Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Наурыз мерекесіне арналған ерекше құттықтау тілектер

Опубликовано:

наурыз мерекесі
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қазақстанда жаңа жыл екі рет атап өтілетіні баршаға мәлім. Ел тұрғындары қыста Жаңа жылды қарсы алса, көктемде жаңа жылмен қайта қауышып, оны ұлттық салт-дәстүрге сай атап өтеді. Осы ретте ұлттық мерекеге арналған қандай тілектер бар? Назарларыңызға Наурыз мейрамына арналған ерекше құттықтауларды ұсынамыз.

Өз сөзімізбен құттықтау

Egov.kz сайтында жазылғандай, Наурыз Қазақстанда 21 және 23 наурыз аралығында тойланады. Бұл мерекені тек қазақ халқы емес, түркі халықтарының барлығы атап өтеді. Мысалы Б. Сазманд "Навруз.Ұлттарды біріктіретін мейрам" еңбегінде, бұл мереке Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай Халық Республикасында танымал екенін жазады. Наурызды әлемнің 20-дан астам халқы ұлттық мереке деп санайды. Наурызға арналған құттықтаулар көбінесе жылдың басымен, береке, ырыстық келуімен, жаңа жылдың құтты болуымен байланыстырылады. Осы ретте жақындарыңызды Наурыз мерекесімен қалай құттықтауға болады? Төменде өз сөзіңізбен айтылатын құттықтауларды назарға ұсынамыз:

  • Әз Наурызда барлық тілегіңіз орындалып, жақындарыңыз аман болуын тілеймін. Еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға береке-бірлік, бақ-дәулет тілеймін. Көктем барлықтарыңыздың көңілдеріңізді жадыратсын!
  • Шын жүректен келіп жеткен Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Жасыл желек үйіңізге молшылық, тоқшылық әкелсін! Мерекеден мерекеге аман-есен жете берейік!
  • Наурыз мерекесінде көктемдей құлпырып жүре беруіңізді, жыл басының жақындарыңызға, отбасыңызға қуанышпен, жақсылықпен келуіне тілектеспін. Үйіңізден бақ-береке қонып, ақ мол, уайым-қайғы жоқ болсын!
Киіз үй алдындағы жылқы. Фото
Киіз үй алдындағы жылқы. Фото: pixabay.com

Наурыз мейрамына арналған ұзақ, арнайы құттықтаулар

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған.

Олай болса, Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Жаңа жылда ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын!

Жер-жаһанды сері самалға өткізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтың бәрін келер жылға өткізіп, Самарқанның көк тасын ерітіп, алтынкүрекпен жер жүзін жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жеті қат жер астына дейін балқытып, жыл құстарының әнін шалқытып, Жетісуға жасылдан көйлек кигізіп, Сарыарқаны самал желге сүйгізіп, Алатаудың төбесінен көкке тигізіп, Қаратауға құт-берекені үйгізіп, жеттің бе, әз-Наурыз!

Ақ бұлақтарды ақтартып, шың-құздарды шаттанып, тізбектеп тырналарды, сүйгізіп сырғаларды, шоршытып балықтарды, шапшытып арықтарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаз жайында әнді, қаздарды қаңқылдатып, найзағай жарқылдатып, айтып ертегіңді, жайып желкеніңді, жеттің бе, әз-Наурыз!!!

Көктемде гүлдеп тұрған ағаш. Көрнекі сурет
Көктемде гүлдеп тұрған ағаш. Көрнекі сурет: pixabay.com

*** *** *** ***

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің. Тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке.

Әр жыл сайын жасампаздығы мен қуаты артып келе жатқан Елордамыздың ажары мен айбыны да осындай игі дәстүрлерімізбен асқақтай бермек. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасылыраңызға амандық, ырыс пен ынтымақ тілеймін!

Көне заманнан бері Наурыз сұлулық пен жасампаздықтың, бейбітшілік пен келісімнің символы болып табылады.

Көпұлтты Қазақстан халқының өз мүмкіндіктеріне деген сенімдері арта түсіп, бай рухани мұралары жарқын болашақ жолындағы жарқын істеріне қуат берсін.

Қазақстандықтар үшін Наурыз – айрықша мейрам. Бұл күн қыстың сәті аяқталып, барша еліміз жаңаша кейіпке енетін көгілдір көктемнің келгенін білдіреді.

Жаңару мен жасару күні Сіздерге бақ-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көркейе берейік!

*** *** *** ***

Төрлет, Ұлыстың күні – әз-Наурыз! Өзіңді асыға күткен барша халық ниет-пейілін жақсылыққа бағыштай отырып, бақытты болашаққа нық қадам басуда. Нұрлы Наурыз келгенде Самарқанның көк тасы еріп, көктемнің жылы шуағымен туған жер төсінде әуелеп ұшқан құстар әуені Ұлыстың Ұлы күнін паш етіп, жер дүниеге бейбітшілік дарытып, құт-береке әкеледі. Осындай даналықтың ұлы мейрамы әз-Наурыз алты Алаштың ақ ордасы – Нұр-Сұлтанды да мерейлендіреді.

Төрлет, жоғары шық, бейбітшілік пен достықтың бастауы болған әз-Наурыз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2011559-nauryz-merekesine-arnalgan-erekse-quttyqtau-tilekter/

pixel