RU

Танымал тележүргізуші тікелей эфир кезінде құлап, қолын сындырып алды (видео)

Эфир кезінде
Видеодан кадр: YouTube

Ресейдің "Первый канал" телеарнасындағы "Время покажет" бағдарламасының жүргізушісі Екатерина Стриженова тікелей эфир кезінде құлап кетіп, қолын сындырып алды. Ол бірден ауруханаға жеткізілген.

Желіде тараған видеодан тележүргізушінің баяу адыммен артқа қарай жүргені, бір сәтте оның баспалдақты байқамай құлап кеткенін көруге болады.

Life.ru порталының жазуынша, Стриженова қолын сындырып алған. Оның әріптесі тележүргізушінің қазір ауруханада жатқанын айтты.

"Өкінішке орай, сынғаны расталды. Қазір жағдайына қатысты бірдеңе айту қиын... Дәрігерлердің қорытындысын күтейік, сол кезде бәрі түсінікті болады", - дейді журналист Руслан Осташко.

Сонымен бірге ол жедел жәрдемнің тез арада келіп, тележүргізушіні ауруханаға алып кеткенін атап өтті.

Айта кетейік, Екатерина Стриженова ресейлік танымал тележүргізушілердің бірі. Ол көпшілікке "Первый каналдағы" "Доброе утро" бағдарламасы арқылы етене таныс. Стриженова бұл бағдарламаны 1997 жылдан бері жүргізіп келеді.

Сонымен қатар ол 2014 жылдан бастап "Время покажет" бағдарламасын да жүргізе бастады

Сондай-ақ тележүргізуші "Любовь-морковь", "Мамы", "Побег", "Куприн", "Домик в сердце", "Дедушка моей мечты" және "Убийство на 100 миллионов" сынды фильмдер мен телехикаяларға түскен.

Еске сала кетсек, бұған дейін Колумбияда студиядағы тікелей эфир кезінде ESPN спорт телеарнасының жүргізушісі Карлос Ордуздың үстіне үлкен декорация құлап кеткен болатын.

Осылайша, журналист бір ажалдан аман қалған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1905274-tanymal-telezurgizusi-tikelei-efir-kezinde-qulap-qolyn-syndyryp-aldy-video/