RU

Адамдарда тәттіге әуестік не себепті пайда болады

Балмұздақ
Фото: pixabay.com

Адамдар кей кездері тәтті нәрсе жеуге ерекше құмар болып тұрады. Мұндай әуестік неден пайда болады және онымен күресудің қажеті бар ма? Бұл сұрақтарға диетолог Елена Соломатина Sputnik радиосына сұхбатында жауап берді.

Соломатинаның айтуынша, арасында тәтті жеп тұрғаның еш зияны жоқ, тек шектен шықпау керек.

Ал егер тәттілерге тым қатты құмартқан болсаңыз, бұл басқа мәселе. Мұндай құмарлыққа не себеп болғанын анықтау маңызды.

Тәттіге әуестіліктің физикалық және психологиялық себептері болуы мүмкін. Мәселен, адамға кейбір элементтер жетіспеуі мүмкін.

"Біріншіден, бұл хром, магний, В дәрумендерінің жетіспеушілігі болуы мүмкін. Хромды қоспалар түрінде алуға болады, ол ет, теңіз өнімдерінде болады. Магний - қарақұмықта, жасыл көкөністерде, шемішкелерде бар. В тобындағы витаминдер - ет, күрделі көмірсулар, тұтас нан, жармаларда да кездеседі", - деп атап өтті Соломатина.

Тәттілерге деген құмарлықтың екінші себебі кез келген күйзелістен немесе энергияның жетіспеуінен туындауы мүмкін деп қосты диетолог.

"Бұған ажырасу, жақын адамдарының ауыруы немесе ләззат гормонының жеткіліксіздігі себеп бола алады. Мәселен ұнататын хоббиімен немесе спортпен шұғылдана алмаса, зейнетке шықса, кей адамдар ләззат алу сезімінен айырылып жатады. Қатаң диета немесе ұйқы қанбау да тәттіге құмарлықты оятуы ғажап емес. Жасырын инфекция да тәттіқұмарлықтың себебі болуы мүмкін. Суық мезгілде адам көбіне энергия жоғалтады және жылынғысы келеді. Майлы, тәтті, тұтқыр нәрсе әдетте энергияны толтыруға көмектеседі", - деп аяқтады Соломатина.

Еске салсақ, бұған дейін ғалымдар адам не себепті күніне 10 мың қадам жүруі керек деген сауалға жауап берген еді.

Одан бөлек, Нидерланд елінің тұрғындары күйзелістен арылу үшін сиырды құшақтауды ұсынған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1884862-adamdarda-tttige-uestik-ne-sebepti-pajda-bolady/