Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дәмі тіл үйірер қазақтың 7 ұлттық тағамы туралы не білеміз

Опубликовано:

Тағам
Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақтың ұлттық тағамдарының қалай әзірленетінін көпшілік білсе де, оларды дәмі тіл үйіретіндей дәмді етіп пісіру жолдарын кейбір нәзік жандылар біле бермейді. KAZ.NUR.KZ бүгінгі материалда ұлттық тағамдардың айрықша рецептін назарларыңызға ұсынады.

Бешбармақ

Қазақ халқындағы ең танымал ұлттық тағамдардың бірі – бешбармақ. Оны әдетте үйге қонақ шақырған уақытта немесе отбасылық мерекелерде дайындайды. Бешбармақты жылқы, түйе, сиыр және қой еті және жаймадан әзірлейді. Ұлттық тағамның бетіне сондай-ақ аскөп, пияз бен арнайы дәмдеуіштерден дайындалатын тұздықты құяды. Наталья Шинкарева мен Надежда Бондаренконың "Аспаздық энциклопедиясында" бешбармақты қазақ халқының ұлттық жауһары деп көрсеткен, әрі оны қонаққа сорпамен бірге ұсыну керек деп жазылған.

Қуырдақ

Қуырдақтың халық арасындағы танымалдылығының сыры неде? Себебі қазақ ұлты еттен жасалған тағамдарды ұнатады. Қуардақты қойдың бауыры, бүйрегі мен жүрегі, өкпесі мен құйрық майдан дайындайды. Аталған заттардың барлығын орташа етіп турап, пиязбен бірге құйрық майда қуырады. Сосын дәміне қарай тұз бен бұрыш қосады. Ал тамақ дайын болып қалған кезде оған аздап картоп қосып, үстінен су құяды. Қуырдақты да әдетте дастарханға жасыл шөптермен бірге ұсынса, дәмі тіл үйірер болады.

Қазы

Қазы әлемнің ешбір супермаркеттерінде кездеспейтін, жылқы етінен жасалған шұжық болып табылады. Ол нағыз деликатес болып саналады және дастарханға сорпада піскен, қақталған немесе шала піскен күйде беріледі. Қазыны дайындауды әр қазақ әйелі біледі: жылқының ішегін тазалап жуып, ішіне қабырға еті мен майды бірге қосып салады. Етті тұздап, кей аймақтарда бұрышпен бірге сарымсақ та қосып жатады.

Сонымен бірге Қазақстанның кейбір өңірлерінде тіпті қазы айналдырғанда қабырғаны сүйегімен бірге тұтастай айналдырып жатады. Қазыны даярлау рецептісі бойынша, оны екі сағаттан артық қайнатуға болмайды екен, мұндай жағдайда ол шамадан тыс жұмсарып, дастарханға салғанда ет жидіп кетуі әбден мүмкін.

Сорпа (шорпа)

Сорпаны көп жағдайда қой етінен әзірлейді. Сорпа таза болуы үшін, етті жақсылап жуған жөн. Сөйтіп оны суық суға салып, ақырын жанып тұрған отта 1,5 сағаттан артық қайнатады. Сондай-ақ сорпаның көбігін алуды да ұмытпаған жөн. Сорпа қайнаған соң оған сәбіз, пияз, бұрыш пен лавр жапырағын салып, дәміне қарай тұз қосады. Сөйтіп сорпаны сүзіп, арнайы ыдысқа құйып, ішіне етін турап салып, жасыл шөптерді бетіне сеуіп дастарханға ұсынады.

Әсіп

Қазақ халқы еттен түрлі тағамдарды дайындайды. Әсіп – мерекелік дастарханға ұсынылатын, қойдың етінен жасалатын шұжық. Әсіпті әзірлеудің басты ерекшелігі – оған еттен бөлек бауыр, өкпе, жүрек, құйрық қосып жасайтындығында. Бұған қоса салмасына күріш пен ұсақ етіп туралған пияз да қосылады. Осылайша аталған салманы ішектің ішіне салып, орташа жанып тұрған отта қайнатып пісіреді. Әсіпті дастарғанға ыстық немесе суық күйде де ұсынуға болады.

Көктал

Қазақ ұлттық тағамдарының арасында балықтан да жасалатын тағамдар бар. Солардың бірі – көктал. Ол үшін үлкен балықты алып, ортасынан ашып, арасына көкөністерді салып пісіреді. Көкталды дәмді етіп пісіру үшін арнайы жабатын қақпағы бар көктал пісіретін ыдысты пайдаланады. Оның сыртқы көрінісі мангалға ұқсауы мүмкін. Балық ретінде сазан, ақ амур және т.б. балықтарды пайдалануға болады. Ал салмасына пияз бен қызанақты домалақ етіп турап, тұз бен бұрышты қосып, үстіне аскөк және т.б. жасыл шөптерді сеуіп пісіреді. Көктал шамамен бір сағат ішінде дайын болады.

Палау

Күрішті қазақ халқы палау пісіргенде жиі пайдаланады. Қазақ палауын өзге ұлттардың палауымен салыстырсақ, оған көп мөлшерде қой еті мен құйрық майды қосатынын аңғаруға болады. Палауды дайындау үшін, міндетті түрде қазан керек. Алдымен қайнаған майда пияз, сәбіз бен етті қуырады. Сосын үстіне күрішті салып, суын қосып, бұқтырып пісіреді. Ал тағам дайын болып қалғанда, палаудың ортасына үлкен сарымсақты қояды. "Палау және басқа да шығыс тағамдары" кітабында авторлар палауды ысталған жылқы етімен де әзірлеуге болады деп көрсетеді. Ол үшін күрішті бөлек пісіріп, үстіне ысталған жылқы етін қояды екен. Осылайша дайын палауды дастарханға ұсынады.

Шелпек

Орыс халқының «блины» тағамына ұқсайтын, ұннан жасалған, жұқа, дөңгелек пішінді, майға қуырылып пісірілетін тағам – шелпек болып табылады. Шелпектің қамырын су, сүт немесе айран қосып илейді. Қамыр дайын болғанда, оны суытып, кейін орташа шеңбер тәрізді пішінде жайып, майға салып қуырады. Айта кетерлігі, шелепкті ыстық майда көп ұстауға болмайды, себебі ол қатып қалуы әбден мүмкін. "Аспаздық өнердің үлкен энциклопедиясы. В. В. Похлебкиннің барлық рецептісі" кітабында майды бар болғаны 4-5 минут қыздырған дұрыс деп жазылған. Ыстық шелпекті әдетте нанның орнына пайдаланып жеуге болады.

Бауырсақ

Бауырсақ - ашытылған немесе ашымаған қамырдан дайындалатын қазақтың ұлттық тағамы. Кейде бауырсақтың қамырына ірімшікті де қосады екен. Бауырсақты да қамырына жұмыртқа, тұз, ашытқы мен жылы су немесе сүт қосып ашытып, ыстық майға қуырып дайындайды. Қазақстанның әр аймағында бауырсақты әр түрлі рецептімен әзірлейді.

Жент

Жент – қазақ асханасында жиі кездесетін, тәтті тағамдардың бірі болып саналады. Жентті талқан, сары май мен қант, кейде мейіз қосып әзірлейді. Ол үшін талқанды қызып тұрған отта қуырып, оған қант қосады, кейін үстінен мейіз қосады. Сосын үстінен еріген сары майды қосып, жақсылап араластырады. Дайын өнімді қалыпқа салып, суытады. Жент суыған кезде, оны пышақпен кесіп, түрлі формада дастарханға ұсынады. Жентті екі айдан астам уақыт бойы сақтауға болады.

Қазақ асханасында Орта Азия елдерінде кездесетін көптеген тағам түрі бар. Бастысы тағамдардың барлығы экологиялық таза өнімдерден жасалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1986405-dami-til-uiirer-qazaqtyn-7-ulttyq-tagamy-turaly-ne-bilemiz/

pixel