"Әжейдің елесін көрген жалғыз мен емес": ақтөбелік туроператор өңірдегі құпияға толы тылсым жерлер туралы айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбеліктер арасында тауды жаңғырта біресе жылап, біресе күлетін мыстандар мен қараңғы түсе Ақтолағай үстіртіне шығатын әжей туралы аңыз тараған. Ақтөбе өңіріндегі ішкі туризм саласында бірнеше жылдан бері жұмыс істейтін туроператор Еркебұлан Аймұратұлы бұл елестерді жоққа шығармайды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе өңірінің ішкі туризмін дамытып, киелі мекендерді аралап, теңдесіз үстірттерді көпшілікке таныстырып жүрген Еркебұлан Аймұратұлы өз көзімен көргенін айтып берді.
"Елестер бар. Әсіресе Ақтөбе облысы Байғанин өңірінен жиі кездесті. Ебейті ауылына жақын жерде Ақтолағай үстірті бар. Күннің шығуымен таудың түсі де өзгеретін ол жерге шетелдіктер көп келеді. Үлкендер ертеректе ол жерде теңіз табаны болған деседі. Ерекше үстіртте тылсым оқиғалар да болып тұрады. Ақтолағайға ең бірінші рет төрт күн қатарынан қонуға барғанымызда тылсым оқиғаның куәсі болдық. Әженің кейпіндегі елес адам секілді анық көрінді. Қасыңда жүреді, ешқандай дауыс шығармайды. Әжені көрген жалғыз мен емес. Кейін біздің фотографтар арнайы барған еді. Олар да түнде әжені көріп бірден тайып тұрған. Өзім туристерді апарып жүргендіктен жергілікті тұрғындармен, ақсақалдармен жиі әңгімелесемін. Ақтолағайдағы әже туралы Ебейті ауылындағы ақсақал айтты. Әженің балалары болған, жылқы баққан деседі. Әженің жылқыларын ұрлап, өзін өлтіріп кеткен деген аңыз бар", - дейді Еркебұлан Аймұратұлы.
Айтуынша, ол адам айтса сенгісіз тылсым оқиғалардың бірнеше рет куәсі болған.
"Түсініксіз оқиғалар көп. Байғанин ауданының Баршақұм жерінде "шайтан жарық" деген бар. Жергілікті тұрғындар солай атайды. Қараңғыда мотоциклдің жарығындай көрініп, қасыңа дейін келеді. Түсінбейсің, ештеңе жоқ, бірақ жарық қасыңа дейін келіп, кетеді", - дейді ол.
Танымал туроператор Байғанин ауданындағы "Мыстандар мекені" деп аталған жерге де барған.
"Доңызтау ауылында "Мыстандар мекені" деген жер бар. Ол жер де тылсым оқиғаға толы. Тас арасынан күлген, жылаған мыстандардың даусы естіледі. Бәрі де түнде көрінеді. Күндіз ештеңе байқалмайды. Мистикалық жерге қызығатындардың дені жастар. Өңірдің өзі киелі жер. Онда атақты имам, ишандар жерленген. Мүмкін сол кісілердің де әсері болар", - дейді туроператор.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2018761-azeidin-elesin-korgen-zalgyz-men-emes-aqtobelik-turoperator-onirdegi-qupiyaga-toly-tylsym-zerler-turaly-aitty/