"Сергелстам": Швецияда тұратын тегі ерекше қазақ туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Бүгінде әлемнің дамыған елдерінен қазақ азаматын кезіктіру аса бір таңсық дүние емес. Себебі, қазір шетелде білім алып, жұмыс істейтін отандастарымыз баршылық. Солардың бірі - Швеция корольдігінде тұратын тегі ерекше азамат Дулат Сергелстам. Дулаттың тегінің мәні де, мағынасы да бөлек, деп жазады "Замана" басылымы.
Дулат Сергелстам Көкшетау қаласында туып-өскен.
Целиноград медицина институтын ортопед мамандығы бойынша бітіріп, 1994 жылдан бастап Көкшетаудағы облыстық балалар ауруханасында 11 жыл еңбек еткен. Оның 8 жылында бөлім меңгерушісі болып істеген. Жұмыс істеп жүріп ғылыммен айналысқан Дулат еңбектерін шетелдік ғылыми журналдарда жариялап тұрғанын айтады.
"Швецияға қоныс аударуыма да негізінен сол журналдарда жарық көрген еңбектерім себеп болды. Жасөспірімдердегі сүйек ісіктерін емдеуге қатысты толықтырушы тәсіл тақырыбында ізденіп, жазған мақалам осындағылардың назарына іліккен екен. Кейін мені Швецияға жұмысқа шақырды. Бұл елге 2005 жылы келгенмін", - дейді ол.
Швецияға барған соң отандасымыз ортопедиямен қоса, жұлын хирургиясы саласында да жұмыс істеген. Бүгінде ол ел астанасы Стокгольмдегі жұлын хирургиясы орталығында қызмет етіп, мойын омыртқа, бел омыртқа ауруларына операциялар жасайды.
Сұхбат барысында, Дулат Сергелстам ерекше естілетін тегіне тоқталып, оның мағынасын түсіндіре кетті.
"Сергелстам – швед тілінен аударғанда "Сіргелі тегі" дегенді білдіреді. Осы жақта тұрақтап қалған соң балалар өз шыққан тегінің қазақ, сіргелі руынан екенін есте сақтасын деген ниетпен осындай фамилияға көштік", - дейді дәрігер.
Отандасымыздың айтуынша, Швецияда ортаазиялықтардан өзбектер мен ұйғырлар көп. Ал қазақтар өте аз.
"Солтүстік Швецияда тұратын бір қазақ қызын танимын. Осыдан біраз бұрын шымкенттік бір азаматпен де танысқанмын, бірақ қазір онымен байланыста емеспін.
Стокгольмде кезінде Түркиядан қоныс аударған 40 шақты қазақ отбасы тұрады. Оларда қазақ тілі, салт-дәстүрлері сақталған. Дегенмен жастары арасында негізінен түрік, швед тілінде сөйлейтіндер көп.
Вестерос деген қалада мешіт бар. Оның имамы – қазақ азаматы. Мешітте жастарға діни білім беретін медресе жұмыс істейді", - дейді ол.
Дулат Қазақстандағы әр жайтқа алаңдап, өз отанынын сағынатынын айтады. Ол үшін Қазақстан қашан да ыстық.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1961112-sergelstam-sveciyadagy-tegi-erekse-qazaq-turaly-ne-bilemiz/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.