Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құрма жеуге кеңес бермеймін": Дәрігер артық салмақ қоспау үшін оразада қалай тамақтанған абзал екенін айтты

Опубликовано:

ораза ұстау
Көрнекі фото: pexels.com

25 жыл тәжірибесі бар эндокринолог-диетолог Ләззат Жанұзақова KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, оразада қалай тамақтанған дұрыс екенін айтып берді. Одан бөлек дәрігер оразада артық салмақ қоспау үшін кеңестерін бөлісті.

Ең алдымен эндокринолог-диетолог өз алдына ем іздеп келетін науқастардың барлығына бірдей Рамазан айында орындалатын бес парыздың бірі оразаны ұстауға рұқсат бермейтінін жеткізді.

"Бізде ораза ұстағысы келетін науқастардың көбінде қалқанша, ұйқы безінің аурулары бар. Оның ішінде бірінші орында тұрған дерт - қант диабеті. Менен қант диабетінің бірінші типімен ауыратын науқастар ораза ұстауға рұқсат сұрайды. Оларға айтарым - бірінші типтегі қант диабетіне шалдыққандарға мүлде ораза ұстауға болмайды. Өйткені олар инсулин салады", - дейді дәрігер.

Маманның сөзінше, қант диабетінің екінші типінің өзіне де ораза ұстауға дәрігердің нұсқаулығы керек. Ләззат Жанұзақованың айтуынша, қалқанша безінің ауруы - гипертериоз кезінде тағайындалатын дәрілік препараттарды таңғы сағат 6-8-де қабылдау керек болғандықтан, ораза ұстау қиындайды.

Сонымен қатар маман сұхбат барысында ораза кезінде артық салмақ қоспау үшін сондай-ақ жалпы ораза ұстаған адам қалай тамақтанған жөн екенін айтты. Дәрігер алдымен арнайы мәзір жасауды ұсынады.

"Ораза кезінде артық салмақ қоспас үшін алдыма келген жандарға арнап, үнемі ораза уақытына арналған мәзір дайындап қоямын. Әсіресе ораза кезінде сәресі мен ауызашарда қалай тамақтанғанымыз өте маңызды.

Сәресіде алдымен 300-500 мл жылы суды асықпай, отырып, аз-аздан ұрттап ішіп аламыз. Одан кейін бірден тамақ ішуге болмайды. 7-10 минут жүре тұру керек. Өйткені түнгі ұйқыдан кейін су ағзаға баяу сіңеді. Ал суды отырып ішкен кезде су асқазанның кіші қыртысы арқылы өтеді, тұрып ішер болсақ, ол бірден қуыққа барады да адам дәретке шыға береді.

Содан соң, артық салмақ қоспау үшін таңғы асқа үнемі ақуызға толы тағам жеуіміз керек. Мен науқастарыма суға піскен екі жұмыртқа, қабығы аршылмаған қияр, көп мөлшерде аскөк жеу керек деп кеңес беремін. Одан бөлек адыгей, моцарелла сынды майсыз ірімшік жеудің пайдасы көп. Сондай-ақ түнде қарақұмық дәнін суға бөктіріп қойса, крахмалы кетіп, таңертең пісіп тұрғандай болады. Оны сәл жылытып алып, үстіне 10-12 грамм сары май қосу керек. Май біз күнделікті қолданатын түрлі дәрумендер мен микроэлементтердің ағзаға сіңуіне себепші", - дейді Ләззат Жанұзақова.

Эндокринолог-диетолог бұл тағамды қанағат тұтпайтын жандарға қарақұмықпен бірге тауықтың төс еті, күркетауық етінен даярланған котлет немесе клетчаткаға бай көкөністер жеуді ұсынады. Одан бөлек дәрігер ораза ұстаушыларға қан талдауына сай тағайындалған микроэлементтерді ішуге кеңес береді.

"Микроэлементтерді аспен бірге ішу керек, олар бір жағынан аш жүрген адамға күш-қуат береді. Екіншіден, осылайша адамның дертін емдейміз", - дейді ол.

Дәл осы реттілікпен ауызашарда да тамақтанған жөн. Ләззат Жанұзақова ауыз бекіткен жандарға алдымен жылы су ішуге, кейін сәл уақыт өткен соң сорпа ішуге кеңес береді.

"300-500 мл жылы су ішкен соң, қимыл-қозғалыс жасаған дұрыс. Намазда жасалынатын іс-қимыл болсын, немесе отырып-тұру жаттығуы, билеу ішекке судың жақсы сіңуіне септігін тигізеді. Өйткені күні бойы аш жүрген адамның ішкі шырышты қабаты бір-біріне жабысып тұрады. 7-10 минут өткен соң, майсыз, сүйектен қайнатылған сорпа ішу өте пайдалы. Сүйек сорпасында D, E дәрумендері, фосфор, кальций микроэлементтері бар", - дейді эндокринолог.

Сонымен бірге Ләззат Жанұзақова ауызашарда ұннан жасалған тағамдардан бас тартып, керісінше клетчаткаға бай тағамдармен тамақтану қажеттігін атап өтті.

"Ауызашарға барсаңыздар құрамында көмірсу бар тағамдар (түрлі тәттілер, ұннан жасалатын тағамдар) жемеңіздер. Керісінше клетчаткаға бай тағамдарды жеген абзал. Клетчатка аскөктерде, балғын көкөністер құрамында болады. Дәнді дақылдардан арпа жармасы пайдалы. Оны да күндіз суға салып қойып, дайындауға болады. Сондайа-ақ 100-150 грамм піскен сиыр еті, тауық еті, майлы емес қой етін жеуге болады. Міне, күнделікті осы ережені сақтасақ, ешқандай артық салмақ қосылмайды. Адам тоқ жүреді", - дейді дәрігер.

Осы ретте, маман дүкендерде сатылатын тәтті құрманы жеуге мүлде кеңес бермейтінін айта кетті.

"Мен алдыма кеңес сұрап келген жандарға таңертең де, кешке де құрма (финики) жеуге кеңес бермеймін. Таза құрма тәтті болмайды. Ал біздің сатып алып жеп отырғанымыздың бәрі қант. Өйткені оны қантты сиропқа салады. Сенбесеңіздер, үйге әкеп жуып көрсеңіздер қабығы аршылып кететінін байқайсыздар. Қантты сиропта тұрғандықтан ол салмақ қосатыны түсінікті, оны кешке қарай мүлде жеуге болмайды", - дейді эндокринолог-диетолог.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1963718-qurmany-keske-mulde-zeuge-bolmaidy-dariger-artyq-salmaq-qospau-usin-auyzasarda-qalai-tamaqtangan-abzal-ekenin-aitty/

pixel