Ауызашар, ауыз бекіту: Рамазан айында оқылатын маңызды дұғалардың дұрыс мағынасы қандай

Опубликовано:

Шай құйылған ыдыс
Шай құйылған ыдыс пен дұғалар жазылған шам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Рамазан – Ислам дінінде адам баласына бір жұтым су мен бір үзім нанның қадірін ұғындыратын, рухани дімкәстіктен арылуға сеп болатын берекелі ай деп саналады. Ал Ораза – жер бетіндегі барлық мұсылманның күйін тең ететін құлшылық түрінің бірі деп есептеледі. Мақаламызда қасиетті Рамазанда оқылатын ауызашар және ауыз бекіту дұғаларының мағынасына тоқталып өтеміз.

Исламда Рамазан айы келгенде ауыз бекіту күллі мұсылманға парыз етілген амал болып саналады. Қасиетті Құран Кәрімде "Бақара" сүресінің 183-аятында: "Ей, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді" деп жазылған.

Ораза ұстаған адам таңнан күн батқанға дейін ауыз бекітуге ниет етіп, ішіп-жеуден, теріс әдеттерден тыйылады. Ислам дінінде бес парыздың бірі саналатын оразаның пайдасы қандай? Ораза ұстаудың адам баласына беретін пайдасы ұшан-теңіз:

  • пендені Аллаға жақын ете түседі;
  • адамға сабырлы болуды үйретеді;
  • зейінді ашады, жақсы ойлардың туындауына сеп болады;
  • адам уақытын жүйелеуді игереді;
  • нәпсіге тұсау салады;
  • қанағатшыл болуға баулиды;
  • денсаулықты жақсартады.

Әбу Хұрайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Ораза ұстаңдар - сау боласыңдар" деген. Рамазан айында ораза ұстау тәннің де, жанның да саулығын береді. Бұл айда барынша ізгі амалдар жасап, көбірек Құран оқып, салауат айтуға тырысу керек. Өйткені Рамазанда жасалған жақсы амалдардың сауабы еселене түседі.

Ауыз бекітетін кезде қандай дұға оқылу керек?

Ауыз бекітерде сәресіне арналған дұғаның оқылғаны абзал. Бұл дұғаның оқылуы мынадай:

"Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә".

Мағынасы: "Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім".

Ауыз бекітерде оқылатын дұға
Ауыз бекітерде оқылатын дұға мәтіні. Көрнекі сурет: NUR.KZ

"Ерте тұрған ердің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық" деген сөздің астарында үлкен мән жатса керек. Таңғы уақытта береке бар, ал Рамазан айындағы сәрелік аспен бірге құт дариды. Себебі сәресін ішетін уақыт түннің үшінші бөлігімен тұспа-тұс келеді. Ал бұл мезет Алланың ерекше мейірімі мен кешірімі түсетін әрі дұғалардың қабыл болатын уақыты болып саналады.

Сәресін ішудің қандай артықшылығы бар?

  1. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін іске асырғандай сауапқа кенеледі.
  2. Сәресін ішу – мұсылман қауымына нәсіп етілген амал. Себебі бұрынғы кітап иелеріне мұндай мүмкіндік бұйырмаған.
  3. Дұғалар қабыл болатын сәт.
  4. Сәресін ішкен адамға періштелер дұға жасайды.
  5. Адамның бойында күш-қуат пайда болады, оразасы жеңіл өтеді.

Сәресін ішуге қатысты қандай хадистер бар?

Муслимнен жеткен хадисте: "Біздің ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресі ішуде". Муслимнен риуаят етілген тағы бір хадисте:

"Сұраушы бар ма, беріледі. Дұға етуші бар ма, қабыл болады. Истиғфар етуші бар ма, күнәсі кешіріледі", - деп айтады деген.

Имам Бұхари келтірген хадис: "Сәресін ішіңдер! Расында сәрелік аста құт-береке бар".

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.): "Сәресі – берекет, оны тастаушы болмаңдар. Тым болмаса бір жұтым су ішсеңдер де", - деген.

Ауызашар уақыты келгенде қандай дұғалар оқылады?

Күн ұясына батып, ауызашар сәті таяған кезде мына дұғаларды оқыған абзал:

"Аллаһым, сенің разылығың үшін ауыз бекіттім және сенің берген несібеңмен аузымды аштым".

Арабша оқылуы: "Аллаһуммә ләкә сумту, уә алә ризқикә әфтарту!" немесе "Аллаһуммә ләкә сумту, уә бикә әмәнту уә алә ризқикә әфтарту, уә аләйкә тәуәккәлту уә ли сауми ғадин нәуәйту!"

Бұл дұғаны ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оқығаны туралы Әбу Дәуідтің (р.а) хадистер жинағында риуаяттар келтірілген.

Ауыз ашар уақыты болғанда Алла Елшісі бұдан басқа да дұғалар оқыған. Бұл жөнінде Абдулла ибн амр ибн Ас келтірген деректерді негізге алуға болады:

Алла Елшісі былай дейді: Ораза ұстаған адамның ауыз ашарда айтатын дұғасы бар. Араб тіліндегі нұсқасы былай айтылады:

"Аллаһуммә! Инни әсәлукә бирахмәтик әлләти уәсиаат куллә шәин: Ән тағфира ли зүнүбий".

"Аллаһым, барлық нәрсеге төгіліп тұратын мейіріміңмен сұраймын: Менің күнәларымды кеш!"

Абдулла бин Омар сахаба жеткізген хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына дұғаны оқығаны айтылады:

"Зәһаба ззома-у уәбталләтил-‘уруқ, уә сәбәтәл-әжру иншә Алла.".

"Шөліміз қанды, тамырымыз дымқылданды және Алла қаласа сауапқа кенелдік".

Бұл дұғаларды оқу парыз емес, алайда ұнамды іс болып саналады. Дінімізде мынадай хадис бар: Үш адамның дұғасы кері қайтарылмайды: әділ басшының, ораза тұтқан адамның ауыз ашар кезіндегі дұғасы және жәбір көрген жанның наласы".

Ауыашар сәті кірерден бұрын 1-2 минут дұға оқып, тілек тілеген абзал дейді ғалымдар. Себебі сәресі мен ауыз ашар уақыты Рамазан айындағы баға жетпес екі сәт боп есептеледі.

Ауызашарда оқылатын дұға
Ауызашарда оқылатын дұға мәтіні. Көрнекі сурет: NUR.KZ

Ауызашар күні бойы ашыққан жандардың тамақ ішетін уақыты ғана емес, бұл сәтте адамдар жақсылыққа, мол сауапқа ие болады. Осындай игілікке кенелу үшін мұсылман қауымы ауыз ашарға асығады. Ауыз бекіткен адам тек астан ғана тыйылмауға тиіс. Рамазан айын пайдалы өткізуді қаласаңыз, мынадай істердің жасалмауына мән беріңіз:

  • ұрыс-керіс, келіспеушіліктерден алыс жүрген абзал;
  • шамадан тыс ұйқы көп пайда бермейді;
  • тым аз ұйықтау да ағзаны әлсіретеді;
  • өтірік сөйлеудің өрге баспайтынын естен шығармаңыз;
  • өсек-аяң, ғайбат айтудан бойды аулақ ұстау қажет;
  • арам ас жемеу керек;
  • жүріс-тұрысты түзеп, көркем мінезге ұмтылған жөн;
  • көз бен құлақты, аяқ-қолды жаман істерге барудан тыйған дұрыс.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі", - деп сүйіншілеген.

Рамазан - күнәлардан тазаратын, мейірімге бөленетін кешірім айы. Бұл айда ораза ұстаған мұсылман баласы бір жылға жететін рухани азық жинайды әрі денсаулығын да жақсартады. Ең маңыздысы Жаратушы Алланың разылығына бөленіп, жұмақтың қақпасына қарай жол салады. Ал қасиетті Рамазанда ауыз ашар және ауыз бекіту дұғаларын оқу сауапқа кенелтетін амалдардың бірі деуге болады. Оразаңыз қабыл болсын!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2014362-auyzasar-auyz-bekitu-ramazan-aiynda-oqylatyn-manyzdy-dugalardyn-durys-magynasy-qandai/