Еттен кейін неге шай ішуге болмайды: Отандық маманның пікірі
Жарияланған күні:
Қазақ тағамтану академиясының жетекші ғылыми қызметкері, медицина ғылымының кандидаты Майгүл Қайнарбаевa еттен соң неліктен бірден шай ішуге болмайтынын түсіндірді деп жазады Qadam.asia.
"Халқымыз бұрында еттен кейін қымыз ішкен. Ал қымыз – тағамды қорытатын нағыз катализатор. Күрделі тағамды тез ыдыратады. Ал қазір біз шай ішетін болдық. Еттен кейін бірден шай ішуге болмайды. Өйткені шай құрамындағы кофеин мен танин еттің ең пайдалы элементі – темірді ыдыратып жібереді. Шай ішпеу керек деп айтпаймын, ішу керек. Бірақ ет жеген соң 40 минут не 1 сағаттан кейін ішкен жөн. Оған дейін тағам сіңіп үлгереді", - дейді Майгүл Қайнарбаева.
Тағамтанушының айтуынша, қазір Қазақстанда темір жетіспеушілігінен зардап шегетіндер көп. Әсіресе, әйелдер, cоның ішінде жүкті келіншектер. Ал ет жейтіндерде бұл мәселе көп кездеспейді екен.
"Халқымыз кейде шайды қою қылып, сүтпен ішеді. Сүттің құрамындағы кальцинат да темірді "ерітіп" жібереді. Тамақ сіңген соң барып, шай ішудің маңызы осында", - дейді Майгүл Қайнарбаева.
Басылымның жазуынша, қазақстандықтардың етті шаймен ішуінің дұрыс еместігін шетелдік мамандар да мойындайды.
Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Мелита Вуйновичтің сөзінше, қазақ халқының арасында анемияның тарауына да шайды дұрыс ішпеуі себеп.
"Бізге анемиямен күресу керек. Өтініш, еттен кейін шай ішпеңіздер. Шайды тек бір сағаттан кейін ғана ішіңіздер. Темір жетіспеушілігімен күресудің бұдан басқа амалы жоқ", - дейді тағамтанушы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1910145-etten-keiin-nege-sai-isuge-bolmaidy-otandyq-mamannyn-pikiri/