13 жасар баланың кейпінде қалып қойған 32 жастағы ер адам мұңын шақты (фото, видео)
Жарияланған күні:
Владивосток ауылдарының бірінде тұратын 32 жастағы азамат 13 жасар баланың кейпінде қалып қойған. Мүлде қартаймайтын азамат қоғамға біраз ренішін жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
"Вася на сене" атты YouTube парақшасында сұхбат берген жігіттің видеосы 5 миллионнан астам қаралым жинаған.
"Менің есімім - Денис. Мен 32-демін. Шалғай шығыстан келдім", - деп әңгімесін бастады ер адам.
Ол Владивостоктағы ауылдардың бірінде тұрады екен.
"Сіздер менің орнымда бола алмайсыздар. "Балақай, саған көлік айдау ерте емес пе" дейтіндер көп. Менің денемде сіз болып көріңіз, сонда не сезетінімді түсінесіз. Жасы 32-ге келген адамның 13 жасар баланың денесінде өмір сүруі қалай екенін көпшілікке айтып бергім келді. Владивосток қаласының маңындағы ауылда тұрамын. Жарықпен жабдықтау компаниясында жұмыс істеймін", - дейді ол.
Денис өзінің ерекшелігін ерте сезіне бастаған.
"Өзгелерден ерекше екенімді балалар бақшасынан сезіне бастадым. Алайда толық түсінбейтінмін. Мектепте де айтарлықтай мән бермейтінмін. Қашан да белсенді болатындықтан, маған бәрі қалыпты көрінетін. Физикалық тұрғыдан өзгеріске ұшырамайтынымды түсінгенде, өмірім одан әрі қалай болатыны, әрине алаңдаттырды. Өмірім қоғам тарапынан түсінбестікке толы. "Қалжыңың шығар" дейтіндер көп", - дейді ол.
Ер адам полицейлер оны ерекшелігі үшін жиі тоқтататынын айтуда.
"Жергілікті полицейлер ескі жүргізуші құжатымды қарап, құжатым жалған деп ойлап қалған. "Жасың нешеде" деп сұрақтың астына алып, сенбей күлді. Әсіресе асыққанда жұртқа неге жас көрінетініңді түсіндіріп жатқан ыңғайсыз. Десе де көңілім жас деп айта алмаймын. Төрт жыл болды, сүйіктім бар, жасы менен кіші - 26-да. Мені жақын танитындар жасым 32-де екеніне күмәнданбайды. Алайда көлікте отырып, сыртқа шықсам, жұрттың таңданысы жалықтырады. Мені өмірге үйреткісі келетіндер де мезі еткен, жеткіншек секілді қарап, ақыл айтқысы келетіндер баршылық" - дейді ол.
Денис ақыл үйретуге асығатындарды сынады.
"Табиғатта оңаша қалғанда ұнатамын. Шулы қаланы ұнатпаймын, ауылдың баласымын. Десе де адамнан қашатын жабайы емеспін, жаңа ортаға тез үйренемін. Адамдарды келбетіне қарап бағалағанды қою керек деп ойлаймын. Адамды сөкпестен бұрын, ол туралы білмейтініңіз көп екенін ойлануыңыз керек. Бұл мәдениетсіздік. Адамға ақыл айтпастан бұрын, оның өмірін соның орнына сүрмегеніңізді ойлап көріңіз", - деп қоғамға ренішін жеткізді азамат.
Еске салсақ, бұған дейін біз тастай мұздың ішінде екі сағат бойы жалаңаш отырған спортшы рекорд орнатқанын жазған едік.
Одан бөлек, бес-ақ сағатта 10 келі салмақ тастаған қария рекорд жаңартқанын жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1874765-13-zasar-balany-kejpinde-kalyp-kojgan-32-zastagy-er-adam-myn-sakty-foto-video/