Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зиянкес жануарларды отпен күйдіріп өлтіруге бола ма

Жарияланған күні:

Алау
От. Көрнекі фото: Рexels.com

Улы жәндіктер, жыртқыш жануарлар, қабаған ит болсын, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін болса, оларды отпен күйдіріп өлтіруге бола ма? Ислам дінінде бұл жайлы не айтылған? Бұған Қазақстан мұсылмандар басқармасының пәтуа бөлімі желіде жауап берді.

Пәтуа бөлімі мамандарының айтуынша, кез келген жан-жануардың адамға зияны тиетін болса, оларды өлтірудің оқасы жоқ. Дегенмен, шариғатта оларды азаптап, отпен күйдіріп өлтіруге тыйым салынған. Оның себебін дін мамандары былай түсіндірген:

"Жалпы Алла Елшісі зиянкес жәндік-жануарлардың ішінен бесеуін өлтіруге болатындығын айтқан. Ол туралы Айша (р.а.) пайғамбарымыздың (с.а.с) былай деп айтқанын жеткізеді: "Тірі жәндік-жануардың зиян тигізетін бес түрі бар, сондықтан оларды Меккенің ішінде де, оның сыртында да жолықтырсаңдар өлтіріңдер. Олар – шаян, қарға, кезқұйрық, тышқан және қабаған ит".

Дегенмен, зиянкес жәндік-жануарлар бұл бесеуімен шектелмейтіні белгілі. Мамандар жылан улы болғандықтан оны шаянның қатарына жатқызған.

Сондай-ақ "Болмысынан зиян беруші жануарлар мен жәндіктерді шариғатымызда өлтіруге рұқсат беріледі" деген қағидаға сәйкес, кез келген жан-жануар адамға зиянын тигізетін болса оларды өлтірудің оқасы жоқ.

Сондықтан жылан, шаян сынды т.б. зиянкес жан-жануарларды өлтіруге рұқсат етіледі. Алайда, оларды азаптап, отпен күйдіріп өлтіруге тыйым салынған. Себебі пайғамбарымыз "Отпен тек оттың Раббысы ғана азаптайды" деген. Тағы бір хадисте "Алланың азабымен азаптамаңдар" делінген.

Ендеше, дінімізде зиян беретін жәндіктер мен жануарлар адамға жайсыздық туғызып жатса, оларды оттан басқа кез келген тәсілмен, азаптамай, өлтіруге рұқсат", – дейді діни басқарма мамандары.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы малға таңба салғанда қандай шарттар орындалу керектігін айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2000811-ziyankes-zanuarlardy-otpen-kuidirip-oltiruge-bola-ma/