде Айгүл Ысқақованың есінде қалатындай оқиғалар болмаған екен, алайда бірінші қаңтарда шақыртулар саны көп болады, мерекелік дастарханнан кейін созылмалы аурулары асқынып кететінін атап өтті.

Өрт сөндірушлер

azh.kz
Фото:azh.kz: Facebook

ТЖД өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары бөлімінің бастығы Азамат Жұмекешевтің айтуынша, 2009 жылы жас лейтенант болып жүргенінде Жаңа жылғы кезекшілікке досының орнына түскен кезі ерекше есінде қалыпты. Сол түні олар көңіл көтеретін жерге рейд жүргізген екен. Мейрамханалардың бірінде қоянның, қасқырдың және басқа да ертегі кейіпкерлерінің бетперделерін, жаңа жылдық костюмдерін киіп, тойлап жүргендер көп болған. Сол кезде мейрамханаға кіргенде қонақтар олардың камуфляж формасын карнавалдық костюм деп ойлап қалған екен.

"Биыл да Жаңа жыл түнінде кезекшілікте боламын. Отбасым бұған түсіністікпен қарайды. Әсіресе, әйелім. Ол әуел бастан-ақ, менің қызметім осындай екенін, төтенше жағдай болған кезде үйге бірнеше күндеп келмейтінімді біледі", - деді Азамат Жұмекешев.

Бригадасында 26 адам бар, олар түннің еш төтенше оқиғасыз өтуін қадағалайды.

Полиция

Полиция өкілдері де Жаңа жылды қызметте қарсы алатын мамандық иелері. Полиция майоры Медет Сағынтаев осы жылы кезекші екен.

"31 желтоқсанда кешкісін әйелім манты мен оливье салатын дайындайды. Үйде біраз отырамыз, сосын мен жұмысыма кетемін. Әдетте, Жаңа жыл түнінде 200-ге дейін қоңыраулар қабылдаймыз", - деді полиция майоры.

Жаңа жылда жасалатын қылмыстардың үштігіне:

1. Мейрамхана немесе кафе есебін төлемей, қашып кету;

2. Ішімдіктің кесірінен орын алатын отбасылық ұрыс-керістер;

3. Мас күйде қоғамдық орында болу кіреді екен.

"Келесі күні таңертең туыстарымды, достарым мен әріптестерімді Жаңа жылмен құттықтаймын", - деді Медет Сағынтаев.

Такси қызметкерлері

azh.kz
Фото:azh.kz: Facebook

Мәлік Чиников 56 жаста, оның жолаушы тасымалымен айналысқанына 14 жыл болыпты.

"Жаңа жыл біреулер үшін әсем шыршаның жанында отшашуды тамашалаумен қызық болса, такси қызметкерлері үшін бұл табыс табатын қарапайым күн", - деді Мәлік Чиников.

Ер адам Атырауға Ташкент қаласынан көшіп келіпті. 2004 жылы Қазақстандағы алғаш жұмысын «Дина» базарында таксист болып бастапты.

2008 жылы «Вояж» таксопаркіне жұмысқа тұрған. Содан бері 15 жыл ішінде үш көлік ауыстырыпты.  

"Иә, Жаңа жыл қарсаңында таксишілердің табысы екі есеге дейін өседі, сондықтан отбасымен мерекені үйде қарсы алудың орнына жолда жүреміз. Кейде 31-ші желтоқсан күні түнгі 23:50 шамасында 00:00-ге дейін Исатай-Махамбет алаңында болуым керек деген шұғыл шақыртулар түседі. Былтыр Жаңа жылды Нұрсаядан әуежайға клиент алып бара жатып, Әбілқайыр көшесінің бойында қарсы алдым. Жолаушы екеуміз бір-бірімізді құттықтадық", - деп сырымен бөлісті Мәлік Чиников.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1770670-zaa-zyldy-zmysta-karsy-alatyn-mamandyk-ieleri-kimder/