RU

"Армандағы жұмыс": Күні бойы фильм тамашалайтын қызметкер іздестірілуде

Кино көру
Көрнекі сурет: pixabay.com

Гетеборг кинофестивалі "Оқшауланған кинотеатр" жобасын іске қосты. Жобаға бір апта бойы шамшырақта (маяк) жалғыз өзі кинопремьераларды тамашалауға дайын қызметкер іздестірілуде. Ол жерге өзіңізбен бірге гаджеттерді немесе өзге де құралдарды алуға тыйым салынады деп хабарлайды Göteborg Film Festival ресми сайты.

Осылайша, ұйымдастырушылар коронавирустық пандемияға байланысты өзекті бола бастаған әлеуметтік қашықтық сақтау идеясын барынша түсінуге тырысуды көздеуде деп хабарлады фестивальдің баспасөз қызметі.

Таңдалған ерікті Швециядағы "ең желді әрі адам тұрмайтын және ашық жерлердің бірі" атанған Патер Ностер шамшырақ аралында бір аптасын өткізуі керек.

Ұйымдастырушылар еріктіні аралға қайықпен жеткізіп, бір аптадан соң қайықпен алып кетуге уәде береді.

"Оқшауланған кинотеатр" қатысушысы тамақпен толықтай қамтамасыз етіліп, 60 шақты фильмді тамашалауға ыңғайлы диван беріледі. Жобаға қатысудың өзге шарттарының қатарында "сыртқы әлем де жобаға қатыса алатындай" бейнекүнделік жүргізу қажеттілігі айтылған. Дегенмен күнделікті қалай жүргізу керектігі нақтыланбады.

"Оқшауланған кинотеатрға" қатысу үшін өтінішті 17 қаңтарға дейін жіберу керек. Егер ұйымдастырушылар сізді таңдаған болса, онда сіз Pater Noster-де 30 қаңтардан 6 ақпанға дейін боласыз. Бұл жобаға қатысқан адамға ақша төлене ме, жоқ па, әзірге белгісіз.

Бұл Гетеборг кинофестиваліндегі коронавирустық оқшаулауға арналған жалғыз жоба емес. Мәселен, ұйымдастырушылар 12000-нан астам адамға арналған "Скандинавиум" стадионында және 707 келуші сиятын "Дракен" кинотеатрында бір адамға арналған көрсетілімдер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1893707-armandagy-zmys-kni-bojy-film-tamasalajtyn-kyzmetker-izdestirilude/