RU

Ғалымдар әлемді жайлаған аптап ыстыққа байланысты дабыл қағып жатыр

Ыстықтап тұрған қыз
Көрнекі фото: pixabay.com

Маусым айы Америка тарихында ең ыстық кезең болды. Соның салдарынан орман алқаптары отқа оранып, тұрғындар қуаңшылық зардабын тарта бастады деп хабарлайды "Хабар 24".  

Ғалымдар "ауа температурасының бұлай ысуы климаттың өзгеруімен тікелей байланысты" дейді.

Калифорнияда аптап ыстыққа байланысты орман өрті күшейген. Қызыл жалын өткен жұма күні орманға жай түскеннен басталған. Сөйтіп, құрғақшылықтан қурап тұрғын ағаштар тез тұтанып, қатты желдің салдарынан өрт тарап кеткен.

Мамандардың айтуынша, биылғы жаз АҚШ-тың батыс жағалауы үшін өте ыстық болады. Тіпті сынап бағанасы рекордтық көрсеткішке жетіп, қуаңшылыққа әкелуі мүмкін.

"Аймақта құрғақшылыққа байланысты штат аумағындағы 58 округтің 50-інде төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындарды суды үнемдеуге шақырамыз. Былтыр Өлім алқабында 54 градустан жоғары температура тіркелді. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Алдағы демалыс күндері ауа температурасы 53 градусқа жетеді деген болжам бар. Бұл климаттың өзгеруімен байланысты", - деді Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом.

Аптап ыстық ресейліктерді де алқымнан алып тұр. Санкт-Петербургте күннің шыжығаны сонша, жолдар жарылып жатыр. Ал мәскеуліктер сая іздеп, су жағалап жүр. Әдетте адам аяғы аз болатын субұрқақтарда жұрт қарасы көп.

Синоптиктер мұндай аптаптың алдағы күндері де сақталатынын айтады. Осыған байланысты төтеншеліктер азаматтарды мейлінше сақ болуға шақырып, көбірек су ішуге кеңес беріп жатыр.

"Өте ыстық. Сынап бағанасы +25 градусты көрсетсе, керемет болар еді. Ал мынадай ыстықта күйіп кетпес үшін крем жағуға мәжбүрміз. Бүгін далаға бас киімсіз шығып едім, енді соған өкініп отырмын", - дейді жергілікті тұрғын Маргарита.

Қазір ғалымдар аптап ыстыққа байланысты дабыл қағып жатыр. Айтуларынша, әлемдік климат өзгерісіне антропогенді факторлар әсер етпегенде Батыс елдері ми қайнатар ыстықты көрмес еді. Ал енді мұндай жағдайлар жер бетінде жиілей түсуі әбден мүмкін екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1921776-galymdar-alemdi-zailagan-aptap-ystyqqa-bailanysty-dabyl-qagyp-zatyr/