112 жаста: Әлемдегі ең қарт ер адам ретінде рекорд жаңартқан қария туралы не білеміз
Жарияланған күні:
112 жастан асқан Пуэрто-Рико тұрғыны Эмилио Флорес Маркес бүгінгі таңда әлемдегі ең қарт ер адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді деп хабарлайды guinnessworldrecords.com.
Эмилио Каролинада 1908 жылдың 8 тамызында дүниеге келген. Ол артынан ерген 9 бауыр-қарындасын аяққа тұрғызу үшін әкесіне барынша қолғабыс болып, фермада жастайынан жұмыс істеген.
"Балалардың ең үлкені болғасын, оларға барынша көмектесетінмін", - дейді Эмилио.
Эмилио 75 жыл Андреа Перес есімді жан жарымен бақытты ғұмыр кешкен. Оның әйелі 2010 жылы қайтыс болған екен. Олардың ортақ төрт баласы бар.
Бүгінде қария бес немере, бес шөбере сүйіп отыр. Қарияны екі баласы өз қамқорлығына алған.
101 жасында жүрегіне ота жасаған Эмилионың денсаулығы бүгінде бірқалыпты. Ол бақытты ғұмыр кешу үшін ашу-ызаны ұмытып, бәріне сүйіспеншілікпен қарай білу керектігін алға тартты.
Оның расымен әлемдегі ең қарт адам екенін тексеру міндеті Гиннестің рекордтар кітабының геронтология бойынша маманы Роберт Янгке жүктелген екен.
Робеттің сөзінше, бұған дейін ең қарт ер адам ретінде румыниялық Думитру Комэнеску саналып келген. Ол 1908 жылдың 21 қарашасында дүниеге келген. Думитру 2020 жылы 27 маусымда дүниеден озған.
Ал ең көп жасаған марқұм кісілердің ішінен Франция тумасы Жанна Кальманды атауға болады. Ол 122 жасқа дейін өмір сүрген.
Тарихтағы ең қарт ер адам - Дзироэмон Кимура (Жапония). Ол 116 жасында өмірден өткен.
Ал көзі тірі ең қарт әйел - Жапонияда тұрады. Оның есімі-Канэ Танака. Ол 118 жаста.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1921184-119-zasta-alemdegi-en-qart-er-adam-retinde-rekord-zanartqan-qariya-turaly-ne-bilemiz-foto/