Малға белгі ретінде таңба салуға бола ма
Жарияланған күні:
Ел арасында мал жоғалып кетпес үшін оған белгі салып, таңбалап жатады. Ислам дінінде бұл жайлы не айтылған? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жауап берді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Fatua.kz сайтында аталған cұраққа кеңінен жауап жазылған. Онда малға белгі ретінде таңба басуға рұқсат деп айтылады. Десе де, таңба баспастан төмендегі шарттарды орындау қажет, деп жазылған мақалада.
1. Таңба салудың негізгі мақсаты малды босқа қинау емес, оларды басқаларынан ажаратып тұратын белгі болуы керек. Ал ермекке, малды текке қинауға тыйым салынады. Ол жайлы "Әл-Мажмуғ" атты кітапта: "Ешбір қажетсіз малға таңба басу – харам. Өйткені ол малды босқа қинау және Алланың жаратқан жаратылысын өзгерту болып саналады", - деп жазылған.
2. Таңба дененің көрінетін әрі қатты жеріне басылуы тиіс. "әл-Иқнағ" атты еңбекте: "Таңба жүн көп өспейтін дененің қатты әрі көрініп тұратын жеріне басылуы керек. Сондай-ақ таңбаны қойдың құлағына, ал түйе, сиырлардың жамбасына басқан жақсырақ", - деп айтылған.
Сонымен қатар имам ән-Науауи "Сахих Муслимнің" түсіндірмесінде: "Таңба қойдың құлағына, ал сиыр, түйенің жамбасына басылады. Өйткені жамбас дененің ауруды қатты сезбейтін бөлігі болып табылады. Сонымен берге ол жерде жүннің аз болуына байланысты басылған белгі де анық көрінеді. Таңбаның негізгі пайдасы да сол – малды басқаларынан ажыратып тұру", - делінген.
3. Таңба малдың бетіне басылмауы керек. Жұмһур ғалымдар малдың бетіне таңба басудың макруһ екеніне бірауыздан келіскен. "әз-Захира" атты кітапта: "Малдың бетіне таңба басу – макруһ. Ал, малды басқа малдардан ажырату мақсатында одан басқа жеріне рұқсат етіледі. Қойға таңба құлағына салынады. Себебі денесінде жүннің өсуіне байланысты таңба көрінбей қалады", - деп айтылған.
Малдың бетіне таңба басу жайлы келген келесі риуаятқа сәйкес, ол оның харам екенін білдіреді, дейді мамандар. Жәбірден жеткен хадисте: "Пайғамбарымыз бетті ұруға және таңба басуға тыйым салған", - деп жазылған.
Тағы бір риуаятта "Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бетіне таңба басылған есектің жанынан өтіп бара жатып, Алла мынаған таңба басқанды лағынеттеді" дегені келген. Сол сияқты келесі бір хадисте: "Сендерге малдың бетіне таңба басу немесе ұру жайлы лағынеттеген сөзім жетпеді ме?"- деп келген.
Мақалада ханафи мазһабында аталған мәселе жөнінде не айтылатыны да жазылған.
"Ханафи мазһабының ғұламалары: "Лағнет айтылған зат немесе құбылысқа макруһ емес, харам үкімі берілетінін айтқан". "әл-Мұхит әл-Бурхани" атты кітапта: "Ғалымдарымыздың кейбірі малдарға таңба салуды макруһ десе, кейбірі оған рұқсат деген үкім берген. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) "Малдың бетіне таңба басуға тыйым салған" хадисінен малдың бетінен басқа жеріне таңба басудың рұқсат екенін аңғаруға болады".
Өйткені таңба басудың кей жағдайда өзіндік қажеттілігі бар. Егер малды басқаларынан ажыратудың оңай әрі қинамайтын өзге де тәсілдері (мысалы, малдың құлағына пласмассадан жасалған номерді қою секілді) болса онда соған жүгінген жөн. Қазіргі таңда малға белгі салудың осы түрі кең тараған", - дейді ҚМДБ өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2000674-malga-belgi-retinde-tanba-saluga-bola-ma/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.