Екі соғыс, үш пандемия: Талай індеттен аман қалған әжей жайлы не білеміз
Жарияланған күні:
109 жастағы кейуана Луиза Запителли өмір жолында екі соғыс пен үш пандемияны басынан кешірген. Десе де барлық қиындықтарды еңсере алған зейнеткердің бүгінгі күннің өзінде күш-қуаты сарқылмаған деп жазады euronews.
Луиза Запителли екі пандемиядан, іш сүзегі эпидемиясынан және екі соғыстан аман қалып, бүгінде 109 жасқа толып отыр.
Қарт әжей барлық қиындықтарды еңсеріп, қазірдің өзінде көпшілікке көмек қолын созып жүр. Ол "Веспа" қайырымдылық орталығында ерікті болып жұмыс істейді және шымшықтарды өсірумен айналысады.
Зейнеткер испан тұмауы, азиялық тұмау және өзге аурулардың бәрін жұқтырғанына қарамастан, дерттен құлан таза айыға алған.
Луиза Запителли коронавирус салдарынан карантин күшейтілген кезде денсаулығын күтіп, күнде балконда ұзақ серуендеген.
Ол Италияның Читта-ди-Кастелло қаласында тұрады. Бүгінде велотренажёрде жаттығумен уақытын өткізіп жүрген кейуана көшеде емін-еркін серуендейтін бұрынғы кезін аңсауда.
"Қазір мен бұрынғыдай көшеге шығып, серуендей алмаймын. Жақын маңда көзі нашар көретін әйел тұрады. Мен оған қамқор болып, серуендеуге бірге алып шығатынмын", - дейді Луиза Запителли.
Өткен жылы Италия президенті Серджио Маттарелла әжейге азаматтық белсенділігі үшін алғысын білдіріп, жас ұрпақты одан үлгі алуға шақырған.
Луиза Запителли алғаш рет дауыс беру құқығын алған 13 миллион италиялық әйелдердің қатарында болды, содан бері бірде бір рет сайлауды жібермеген әжей 74 рет дауыс берген.
Тіпті өткен қыркүйекте де COVID-19 өршігеніне қарамастан, ол дауыс беруге келген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1890497-eki-sogys-s-pandemia-talaj-indetten-aman-kalgan-zej-zajly-ne-bilemiz/