40 жылын джунглиде өткізіп, "тарзан" атанған азамат адамдар арасына оралғаннан кейін көз жұмды
Жарияланған күні:
Вьетнамда 40 жылын джунглиде өткізіп, "тарзан" атанып кеткен азамат көз жұмды, деп хабарлайды Daily Mail.
Хо Ван Ланг (Ho Van Lang) бауырдың қатерлі ісігінен қайтыс болған. Ол бұл дертке адамдар арасына оралғаннан кейін шалдыққан.
Хо Ван Ланг 6 қыркүйек күні 52 жасында дүниеден өтті. Ер адам 40 жылын джунглиде өткізгенде мүлде ауырып көрмеген екен.
Белгілі болғандай, Хо Ван Лангтың әкесі америкалық бомба тастаушылардан қашу кезінде отбасымен бірге джунглиде жасырынып, олар жылдар бойы ну орманда өмір сүруге мәжбүр болған.
Отбасында талай адам бомбадан қаза тапқасын Лангтың әкесі балаларына джунглиден алысқа кетуге қатаң тыйым салған екен.
Осылайша 40 жылдан астам уақыт джунглиді паналап келген отбасыны 2015 жылы Альваро Сересо есімді фотограф кездейсоқ байқап қалып, Хо Ван Лангтың жақын досына айналады.
Ол Лангтың өркениетке қайтып оралуына өз үлесін қосқаны үшін бүгінде өкінетінін жасырмайды. Оның ойынша, Ланг джунглиде өмір сүруін жалғастыра бергенде, денсаулығына зиян тағамдарға әуестеніп, дертке шалдықпас еді.
Ланг әкесімен және үлкен ағасымен джунглиде жеміс-жидек, бал, балық пен жан-жануарлардың етін жеп өмір сүрген. Кітап, электр тоғы, көліктер дегенді мүлде көрмей өскен Ланг адамдар ортасында біраз уақыт үйренісе алмай жүрген.
Ал оның үлкен ағасы Хо Ван Три болса, керісінше өркениетке жақынырақ болып, інісі мен әкесінен ертеректеу джунглиден кетіп қалған. Ол адамдардан әбден қорқып қалған әкесін джунглиден кетуге көндіру оңайға соқпағанын айтуда.
Десе де, ағайындылар әкесін ақыры көндіріп, адамдардың ортасына қайта оралған. Әкесі әбден қартайып, денсаулығы сыр бере бастағасын, оны дәрігерлерге қарату қажет болған.
Өкінішке қарай, ну орманда тұмау мен жұқпалы аурулардың не екенін білмей өмір сүріп келген отбасы адамдардың ортасына оралған соң жиі ауыратын болған. Ақыры Лангтың әкесі аурудан көз ашпай, 2017 жылы өмірден өтеді.
Ланг та қатерлі ісікке шалдыққанын тым кеш білген. Фотограф Альваро Сересотың сөзінше, Хо Ван Ланг жақсы адам болған және оның қазасы ауыр тиген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1932381-40-zylyn-dzunglide-otkizip-tarzan-atangan-azamat-adamdar-arasyna-oralgannan-keiin-koz-zumdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.