Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қымбат Досжан: «Қымбат жандарға» жолданған ешбір хат назардан тыс қалмайды

Опубликовано:

Кымбат Досжан
Фото: «Қазақстан» РТРК»

Жаңа маусымда «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан шыққан әлеуметтік жобалардың бірі «Қымбат жандар» бағдарламасы. Тележобаның мақсаты - тағдырдың жазуымен бір-бірінен қол үзіп қалған жандарды қауыштыру, түрлі жағдайда жақындарын жоғалтқан кейіпкерлерге барынша қолдау көрсетіп, құзырлы органдардың тікелей көмегімен хабар алуға қолұшын созу. Осы орайда бағдарлама авторы әрі жүргізушісі Қымбат Досжанмен сұхбаттасқан едік.

- Жалпы, жоба туралы, жобаның алға қойып отырған мақсаты туралы айта өтсеңіз...

- Атауы айтып тұрғандай, жобаның ең басты мақсаты - қоғамда белгілі бір себеппен немесе себепсіз өзінің жақынын жоғалтқан, олардан жазатайым көз жазып қалғандарға көмек қолын созу. Елімізде соңғы 5 жылда 13 мың адам із-түзсіз кеткен, яғни, ай сайын 220 адам жақындарынан алыстайды. Бұл - көңілге кірбің ұялататын статистика. Із-түзсіз жоғалған әр адамның тағдыры да әр қилы.

Кей адам ашу үстінде жақындарынан баз кешіп, отбасынан кетіп қалса да, арада көп жыл өткен соң қайта табысқысы келеді. Біздің мақсатымыз - сол жандардың отбасына оралуына жәрдемдесу. Ең өкініштісі, олардың арасында анасынан ажырап қалған балалар бар. «Қымбат жандар» - тағдырдың жазуымен бір-бірінен қол үзіп қалғандарды қауыштыратын алаң.

Телевизияның бір құдіреті, адамның көз жанары картинаны жадында тез сақтап қалады. Сол картинаны, сол адамның бейнесін бірден еске алады. Қазір көпшілікке жеңіл-желпі, ойын-сауықтық бағыттағы бағдарламалардан гөрі әлеуметтік жобалар қажет. Әсіресе әлемдік пандемия кезінде денсаулықтың қадірін біліп, отбасы құндылықтарын жоғары бағалайтын болдық, оның мән-мағынасын терең түсіне бастадық.

Ата-ананың, бала мен немеренің қаншалықты қадірлі екенін, біз тек өзіміздің отбасымызға қымбат екендігімізге бүкіл әлем болып көз жеткіздік. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай жаңа маусымда осы хабарды ашу идеясы туындағанын, оған менің жетекшілік етіп, бір-бірін жоғалтқандарды табыстыратын телеалаң жасау қажеттігін айтты. 17 жылдан бері әлеуметтік бағыттағы бағдарламалар жүргізіп келе жатқандықтан мен үшін бұл жоба жүрегіме ерекше жақын.

Отбасылық құндылықтарды дәріптеуде жобаның атқаратын рөлі орасан зор болмақ. Бір оқиғаны көрсете отырып, қаншама жанға ой салуға болады. Біздің мақсатымыз - шалыс баспауға, қате қадам жасамауға, жақыныңның жанына жара салмауға ой салу. Өмірдегі ең басты дүние – отбасыңның, қымбат жандардың қасыңда болғандығы. Әр адамның жүрегі жақынын іздейді. Сондықтан осы күзде, жаңа маусымда, хабардың алғашқы шығарылымы көрерменге жол тартты.

- Жобаға «Қымбат жандар» атауын беру идеясы неден туындады? Бағдарлама қай күндері көрсетіледі?

-Әркімнің өмірінде тіпті ол жақыны, туған-туысы болмаса да, тағдыр жолында ерекше із қалдырған қымбат адамы болады. Бұл әлеуметтік жобаны осындай жандарды бір-бірімен қауыштыру алаңына айналдырсақ деген ізгі ниеттен туған атау. Жоба қолға алынған кезде атауы «Үміт үзгім келмейді...» болатын. Бұл да бағдарлама идеясымен астасып жатқан тәп-тәуір атау. Бағдарлама түсіріліміне аз қалған уақытта «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басшылығы жобаның атауын «Қымбат жандар» деп өзгерткені туралы айтылды. Қуанғаным жасырын емес. Қай жағынан алып қарасаңыз да әдемі.

Бағдарлама әр жексенбі, сағат 12:00-де эфирге шығады. Жобаның бар жаңалығы – адамдарды қауыштыруда, оларға шексіз қуаныш сыйлауда, ғаламтор заманында әлеуметтік желілердің көмегімен, құзырлы органдардың атсалысуымен тек ел ішінде емес, отандастарымыздың шеттегі жақындарынан хабар алуына жәрдемдесу. Осы үдеден шығу үшін күні-түні тынбай еңбектеніп жатырмыз.

Қымбат жандар
Фото: «Қазақстан» РТРК»

Ұлттық арнаның көзіқарақты көрермендерін жаңа жобада қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Енді ғана басталып жатқан жоба болғандықтан барлық қырын толықтай ашып қою да артық болар, дегенмен бұл бағдарламаның алдында үлкен мақсат-міндет бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, көршілес мемлекеттерде адасып, қайта алмай жүрген отандастарымыздың елге оралуына септігімізді тигізіп жатырмыз. Әрине, бұл жұмыс әкімшілік ресурсты қажет етеді.

Мысалы, бір бағдарламада ұмытшақтығының салдарынан қалай шекара асып кеткенін білмейтін Мейрамгүл Мақұлбекова есімді жерлесіміздің оқиғасын қамтыдық. Кейіпкерді бас аяғы 4-5 күнде елге алдырып, студияда баласымен табыстырдық. Қазір ол кісі ауруханада емін алып жатыр. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігі, Астрахань қаласындағы консулдығы көмек көрсетті. Ана мен баланың қауышуына жәрдемдескен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен оралдық еріктілер тобына да арна ұжымы атынан алғыс айтып өткім келеді. Қазір де іздеу салғандардан тағы екі-үш отандасымыздың шетелде жүргенін білдік, соларды елге қайтару мақсатында өте ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұл қиын және қызықты жоба дер едім. Қиындығы, түрлі тағдырларға тап болуыңда, олардың ішкі әлеміне енуіңде, қызығы, жоқ іздеген жандардың қуанышына ортақтасу, сол қуанышқа септігіңді тигізу. Ал адамдарға қаншалықты көмектесіп жатқанымызды, бізден көмек алған, жақсылық шарапатын көрген жандар айта жатар. Ұзақ жылдар хат-хабарсыз кеткен жандарды іздеу оңай шаруа емес.

Түрлі оқиға, түрлі жағдайлар болып жатады. Біз ешбір адамның тілегін жерде қалдырмаймыз, барлығына бірдей көмек көрсетуге дайынбыз. Еріктілердің де көмегіне жүгінеміз. Осы орайда Ұлттық арнамен бірге осы миссияны алып шығуға дайын жандар болса, қатарымызға қосуға әзір екенімізді айтып өткім келеді. Эфирге шыққан әр хабардан кейін 30-40-қа жуық хат аламыз, келесі хабарға дейін сол хат кейіпкерлерінің ең болмағанда біреуі табылса, арна ұжымы үшін бұл - үлкен жеңіс.

Дәл қазіргі кезде шығармашылық топ кезінде ата-анасы бас тартып, америкалық отбасының асырауына өткен қазақ жігітін туған отбасымен табыстыру үшін жұмыс атқарып жатыр. Қазақтың осындай қанша қаракөз баласы жан-жақта жүр. Бір адамның жасаған қателігі қаншама адамның тағдырын өзгертіп жатады. Алайда күндердің күнінде шындық ашылады. Дәл осындай жағдайларда біздің мақсатымыз – баланың өсіріп, баққан ата-анасын ренжітпей, биологиялық ата-анасын тауып беруге жәрдемдесу.

Қымбат жандар
Фото: «Қазақстан» РТРК»

-Алғашқы шығарылымда 28 жылдан соң бір-бірімен табысқан туған бауырлардың оқиғасын көрдік. Екі ағайындының тағы бір бауырын тауып беруге уәде еттіңіздер. Бұл жағдай қазір қалай өрбіп жатыр?

- «Қымбат жандар» телебағдарламасына сағыныштан сарғайған, амалы таусылған шын мұқтаждар келеді. Олар - тағдыр талайымен жат болып кеткен бауырлар, өмір бойы бірін-бірі көрмеген ана мен бала, әке мен қыз, араздықпен ат құйрығын кесісіп бет көріспей кеткен ағайын, өткен жылдар белесінде кездеспей кеткен қимас дос-жарандар. Бұл жандардың барлығы араны бөлген ұзақ жылдарды артқа тастап, қымбат жандарымен табысуды арман етеді.

Жоба ашылады деп ақпарат тарағаннан бастап редакцияға келіп түскен хаттар легі толастаған жоқ. Солардың ішіндегі ең ерекше оқиғаны алғашқы бағдарламаға арқау еттік. Балалар үйінде тәрбиеленіп, бүгінге дейін бес отбасында патронаттық тәрбиеде болған Рамиль Садыбеков өзінің бауырын іздеп, бізге хат жолдаған болатын. 28 жылдан соң бауыры Азамат Садыбековты, нағашы әпкесі Раушан Байғабылованы іздеп тауып, студияда табыстырдық. Бұл – көптің көңілін толқытқан оқиға болды.

Ендігі мақсатымыз – олардың тағы бір бауыры Исламбек Садыбековты табу. Осы сәтте атап өтер жайт, қос ағайынды өздерінің тағы бір туған бауырларының бар екенін «Қымбат жандар» студиясында білді. Сол алғашқы шығарылымдардың бірінде елорда тұрғыны Әлібек Жиенәлиев ІІ Дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Әжіхан Дүйсеновтың жерленген жерін іздеп келді. Соңғы рет Беларусияда шайқасып, 1944 жылы 10 тамызда ерлікпен қаза тапты деген қара қағаз келген. Ұрпағы батыр бабаларының басына құран бағыштауды арман етіп жүргенін жеткізді. Кенжетай Ғазизова есімді ана 1999 жылы дүниеге келген ұлы Арман Ғазизге іздеу салды. 4 жылдан бері бір хабар болмаған соң біздің бағдарлама жүгінген. Бұл оқиғаны да назарда ұстап отырмыз. Бір жыл бұрын үйінен шығып кетіп қайтып оралмаған 1983 жылы туған Орал қаласының тұрғыны Аслан Бауеновке әкесі Нәжімеден Бауенов іздеу жариялады.

Алматы қаласынан Алтынай Ахметова есімді жерлесіміз 14 жыл бұрын үйінен шығып кетіп қайта оралмаған әкесі Аманжол Далиевті іздеп келді. Міне, бұл жер бетінен ең қимасын іздеп жүрген жандар. Қос құрбы Алтын Маханбетова мен Айнагүл Омарова Мәрзия Естемісова есімді курстастарын іздеп келіп, студияда қызы арқылы қайтыс болғанын естіді. Бұл да жанарымызға жас үйірілткен оқиғаның бірі болды.

Осындай түрлі тағдырлар, көз алдында ойнақтаған баласынан айырылған ананың, отбасының жылуы болған аяулы жардан айырылған азаматтың, етбауырынан айырылған ағаның, сырласынан көз жазған дос-құрбының алуан түрлі тағдыры бізді Ұлттық арна эфиріне қайта алып келді.

Қымбат жандар
Фото: «Қазақстан» РТРК»

Демек, енді кез келген жан Ұлттық арнаға хабарласып қымбат жанын іздеуге өтініш бере алады. Солай ма?

-Дәл солай. Жақынынан бір хабар білгісі келетін кез келген жан «Қымбат жандар» хабарына хат жазып жүгіне алады. Бағдарлама аптасына бір рет шыққанмен, +77075355383 WhatsApp желісі, әлеуметтік желідегі парақшаларымыз, qymbat_jandar@kaztrk.kz электронды поштасы тәулік бойы жұмыс істейді. Біз редакцияға келіп түскен ешбір хатты назардан тыс қалдырмаймыз. Қымбатынан көз жазып, қамығып жүрген жандар үшін біздің алаң әрдайым ашық.

- Жобаға сәттілік тілейміз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1878560-kymbat-doszan-kymbat-zandarga-zoldangan-esbir-hat-nazardan-tys-kalmajdy/

pixel