Коронавирустан тойына қонақ шақыра алмаған жас жұбайлар оғаш шешім ойлап тапты (фото)
Жарияланған күні:
Ұлыбританияда жас жұбайлар коронавирустың шектеулері салдарынан тойына қонақ шақыра алмаған. Десе де олар бұл мәселенің шешімін ерекше жолмен тапты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Жас жұбайлар тойына 50 қонақтың орнына олардың картон қағазға жапсырылған суреттерін қатыстырыпты. Олар бұл үшін, тіпті шамамен 2 500 доларын жұмсауды артық санамаған деп жазады mirror.co.uk басылымы.
Елде коронавирус салдарынан көптеген іс-шаралар мен тойларға шектеу қойылған. Мәселен, үйлену тойы мен неке қию салтанатына 30 адамнан астам қонақ шақыруға рұқсат етілмеген.
Гилфорд қаласында тұратын Романи мен Сэм Рондо-Смит үшін бұл шектеу біраз қиындық тудырған. Себебі, олар тойына 100 шақты адам шақыруды қалаған.
Шілде айында той жасамақ болған жұп айтулы күнді 14 тамызға ауыстырады. Жас жұбайлар заңды бұзбай тойына елу қонақты қатыстырудың жолын табады.
Олар 14 ең жақын туысын тойға шақырып, қалған қонақтардың суреттерін мейрамхана ішіне тізіп қойған.
"Біз 100 адам шақыруды қалағанбыз, алайда коронавирус бар жоспарымызды өзгертіп жіберді. Десе де біз де дегенімізден қайтпай, тойымызды ойдағыдай жақсы өткіздік. Той қонақтары алдын ала бізге өздерінің суреттерін жіберді. Суреттері ғана тойға қатысқандықтан, ішімдік пен тағамға қаражатымызды үнемдедік", - дейді жас жұбайлар.
Тойы ерекше өткен ғашықтар індеттің беті қайтқаннан кейін шынайы қонақтармен көңілді кеш өткізбек.
Еске салсақ, бұған дейін біз коронавирустан шекара аса алмаған жұп тойды екі ел тоғысқан сызықтың бойында жасағанын жазған едік.
Одан бөлек, әлемдегі ең қарт ерлі-зайыптылар 79 жыл жұптары жазылмауының құпиясымен бөліскенін жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1874230-koronavirustan-tojyna-konak-sakyra-almagan-zas-zbajlar-ogas-sesim-ojlap-tapty-foto/