Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Наурыз мейрамына арналған кәдесый жасауға балалар үшін топ-5 идея

Опубликовано:

қолөнер бұйымын жасап отырған бала
Көрнекі фото: pexels.com

Наурыз мейрамы қарсаңында әдетте мектеп оқушылары мен бүлдіршіндер ұлттық мәдениетті дәріптейтін кәдесыйлар әзірлейді. Қолөнер бұйымдарын жасау үшін қолда бар материалдар қолданылады. Осы ретте қолөнершілер Елена Каминская, Светлана Ращупкина және Вера Преображенскаяның кәдесый жасау бойынша идеялары мен нұсқаулықтарын назарларыңызға ұсынамыз.

Қағаздан киіз үй жасау

Наурыз мейрамындағы ең танымал қолөнер бұйымы - киіз үй, ол - көшпенді халық тасымалдауға ыңғайлы баспана ретінде пайдаланған киізден жасалған қаңқалы құрылым. Киіз үй - қазақ халқының ұлттық символының бірі. Бұл кәдесый әр түрлі материалдардан жасалады, мысалы оны ағаш немесе пластик таяқшалар, сіріңкелер, фоамиран және фетр қағазынан құрастыруға болады. Назарларыңызға киіз үйді қағаздан жасаудың жолын ұсынамыз. Ол үшін төмендегі материалдарды дайындау қажет:

  • түрлі-түсті қағаз (жасыл, сары, қызыл, күлгін, қара);
  • қатты қағаз;
  • ағаш таяқшалар;
  • сызғыш пен қарындаш;
  • қайшы;
  • желім.
қағаздан жасалған киіз үй
Қағаздан жасалған киіз үй: YouTube/Dana M

Бұйымды жасау жолы:

  1. Сары қағазға қарындашпен ені 1 см болатын 10 жолақ сызып алыңыз. Оны контур бойымен кесіңіз.
  2. Сары қағаздан диаметрі шамамен 2 см болатын кішкене шеңбер сызыңыз және оны қиып алыңыз.
  3. Сары дөңгелек шеңберге жұқа жолақтарды желімдеңіз. Шеңбердің ішкі жағына ыстық желім жағып, ағаштан жасалған таяқшаны бекітіңіз. Киіз үйдің қаңқасы дайын.
  4. Бұйымның табан бөлігін жасаңыз - картоннан диаметрі 15 см болатын 2 шеңбер кесіп алыңыз. Оларды бір-біріне жабыстырып желімдеңіз. Сосын оны жасыл қағазбен қаптап жабыстырыңыз.
  5. Шеңбердің ішіне киіз үйдің қаңқасы орнатылған ағаш таяқшаны енгізіңіз, оны ыстық желіммен бекітіңіз.
  6. Жасыл картоннан табанның диаметріне сәйкес келетін сақиналы шеңбер жасаңыз. Оны бұйымның ортасына орналастырыңыз. Жақтауды құрайтын қағаз жолақтарын алдымен шеңберге, содан кейін табанына жабыстырыңыз. Үйге ұқсайтын қолөнер бұйымы шығады.
  7. Түрлі-түсті қағаздан гүлдер жасаңыз: 7x7 см шаршы кесіңіз, оны екіге, содан кейін қайтадан екіге бүктеңіз. Бөлшектің 4 жағынан тіліп алыңыз, одан гүлдің пішінін келтіріңіз және шетін жабыстырыңыз. Егер сіз киіз үйдің ішін безендіретін гүлді қалай жасау керек екенін іздесеңіз, Елена Каминскаяның "Қағаздан жасалған қолөнер, ойыншықтар, кәдесыйлар және сыйлықтар" кітабындағы қалампыр, раушан, магнолия, иристерді жасау идеялары мен нұсқаулықтарын қарап шығуға кеңес береміз.
  8. Жасыл қағаздан жапырақ пішінін кесіп, олармен гүл композициясын толықтырыңыз.
  9. Қара қағазға қарлығаштардың сұлбасын салып, қиып алып, киіз үйдің басына жапсыру қажет.

Тақия жасау

Тақия – қазақ халқының дәстүрлі бас киімі. Оны жасау үшін келесі материалдар мен құралдарды дайындап алыңыз:

  • жылтыр фетр немесе фоамиран (көбік);
  • велюр мата;
  • картон;
  • сәндік элементтер (қауырсындар, ою-өрнегі бар лента, моншақтар);
  • қарындаш;
  • қайшы;
  • желім.
Тақия
Тақия жасау жолы: YouTube/Гульжан Кужанова

Жұмыс барысы:

  1. Картонға немесе қалың қағазға диаметрі шамамен 30 см болатын үлкен шеңберді, сондай-ақ периметрі бойынша шеңбермен сәйкес келетін ені және ұзындығы 7-10 см тіктөртбұрышты сызыңыз.
  2. Қатты қағаз бөліктерін велюр матамен жабыңыз. "Құрақ және аппликация" кітабының авторы Светлана Ращупкина алдымен матаның оңы мен терісін міндетті түрде анықтап алуға кеңес береді. Оң жағының түсі қанық болады және оның өрнегі айқынырақ көрінеді. Бөлшектерді матаның теріс жағына төсеп, қарындашпен айнала дөңгелетіп сызып, кем дегенде 5 см қалдықпен кесіп алыңыз.
  3. Қатты қағаз бөліктеріне желім жағып, велюр матаны желімдеңіз.
  4. Негізгі шеңбер мен тікбұрышты жолақты бір-біріне жабыстырыңыз. Одан бас киім пайда болады.
  5. Фетрге қазақтың ұлттық нақышындағы ою-өрнек салыңыз. Оны кесіп алып, бас киімнің алдыңғы жағына жабыстырыңыз.
  6. Тақияны безендіріңіз: бас киімнің үстіңгі бөлігінің жиегіне сәндік лентаны жабыстырыңыз, ою-өрнектің үстіне моншақ тағыңыз. Тақияның төбесіне бірнеше қауырсын бекітіңіз.

Ыстық тағамдардың астына қоюға арналған төсеніш

Наурыз мерекесіне арналған ерекше және қажетті сыйлықтардың бірі - ыстық тағамдарды қоюға арналған төсеніштер. Әрбір үй шаруасындағы әйелге қажетті затты ұлттық ою-өрнекпен безендірсеңіз, анаңызға немесе әжеңізге тамаша сыйлық болатыны сөзсіз. Осындай төсенішті жасау үшін қажет заттар:

  • тығыз табиғи мата;
  • жылтыр отқа төзімді мата;
  • сәндік таспа;
  • ине, қалың жіп;
  • ақ қағаз;
  • қарындаш;
  • қайшы;
  • желім.
Ыдыстың астына төсеніш
Қазақы нақыштағы ыдыс астына қойылатын төсеніш: YouTube/Гульжан Кужанова

Жұмыс кезеңдері:

  1. Тығыз табиғи матаға диаметрі шамамен 40–50 см болатын үлкен шеңбер сызыңыз. Контур бойымен кесіңіз.
  2. Ақ қағазға қазақтың ою үлгісін салыңыз. Оны кесіп алыңыз.
  3. Үлгіні жылтыр ыстыққа төзімді матаға бекітіңіз, оны қарындашпен айналдыра сызып, қайшымен қиып алыңыз. Осындай жолмен 3 бөлшек жасаңыз.
  4. Қалың матадан жасалған шеңберге сәндік бөлшектерді тігіңіз.
  5. Шеңберге сәндік таспаны жапсырып тігіңіз. Әдемі әрі функционалды төсеніш дайын.

Тұмар

Тұмар қазақ халқында тіл-көзден қорғайды деген сенімнен пайда болған. Үйге арналған тұмарды қолдан жасау үшін сізге келесі материалдар мен құралдар қажет:

  • велюр матасы;
  • ішін толтыру үшін жұмсақ зат (мақта, поролон)
  • тығыз, қалың жіп;
  • сәндік таспа;
  • ақ қағаз;
  • қарындаш;
  • қайшы;
  • желім.
Тұмар
Тұмар жасау: YouTube/Венера Бекбулатовна

Жасалу нұсқаулығы:

  1. Шеңбер, сопақ және үшбұрыш түрінде 3 жастықша тігіңіз. Ол үшін 2 сопақ, 2 шеңбер, 2 үшбұрыш кесіп алыңыз. Бөлшектерді теріс жағынан тігіп, ішін толтыратын жер қалдырыңыз. Матаны оң жағына аударып, ішін мақта немесе поролонмен толтырып, тігіңіз.
  2. Ақ қағазға немесе матаға қазақтың ою-өрнегінің суретін салыңыз. Контур бойымен кесіп, жастыққа ыстық желіммен бекітіңіз.
  3. Жастықшаның шеттерін сәндік таспамен безендіріңіз. Оларды сол таспамен біріктіріңіз.
  4. Тұмарды безендіру үшін жіптен салпыншақ жасаңыз. Вера Преображенская "Жіптерден, түймелерден, моншақтардан жасалған қолөнер" кітабында салпыншақты былайша жасауға кеңес береді: тіктөртбұрышты картонға қалың жіптерді ораңыз, содан кейін жіптің бір ұшын ораманың бел ортасынан байлаңыз. Салпыншақты картоннан шығарып, тағы бір рет байлаңыз. Жіптен жасалған сақинаны түзетіп, төменгі ұшын қайшымен екіге бөліңіз. Салпыншақты шығыңқы жіптерін кесу арқылы түзеңіз.
  5. Дайын салыпншақты бұйымның үстіңгі және астыңғы жағына бекітіңіз. Қолдан жасалынған тұмар кез келген үйді безендіріп, қорғайды.

Тойбастар

Наурыз мейрамында жақындарымызға тәтті сыйлық беру дәстүрге айналған. Сол сыйлықтарды салуға арнайы қалташалар - картоннан немесе пленкадан тойбастар жасалады.

Оны жасауға қажетті материалдар:

  1. қатты қағаз;
  2. пеште тағам пісіруге арналған пакет;
  3. безендіруге арналған заттар (моншақтар, атлас таспа);
  4. қайшы;
  5. желім.
Тойбастар
Тойбастар жасау: Youtube/Айданай Мақсатқызы

Қолөнер бұйымын жасау жолы:

  1. Түрлі-түсті қатты қағаз парағын алыңыз. Елена Каминскаяның айтуынша, картон ірі талшықты бар целлюлозадан жасалған тығыз қалың материал. Одан қаптың негізі жасалады: өткір жағынан парақтың ортасына дейін түзу сызық сызыңыз. Сызық бөліктің ортасында болатындай сопақ пішін сызыңыз. Сопақтың контуры бойынша кесіңіз.
  2. Пеште тағам пісіруге арналған пакеттің бір жағын кесіп алыңыз.
  3. Қатты қағазға ыстық желім жағып, целлофан пакетті жапсырыңыз.
  4. Қатты қағаздан конус пайда болатындай негізгі бөлікті орап әкеліңіз. Бүйір жағынан желіммен бекітіңіз.
  5. Ішіне тәттілеріңізді немесе кәдесыйларыңызды салыңыз. Целлофанның шеттерін біріктіріп, атлас таспамен аузын түйіңіз.

Наурыз – халқымыз үшін көктемнің келгенін білдіретін маңызды мереке. Бұл күні балалар ұстаздарын, тәрбиешілерін және ата-аналарын құттықтап, оларды еліміздің мәдениеті, тарихы мен әдет-ғұрпы туралы білімдерімен таң қалдыруға тырысады, қазақы нақышта кәдесыйлар дайындайды. Сіз де тәжірибелі шеберлердің идеяларымен шабыттанып, өз қолыңызбен ерекше қолөнер бұйымын әзірлеңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1960728-nauryz-meiramyna-arnalgan-kadesyi-zasauga-balalar-usin-top-5-ideya/