Баланың жынысын анықтау: болашақ сәбиіңнің қыз не ұл екенін білудің тиімді тәсілдері
Жарияланған күні:
Бала күтіп жүрген ата-ана үшін сәбиінің жынысын анықтау өте маңызды. Бала жынысын анықтаудың үй жағдайындағы әдістері мен ел арасында қалыптасқан ырымдар өте көп. Осыған байланысты медицина дәрігері Нивин Тодд іштегі баланың ұл немесе қыз екендігін анықтаудың әдістерімен бөліседі.
Сәбиіңіздің ұл екенін қалай білуге болады
Жынысты анықтаудың медициналық әдістерінің көптігіне қарамастан, әйелдер өз ішкі түйсігіне, жағдайына қарай бала жынысын болжап жатады. Үй жағдайында бала жынысын қалай анықтаймыз? Ішіңіздің формасына, орналасу ерекшелігіне, жүрек соғысына, жүрек айну жиілігіне, тамақ қалауыңызға назар аударыңыз. Бұл болжамдар шындыққа сәйкес келуі 50 пайызды құрайды.
Халық ырымдарына сәйкес, егер аяғы ауыр келіншек жиі қарны ашып, көп мөлшерде тамақ ішетін болса, ұл баланы көтеріп жүр деген сөз. Эшли Марчиннің жазуынша қосымша бөлінетін тестостерон әйелдің тәбетінің жоғарылауына әкеледі. Сонымен бірге егер әйел үнемі тәттіні қаласа ұл баланың белгісі деп қабылданған.
Аяғы ауыр келіншектің ішінің төмен түсуі де күтіп жүрген сәбиінің ұл екендігін білдірген. Ер баланың денесі іштің астыңғы жағын үлкейтеді. Бірақ шын мәнінде ол әйелдің салмағы мен іштің бұлшық етінің тонусына, баланың іште қалай жатқандығына байланысты. Сондықтан бұл әдіс нақты қандай жынысты бала екендігін анықтай алмайды.
Дәрігер Нивин Тоддтың айтуынша сәбидің ұл екенін жүрек соғысының жиілігінен де болжауға болады. Егер бір минутта баланың жүрегі 140-тан аз соқса, ұл баланың белгісі. Жүрек соғысын 30 аптадан асқан соң ғана есептеп болжауға болады, ол кезеңге дейін бұл әдіс қолданылмайды.
Құрсағында ұл баланы күтіп жүрген әйелде таңертеңгі жүрек айнуы болмайды. Бұл хорионикалық гонадотропиннің мөлшерінің аздығына байланысты. Дженна Флетчер баланың жынысын қарапайым ас содасымен де анықтауға болады деп жазады. Ол үшін аяғы ауыр келіншек таңертеңгі зәрін таза ыдысқа жинауы керек. Сосын сол ыдысқа ас содасын салып бақылау қажет. Егер зәрдің бетінде қосымша көпіршіктер шықса, құрсағында баланың жынысы ер дегенді білдіреді.
Ер баланы күтіп жүрген әйелдің, сыртқы келбетінде көп өзгеріс болмайды. Көңіл-күйі де тұрақты, сабырлы болып жүреді.
Сәбиіңіздің қыз бала екенін қалай білуге болады?
Бала жынысын қалай анықтаймыз? Ол үшін көңіл-күйіңіздің өзгеру жиілігін, таңғы жүрек айнуын, қарныңыз қаншалықты жиі ашатынын бақылау жетілікті.
Егер таңертең жиі жүрегіңіз айнып, ол ұзаққа созылса қыз баланың белгісі. Ол хорионикалық гонадотропиннің мөлшерінің көптігіне байланысты. Қызды күтіп жүрген әйелдер тәттіден қарағанда қышқыл тағамдарға құмар келеді. Сондықтан егер кенеттен тұздалған қияр, балық жегіңіз келсе қыз баланы көтеріп жүрсіз деген сөз.
Сонымен бірге егер көңіл-күйіңіз жиі өзгеріп, эмоционалды жағынан тұрақсыз болып кетсеңіз, қыз сәбиді көтеріп жүруіңіз бек мүмкін. Қызды күтіп жүрген әйелдің іші жоғарырақ орналасады және жалпақ болып келеді. Бірақ іштің формасы тікелей баланың жатуына және бала өлшемдеріне байланысты екенін ұмытпаған жөн.
28 аптадан асқанда жүрек соғысының жиілігі арқылы бала жынысын анықтауға болады. Қыз баланың жүрек соғысы минутына 140-тан көп болуы тиіс. Нивин Тоддтың пікірінше қыз баланың жүрек соғысы дүниеге келерде де жиі соғады.
Үй жағдайындағы ас содасымен жасалған сынақта зәр ешқандай өзгеріске ұшырамай, түсі де өзгермесе қыз бала болады деп болжайды.
Дженис Хопкинс Танн жынысты анықтайтын сынақты назарға ұсынады. Ол үшін әйелдің саусағынан бір тамшы қан алынуы қажет. Бұл материалмен арнайы зертханада жүктіліктің бесінші аптасында бала жынысын анықтауға болады. Бірақ дәрігерлер бұл сынаманың нәтижесі нақты дұрыс болмауы мүмкін екендігін ескертеді. Бала жанысын тек УДЗ, амниоцентез, биопсия хорина ғана анықтай алады.
Бала жынысын тек медициналық жолмен ғана емес, сонымен бірге үй жағдайында да анықтауға болады. Ішіңіздің формасына мән беріңіз, ас содасымен сынақ жасап көріңіз, тәбетіңіздің өзгерісін бақылаңыз, таңғы жүрек айнуының жиілігіне көңіл бөліңіз. Бұл ерекшеліктер бала жынысын анықтауға көмектеседі.
Назар аударыңыз! Материал тек танымдық мақсатта ұсынылып отыр. Жазылған әдістерді арнайы дәрігердің нұсқауынсыз қайталауға болмайды.
Дереккөздер:
- Janice Hopkins Tanne. Home test shows sex of fetus at five weeks of pregnancy // PubMed. — 2005. — 09 July. — 331(7508): 69. — Қолжетімділік режимі: https://www.ncbi.nlm.nih.gov/pmc/articles/PMC558646/
- Jenna Fletcher. How do you do the baking soda gender test? // Medical News Today. — 2018. — 02 March. — Қолжетімділік режимі: https://www.medicalnewstoday.com/articles/321092
- Nivin Todd. Can You Predict Your Baby's Sex? // WebMD. — 2022. — 26 May. — Қолжетімділік режимі: https://www.webmd.com/baby/features/predicting-your-babys-sex
Рецензент — жоғары санатты дәрігер Михайленко Людмила Анатольевна
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2018213-balanyn-zynysyn-anyqtau-bolasaq-sabiinnin-qyz-ne-ul-ekenin-biludin-tiimdi-tasilderi/