Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақтар туралы не білеміз: ел білмейтін деректер

Опубликовано:

Мәңгілік алау
Лаулап жанған "Мәңгілік алау". Көрнекі сурет: pixabay.com

Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жерінен 1,2 миллионнан астам жауынгер аттанды. Олардың жартысынан көбі майданнан оралмады. 9 мамыр - Жеңіс күніне орай бұл жазбамызда майдан шебінде ерлік көрсеткен тұлғалар жайлы айтамыз.

Жеңіске жету жолында Қазақстан халқының елеулі үлес қосқанына тарих куә. Қазақ жерінен соғысқа аттанған қанша жауынгер Кеңес Одағының батыры атағын алды? "Жеңіс солдаттары" кітабында берілген мәлімет бойынша 506 жауынгер Кеңес Одағының батыры атағына ие болды, оның төртеуі бұл атақты екі рет иеленді. Ал жүздеген майдангер "Даңқ" орденінің иегері атанды.

Ұлы Отан соғысының тарихында Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды қазақ жерінен шыққан батырлардың есімдері алтын әріппен жазылды.

Мыңдаған қазақ жауынгерінің арасында өшпес ерлік жасағанымен, атақ-даңққа ілікпегендері де бар. Отаны үшін жанын пида еткен батырлардың есімдері ұрпақтың жадынан ешқашан өшпеуге тиіс. Осы орайда "Жеңіс солдаттары" кітабында жазылған бірқатар майдангердің ерлігі жайлы мәліметтер ұсынамыз.

Қуандық Бәлкебаев соғысқа өз еркімен аттанды, Қызылтулы Балтық флотына түсті. А.Попов атындағы Красноштад байланыс мектебін аяқтағаннан кейін капитан-лейтенант, Кеңес Одағының Батыры Абрам Григорьевич Свердловтың басқаруындағы 2-дивизионның су астынан мина ататын кемелер отрядындағы бір кемеге радиотелеграфист болып тағайындалды. Осы қызметінде ол кеңес теңіз әскерінің Фин шығанағындағы Виргунд, Сескар және Тьютерс аралдарына түсуін радиобайланыспен қамтамасыз етуге қатысты.

1944 жылы қыркүйекте кеңестік су астынан мина ататын кемелермен Финляндиядан Балтық теңізіндегі немістердің портына қарай келе жатқан фашистердің қарауыл транспорттарына қарсы жанды күшпен және техникамен болған шабуылға қатысты. Шабуыл сәтті аяқталды, фашистердің 8 мың тонна су сиятын екі ірі кемесін суға батырды, бұл шабуылда ол өмірімен қоштаса жаздады. Қуандық Смағұлұлы болған кемеге жаудың снаряды тиіп, суға бата бастады, оның ішінде болғандардың барлығы мұзды суда қалып қойды. Оларды бірден құтқара алмады, себебі шабуылдау жалғасып жатқан еді, тек шабуыл аяқталғаннан кейін ғана оларды құтқарып алды.

Фин шығанағындағы операцияны сәтті жүргізгені үшін қатысушылардың барлығы "Нахимов" медалімен марапатталды.

Өкпесінің екіжақты қабынуына байланысты Қуандық Бәлкебаев алты ай бойы госпитальда емделді, денсаулығы өмір бақи нашарлады. Бұл жағдайды есіне алған жауынгер: "Ең бастысы, мен тірі қалдым және осы үшін тағдырыма алғыс айтамын!" - деген еді.

Сағадат Нұрмағамбетов 1942 жылы Түркімен пулеметшілер училищесіне бағытталды, оны тәмамдағаннан кейін 1943 жылы майданға келді, Солтүстік Кавказ, 3-Украин, 1-Белорусь майдандарының құрамында болып, Кубань, Украина, Батыс Белоруссия, Польша мен Германияны азат ету шайқастарына қатысты.

Сағадат Қожахметұлы жайында қызметтестері мен таныстары көп жылы сөз айтады. 301- дивизияның командирі, генерал-майор Антонов естелік кітабында былай жазған: "Нұрмағамбетовтың пулеметшілер ротасы фашистік шынжырларды жойды. Капитанның өзі де пулеметтен дұшпанның шынжырына оқ жаудырды".

Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлігі туралы марапаттық құжаттарында да айтылады:

"1945 жылғы 14 қаңтардағы жоюшы батальонның құрамында (Польша) Выборув селосы маңайындағы мықты бекінген жаудың қорғанысына жасаған шабуылы. Жаудың күші мен техникасын жоюға пулеметшілер ротасын үздік басқарды. Жаудың екінші жарты траншеясына қарсы шайқас кезінде, станокты пулемет есептен шыққанда, капитан Нұрмағамбетов батырлық пен ерлік көрсетіп, нысанашыны алмастырып, қарсыластың жаяу әскеріне орасан зор оқ жаудырды. Өзінің аймағында жаудың екі қарсы шабуылын тойтарып, 65 гитлершілдерді жойды, ал қалғандарын тым-тырақай қашырды".

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери қимылдарға қатысып, пулеметшілер взводын, пулеметшілер ротасын, атқыштар батальонын басқарған жауынгердің оқиғалары С.Қ.Нұрмағамбетовтың "Лицом к огню", "Надежный страж Социалистической Революции", "Мой передний край", "А в памяти нет тишины" атты кітаптарында суреттелген.

Сұлтан Жиенбаев Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1941 жылдың желтоқсан айында институттың екінші курсынан өз еркімен 100-жеке қазақ атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанады. Онда танкіге қарсы қарулар тобының командирі бола жүріп, Ржев, Великие Луки, Невель қалаларын азат етуге қатысқан. 1944 жылы үшінші рет ауыр жарақат алуына байланысты Қарулы күштер құрамынан босатылады.

Ұлы Отан соғысындағы қантөгістерде танытқан ерліктері үшін тоғыз жауынгерлік төсбелгілермен марапатталған. Солардың ішінде: екі мәрте Ұлы Отан соғысының 1-дәрежелі ордендерімен, Ресейдің "Ұлы Женіс" орденімен, "Ерлігі үшін", "КСРО шекарасын күзетудің үздігі", "Германияны жеңгені үшін", "1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі ерен еңбегі үшін" медальдары бар. Алматыға оралған соң Түркістан-Сібір теміржолының Алматы бөлімшесінде басшы болып еңбек жолын бастаған.

Қалампыр гүлі
Жеңіс күніндегі гүл шоқтары. Көрнекі сурет: pixabay.com

Рахымберді Аликов дивизия құрамында гвардиялық атанып, бірнеше мәрте жауынгерлік ерлік жасады. Курск иініндегі шайқастардың бірінде снайпер Аликов бейтарап шепке өтіп, ротаға бас көтертпей оқ жаудырып жатқан неміс пулеметшісін өлтірді. Осы ерлігі үшін ол жауынгерлердің ең жоғары наградаларының бірі – "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.

Кривой Рог қаласы түбінде ол ауыр жараланды. Госпитальда емделіп жатқанда оған мүгедектік беріп, тылда қалдырмақшы болды. Бірақ ол мұнымен келіспеді, өзінің дивизиясына қайта оралып, соның құрамында барлық жауынгерлік операцияларға қатысып бүкіл Еуропаны басып өтті. "Будапештті алғаны үшін", "Праганы алғаны үшін" медальдарымен наградталды, ал бұған дейін ол Украина мен Молдавияны азат ету шайқастарына қатысқан.

Асқар Закарин 100-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеуден Брестке дейінгі аралықты, әрі қарай Кенигсберкке дейін жүріп өткен, сосын Манчжуриядағы Квантун әскерін құлатуға қатысқан.

Асқар Закарұлы жауынгер қазақтарға арналған газеттің тілшісі болды. Мұнда ол өзінің әдеби қабілетін шыңдауға мүмкіндік алды. Көптеген қазақ жауынгерінің өмірі мен ерліктері туралы газет бетіне жазды. Олардың ішінде Мәншүк Мәметова да бар еді. Мәншүктің ерлігі жайында жазған мақаласы арқылы оны бүкіл Кеңес Одағы таныды.

Әлия мен Мәншүк ескерткіші
Шығыстың қос шынары – Әлия мен Мәншүк ескерткіші. Көрнекі сурет: kazgazeta.kz

397 фашистің көзін жойған мерген Төлеуғали Әбдібековтің ерлігі туралы stan.kz сайтында мынадай мәлімет баяндалған:

Биіктікке қарсы шайқастар болды. Олар бір аптадан астам уақытқа созылды. Осы уақытта снайпер Әбдібеков 19 немістің көзін жойды. Әйтеуір, кеңес әскері биіктікті қайтарып алды, бірақ немістер тыныш отырмай қарсы шабуылға шықты. Сол кезде 25 жау жауынгері дәл Төлеуғалидың жертасасына қарай бара жатады. Жаудың 25 сарбазына Төлеуғали жалғыз өзі төтеп беруі керек болды. Дала аңшысының қырағы көзі бірден оптикалық көздеуішке түседі. Әбдібеков нысананы дәл көздей алатын мерген болатын. Сонда ол жау әскерінің жақындағанын көріп, оларды көздей бастайды. Сөйтіп, өзіне жақындап қалған жау офицерлерін арты-артынан қарға құлатады. Ал олардың оққа ұшқанын көрген басқа немістер қорқа бастады. Жан-жағына жалтақтаған олар снайпердің қай жақтан атылып жатқанын түсінбей, сасқандарынан қаруды көздеймей-ақ оқ жаудыра бастайды. Ал снайпер үрейі қашқан немістердің әрқайсысын көздеп бір-бірден құлата берді.

Ақырында жау жауынгерлері снайпердің қайдан атып жатқанын анықтай алды. Сонда олар жерге жата қалып, оған оқ жаудыра кетті. Бірақ, олардың оғы Төлеуғалидің басынан өтіп кете барды. Қақтығыс осылай бірнеше минутқа созылды. Ұрыс алаңында оннан астам неміс әскері бір снайпершіге қарсы оқ атып жатты. Бірақ олардың саны кемігені болмаса Әбдібековке бір оқ та тигізе алмады.

Төлеуғали Әбдібеков
Мерген Төлеуғали Әбдібеков. Көрнекі сурет: stan.kz

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда қандай әскери мамандар дайындалды?

Батырлардың ерлігі жазылған "Жеңіс солдаттары" атты кітапта соғыс жылдарында Қазақстанда қанша әскери маман дайындалғаны туралы деректер берілген:

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен-ақ Қызыл Армия үшін офицерлік кадрларды күрт көбейту қажет екені бірден сезілді. Фашистік Германия тұтқиылдан ашқан қатыгез соғысқа офицер кадрларды әзірлеуде Қазақстан маңызды рөл ойнады. Соғыс басталар алдында Қазақстанда тек 1940 жылы негізі қаланған Алматы атқыш-пулеметшілер училищесі ғана болды.

1941 жылы училище армияға 2429 жас офицерді дайындап, 5 рет түлектерді оқытып шығарды. 1942 жылы 2869 офицер оқытылды, 1943 жылы – 154, 1944 жылы – 88 офицер дайындалды. Барлығы бұл училищені 6333 жас түлек бітірді.

Майданға жақын аудандарда орналасқан бірқатар әскери академиялар мен училищелерді Қазақстанға көшіруге байланысты елдегі әскери оқу орындары жүйесі елеулі түрде кеңейтіліп, кадрларды дайындау ауқымы да артты. Әскери оқу орындары әрекеттегі армияға командирлер мен басқа да кадрларды даярлау үшін барлық шараларды қабылдады. 1941 жылғы қыстың басында ұшқыштар әзірлейтін Селищенский, Серпуховский және Сталинград әскери училищелері мен авиамеханиктердің әскери мектептері Қазақстанға көшірілді:

  • 10 тамызда Петропавловскіге Селищенский (Новгород облысы) авиамеханиктер әскери мектебінің курсанттары мен командирлік-оқытушы құрамы келіп жетті. Бұл оқу орны 1941-1944 жылдары 2400 авиамеханик пен 400 мотористі дайындап шығарды;
  • 26 қазанда Серпухов авиамеханиктер әскери мектебі Қызылордаға көшірілді. Соғыс жылдарында ол 4097 авиамаман даярлады, оның ішінде 49 истребитель-ұшқыштарды, 3937 авиамеханикті және 111 авиамотористі дайындар шығарды;
  • 1941 жылдың 6 қарашасында Сталинград ұшқыштар әскери училищесі Қостанайға эвакуациаланды және соғыс аяқталғанша мұнда 2444 истребитель-ұшқыштар дайындалды.
  • 1942 жылдың ақпанынан 1943 жылдың сәуір айына дейін Гурьевте (қазір Атырау қаласы) әскери-жаяу училище жұмыс істеді. 1942 жылдың желтоқсанында ол алғашқы лейтенанттарды дайындады.

Сұрапыл соғысқа аттанған әрбір жауынгер өзінің тағдыры үшін ғана емес, келешек ұрпағы үшін қан майданда күресті. Бүгінде әр үйдің төрінде майдангер атаның суреті ілулі тұр десек қателеспейміз. Бейбіт күн күшін жан алысып, жан беріскен батырлар ерлігі ұрпақ жадынан ешқашан өшпеуге тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2019728-uly-otan-sogysynda-erlik-korsetken-qazaqtar-turaly-ne-bilemiz-el-bilmeitin-derekter/

pixel