Әсемдігімен көз тартатын Венециядан өзге су үстінде тұрған қалалар жайлы не білеміз
Жарияланған күні:

Мыңдаған жылдар бұрын қытайлық құрылысшылар тек қайықтармен жүре алатын елді мекендер салған. Еуропада ежелгі Брюгге қаласының каналдарында қайықпен серуендеу арқылы орта ғасырлардың дәмін сезінесіз, ал Үндістанда жас жұбайлар романтиканы іздеп, әлемнің екінші шетіне бармайды, себебі мұнда іргесі суда қаланған әсем әрі ежелгі қала Удайпур сақталған. Bigpicture.ru әлемге әйгілі Венеция қаласынан бөлек суда орналасқан тағы 5 қаланы назарларыңызға ұсынды.
Вучжен, Қытай
Қытайда судағы қалалар жиі кездеседі, туристік агенттіктер тіпті Шығыс Венецияға толыққанды турлар ұсынады.

Янцзы өзенінің аймағында су үстіндегі бірқатар қала бар. Олардың ішінде Вучжен ерекше сипатқа ие.

Оның тарихы ежелгі дәуірден бастау алады. Ғалымдардың есептеуінше, адамдар мұнда осыдан 7000 жыл бұрын қоныс аудара бастаған.

Вучжен Қытайдағы судағы барлық қалаларына қарағанда жақсы сақталған және туристер арасында да аса танымалдыққа ие. Қаланың көп бөлігі көне ғимараттардан тұрады.
Чжоучжуан, Қытай
Қытайдың ежелгі қалаларының бірі Тайху көлінде орналасқан. Чжоучжуан көшелерін шағын өзендер құрайды. Көл орталық алаң болып саналады. Бұл қала қытайлық туристер арасында аса танымал, ал шетелдіктер мұнда сирек келеді.

Қалада ежелгі тас көпірлер, қара жабынқышы мен қызыл есіктері бар аппақ үйлер сақталған.

Қаладағы ең көне ғимараттардың тарихы тоғыз ғасырдан асады. Чжоучжуанның ең көрнекті жерлерінің бірі – XI ғасырда Сун династиясы кезінде салынған Ченгксу ғибадатханасы.

Ченгсудің керемет сәулеті ғана емес, ғибадатханаға апаратын ұзын тас көпір де туристерге жағымды әсер сыйлайды.
Удайпур, Үндістан
Үндістандық жас жұбайлар бал айын ерекше қала Удайпурда өткізгенді ұнатады. Мұнда әсемдігімен көзге түсетін керемет бекіністер мен сарайлар сақталған.

Удайпур үш үлкен көлдің арасында орналасқан. Оның көрікті жерлерінің бірі – "Көлдегі сарай". Ол Пичола көлінің дәл ортасына салынған және бір кездері үнді билеушілерінің жазғы резиденциясы болған.

Қазіргі уақытта "Көлдегі сарай" қонақ үйге айналған. Бұл Үндістандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең сәнді қонақ үй болып табылады. Удайпурда судағы ғаламат сәулетімен қызықтырар ежелгі ғимараттардан бөлек, Фатех көлінің айналасында көптеген саябақ бар.

Брюгге, Бельгия
Брюгге – Бельгияның Батыс Фландрия провинциясының астанасы. Мұнда тарихи ғимараттар Венециядағыдай жақсы сақталған.

Брюггеде ортағасырлардағы жайлы үйлердің бойымен көптеген арналар арқылы қайықпен жүзуге болады.

Қала арқылы үш үлкен канал өтеді: Гент, Слейс және Остенд. Олардың тереңдігі тіпті теңіз кемелерінің де өтуіне мүмкіндік береді. Бірақ қаланың орталық бөлігінде шағын көшелерді құрайтын шағын каналдарда тек шағын қайықпен жүзе аласыз.

Қалада барлығы 54 көпір бар, олардың арасында үлкен кемелердің өтуіне арналған ашпалы көпірлер бар.
Мескальтитан, Мексика
Мексикада да өзінің Венециясы бар. Ол Мескальтитан қаласы деп аталады. Шаһар Наярит штатының жағалауындағы аралда орналасқан. Оны Мексикадағы ең кең мангр тоғайы қоршап тұр, олардың арасында көптеген арна ағып жатыр.

Қала жыл сайын жаңбырлы маусымда, яғни тамыз-қыркүйек айларында Венецияға айналады. Көшелер суға толып, жергілікті тұрғындар каноэға отырады.

Аңыз бойынша, Мескальтитан ацтектер өркениетінің бесігі болған ежелгі Ацтлан қаласының орнында орналасқан.

1091 жылы олар оңтүстікке қоныс аударды, содан кейін олар Теночтитланды (қазіргі Мехико) құрды деп саналады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1921922-asemdegimen-koz-tartatyn-veneciyadan-ozge-su-ustinde-turgan-qalalar-zaily-ne-bilemiz/