RU

Алаңғасар шенеунік жиында судың орнына санитайзер ішіп қойды

Су
Көрнекі сурет: pixabay.com

Үндістанда маңызды отырыстардың біріне келген шенеунік абайсызда судың орнына санитайзер ішіп қойды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Коронавирус өршіп тұрған бүгінгі таңда жиындарға санитайзерлер қою әдеттегі жағдайға айналған. Тіпті тазалық құралдарынсыз түрлі жиындарды елестету мүмкін еместей.

Мумбайда өткен сондай жиындардың бірінде үстел үстіне санитайзерлер қойылады.

Алайда, шенеуніктердің бірі Рамеш Павар дезинфекциялау құралын ауыз сумен шатастырып алып, оны ішіп қояды.

Ол санитайзермен шөлін қандырамын деп мүлде ойламаған болуы керек.

Бұл жайтты байқап қалған жиынның өзге қатысушылары мен ұйымдастырушылары оны тоқтатамын дегенше, ойы басқада болған шенеунік еш алаңдамай санитайзерді бірнеше рет жұтып үлгерген.

Еске сала кетсек, антисептикті бетіне дейін сеуіп алған қырғыз депутаты желіде жұлдыз болған еді.

Бұл жайт Жогорку Кеңеш депутаттарының мемлекеттік резиденциядағы кезектен тыс отырыс кезінде болған.

Депутаттың видеосымен бөліскен автордың жазуынша, Тазабек Икрамов залалсыздандырғышты қасында отырған адамнан алып, содан кейін оны бетіне, қолына сепкен.

"Оның неліктен бұлай жасағаны түсініксіз. Бұл сәтті журналистер камераға түсіріп алды", - дейді ол.

Ал бұл видеоға қатысты пікір білдірген желі қолданушылары: "Бұл азамат таң қалдыруды доғарар емес", "Коронавирус кет, кет", - деп жазып, әзілдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1898192-alangasar-seneunik-ziynda-sudyn-ornyna-sanitaizer-isip-qoidy-video/