Жаңа жылда ер адамдарға қандай сыйлық сыйламаған жөн: маман кеңесі
Жарияланған күні:
Жаңа жыл қарсаңында барлық жан жақынын сыйлықпен қуантқысы келеді. Бұл мерекеде ер адамдар да назардан тыс қалмайды. Дегенмен кейбір сыйлықтарды ер адамдарға сыйламай-ақ қойғаныңыз жөн. Әдеп және іскерлік хаттама бойынша кеңесші Татьяна Николаева ерлерге қандай сыйлықтар ұсынбаған жөн екенін айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
- Әдеп және іскерлік хаттама бойынша кеңесші Татьяна Николаеваның айтуынша, ер адамдарға шұлық, іш киім, қырыну заттары, галстук және арзан алкоголь сыйламаған дұрыс.
- Кітап, кәдесыйлар, пакетке салынған сыйлықтар және әтір де сәтті сыйлық болмауы мүмкін.
- Халық наным-сенімі бойынша ер адамдарға сағат, пышақ, өткір заттар, жануарлар, мойынорағыш және қолғап сыйлауға болмайды, ал бос әмиян мен шабадан сыйлау да дұрыс емес.
Николаеваның айтуынша, ер адамға шұлық пен іш киім сыйламаған дұрыс.
Маман мұндай сыйлықтарды тек өте жақын адамға ғана сыйлауға болатынын атап өтті.
Ол, сондай-ақ, бейтаныс ер адамдарға қырынуға арналған заттарды сыйламау керек екенін ескертті.
Сонымен қатар іскер серіктестерге галстук сыйлыққа ұсынылса, этикет ережелері өрескел бұзылуы мүмкін екенін айтады.
"Мұндай сыйлықты жақын адамға тек оның талғамынан жақсы хабардар болған жағдайда ғана беруге болады", - дейді Әдеп және іскерлік хаттама бойынша кеңесші Татьяна Николаева.
Маман кітаптың да айтарлықтай сәтті сыйлық болмауы мүмкін екендігін алға тартты. Айтуынша, мұндай сыйлықты ұсынушы кітапты толықтай өзі оқып шығып, оқуға тұрарлық екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана өзгеге тарту еткені абзал.
Сарапшы арзан алкогольді сусын сыйлау да қажеті жоқ екенін айта кетті. Оның бағасы кем дегенде орташа немесе орташадан жоғары болуы керек. Олай болмаған жағдайда мұндай сыйлық жасаудан бас тартқан абзал.
Қарапайым кәдесыйлар мен пакетке салынған сыйлықтар да кей ер адамдардың көңілінен шықпауы мүмкін деп толықтырды кеңесші.
Кей сарапшылар бұл тізімге әтірді де қосады. Бұған дейін әтір әмбебап шешім ретінде саналып келсе, ал қазіргі заманғы ер адамдар өзіне ұнайтын парфюмді өз бетінше сатып ала алады. Егер сіз таңдаған бренд адамға ұнайтынына сенімді болмасаңыз, оны сыйлыққа бермеңіз.
Көптеген халықтың наным-сенімінде сағат, пышақ немесе өткір заттар, жануарлар сыйлауға тыйым салынады. Бұл заттарды ер адам ақысын беріп, сатып алуы керек.
Айтпақшы, мойынорағышқа да қатысты осындай тыйым бар. Сондай-ақ ер адамға қолғап сыйлауға да болмайды.
Ер адамға әмиян немесе шабадан сыйлағыңыз келсе, бос бермей ырымға ішіне тиын-тебен не тәтті салып бергеніңіз жөн. Бос әмиян сыйлауға болмайды деген сенім бар.
Бұл тізімде аталған заттардың кейбірін ер адамдардың өзі ұнатпайтын болса, кейбірі ел арасындағы наным- сенімнен алынған. Жаңа жыл қарсаңында досыңызды, бауырыңызды немесе сүйіктіңізді қуантуды қаласаңыз, осы кеңестерді ескеріп, сыйлықты мұқият таңдағаныңыз жөн.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1890350-zaa-zylda-erkekterge-kandaj-syjlyk-zasamagan-zn-mamanny-keesi/